Жаңа оқу жылына дайындық пысықталды

21 Шілде 2023, 20:27
16777
Бөлісу:
Жаңа оқу жылына дайындық пысықталды
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

ҚР Оқу-ағарту министрлігінде Мемлекет басшысының білім беру жүйесін дамытуға бағытталған тапсырмаларын іске асыру барысы және жаңа 2023-2024 оқу жылына дайындық жұмыстары талқыланған кеңес өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет басшысы еліміздің мектептерінде робот техникасы, физика, химия, биология, STEM пәндерінен 2023 жылы мың кабинет ашуды тапсырған болатын. Қазіргі күні бұл жұмыстарға қатысты еліміздегі мектептерде 307 кабинет ашылды. 248 кабинет бойынша жеткізу жұмыстары жүзеге асуда. 

1235 кабинет жабдықтарын сатып алу үшін конкурстық рәсімдер өткізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстардың төмендігі Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, ШҚО, БҚО және Түркістан облыстарында байқалуда, кеңес барысында аталған өңірлерге пәндік кабинеттерді ашу жұмыстарын жеделдету әрі сапалы орындау тапсырылды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда жыл сайын кемінде мың мектепті заманауи стандарттар бойынша жаңғырту жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде қазіргі күні елімізде 506 мектеп жаңғыртылды. Оның ішінде 107 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды, - делінген министрліктің ақпаратында.

185 орта білім беру ұйымында мектеп жиһаздары жаңартылды, 201 мектеп кітапханасы мен 119 мектеп асханалары жаңғырту жұмысынан өтті. 261 мектепке турникет, бейнебақылау, дабыл түймелері орнатылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Бұл бағытта Алматы, Атырау, Түркістан облыстарында көрсеткіш төмен. Қазіргі күні еліміздегі 250 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр, оның 90-ы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасымен жүзеге асуда. Алайда жаңа оқу жылына дейін 35 мектептің жөндеу жұмысы аяқталмауы мүмкін. 

Бұл Абай, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында орналасқан мектептер. Жаңа оқу жылына дайындықтың негізгі міндеттерің бірі – білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету. 

Бұл бағытта 14 өңір 100 пайыз баспалармен келісім шарт жасады. Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Атырау облыстарында келісім-шарт жұмысы енді аяқталса, Алматы қаласы, Түркістан, Алматы облыстарында баспалармен әлі келісім шарт жасалмады. Кеңес қортындысы бойынша барлық өңірлердегі білім беру басқармаларына Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау және жұмысты жеделдету жүктелді. Ал көрсеткіші төмен облыстарға олқылықтарды шұғыл жою шараларын қолға алу тапсырылды.

Өзгелердің жаңалығы