Жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды

19 Мамыр 2023, 15:54
612
Бөлісу:
Жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды
Фото: primeminister.kz

Алматыда өтіп жатқан «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» екінші экономикалық форумы аясында Премьер-министр Әлихан Смайылов Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо және Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Тереза Червинскаямен кездесулер өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ЕҚДБ басшысымен келіссөздер барысында ҚР-дағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, соның ішінде автожолдарды реконструкциялау, кәріз-тазарту құрылыстары мен энергетикалық қуаттарды жаңғырту мәселелері талқыланды.

Әлихан Смайылов Қазақстан Банкпен өзара іс-қимылдың стратегиялық сипатын және оның республиканың дамуына қосқан үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті.

Қазіргі уақытта біз экономикалық мәселелердің кең ауқымын қамтитын тығыз байланыстар орнаттық және оны одан әрі дамытуды көздеп отырмыз. Қазақстан мен ЕҚДБ арасындағы ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығаруға болатынына сенімдімін, — деді Премьер-министр.

Мәселен, жақын күндері ЕҚДБ Басқарушылар кеңесінің жыл сайынғы отырысы өтіп, оның шеңберінде Қазақстанға жеке инвестициялық сессия арналды. Әлихан Смайылов бұл шараның Қазақстан мен шетелдік серіктестер арасындағы инвестициялық ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Қазақстан Үкіметі ЕҚДБ-мен екіжақты мәселелердің кең ауқымы бойынша әріптестікті тереңдетуге дайын екенін растайды, — деп атап өтті ол.

Өз кезегінде Одиль Рено-Бассо ЕҚДБ Қазақстандағы жобаларға белсенді атсалысып жатқанын атап өтті.

Біз ынтымақтастығымызды одан әрі жалғастыратынымызға қуаныштымыз. «Жасыл» энергетиканы, жеке секторды және инфрақұрылымды дамыту жобалары біздің басымдықтарымыз болып қала береді. Сонымен қатар біз елдің банк секторын дамытуға әрі қарай өз үлесімізді қосатын боламыз, — деді Одиль Рено-Бассо.

Тереза Червинскаямен кездесуде көлік-логистика саласындағы және агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастық, атап айтқанда, инвестициялық және технологиялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Премьер-министр Қазақстан Еуропалық инвестициялық банктің біздің елмен ынтымақтастықты кеңейту ниетін жоғары бағалайтынын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстанда ЕИБ кеңсесінің ашылуы инвестициялық портфельді және Банктің өңірдегі қызметін айтарлықтай дамытуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Үкіметі ЕИБ-пен өзара мүдделі мәселелердің кең ауқымы бойынша әріптестікті тереңдетуге дайын екенін білдіреді. Ең басым бағыттардың бірі – «жасыл» экономиканы дамытуды ынталандыру, — деді Әлихан Смайылов.

Ол сондай-ақ ЕИБ-ті «жасыл» қаржыландыру және инновациялармен алмасу тұрғысынан Астана халықаралық қаржы орталығымен тығыз ынтымақтастық орнату мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

Өз кезегінде Тереза Червинская Қазақстанды экономикалық кооперация саласында жақсы серіктес ретінде танитынын атап өтті.

Біз бұл өңірде ұзақ уақыт жұмыс істеп келеміз және «жасыл» экономика бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді жоспарлап отырмыз. Бұл «жасыл» энергияны өндіру мен тасымалдауға, әртүрлі нысандар мен көлік саласының энергия тиімділігін арттыруға қатысты. Бұл тиісті инфрақұрылым қалыптастыруды және дамытуды қажет етеді. Біз сондай-ақ орта кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеуге дайынбыз, — деді Тереза Червинская.

Өзгелердің жаңалығы