Жаңа ереже: Жұмыссыздарды тіркеу мерзімі 13 күнге дейін ұзарды

6 Қараша 2026, 15:37
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 6 Қараша 2026, 15:37
6 Қараша 2026, 15:37
177
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмыссыздарды тіркеу тәртібі өзгерді. Енді пилоттық жоба аясында мансап орталықтарына жұмыс іздеп келген адамға ресми түрде жұмыссыз мәртебесі берілгенге дейін лайықты жұмыс табуға көмектесу үшін 13 күн беріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі BAQ.KZ тілшісіне бұл мерзім не үшін ұзартылғанын түсіндірді.

Мерзім 13 күнге дейін ұзарды

Еңбекмині қолданыстағы уақыт жұмыс іздеп келген азаматпен сапалы жұмыс жүргізу үшін жеткіліксіз екенін түсіндірді.

Мансап орталығының маманы ізденушінің кәсіби тәжірибесі мен дағдыларын зерттеп, профильдеу жүргізуі, оның қажеттіліктері мен тілектерін анықтауы, лайықты бос жұмыс орындарын таңдауы, жұмыс берушілермен байланыс орнатып, қажет болған жағдайда сұхбаттар ұйымдастыруы қажет.

«13 күн – бұл жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету үшін сапалы мансаптық сүйемелдеуге қажетті уақыт. Мансап орталығына жүгіну формалды тіркеу рәсімі болудан қалып, түпкілікті мақсаты жұмысқа орналастыру болатын толыққанды мансаптық бағытқа айналады», – деп хабарлады министрлікте.

Айта кететін жайт, мансап орталығының негізгі міндеті адамға жұмыссыз мәртебесін беру емес, оған лайықты жұмыс табуға көмектесу.

Егер 13 күн ішінде азаматты жұмысқа орналастыру мүмкін болмаса, ол жұмыссыз ретінде тіркеледі.

13 күн ішінде не істеледі?

Жұмыс ізденушіні профильдеуден басталады. Мансап орталығының маманы оның білімін, кәсіпқойлығын, кәсіби тәжірибесі мен дағдыларын, сондай-ақ еңбек жағдайлары мен жалақыға қатысты тілектерін зерттейді.

Осы ақпарат негізінде адамға лайықты бос жұмыс орындары ұсынылып, әлеуетті жұмыс берушілермен байланыс ұйымдастырылады.

Қажет болған жағдайда ізденушіге жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа да шаралары – кәсіби оқыту, субсидияланатын жұмыс орны, кәсіпкерлік бастаманы қолдау немесе ерікті түрде қоныс аудару ұсынылуы мүмкін.

Айта кетейік, мансап орталығында 13 күн ішінде адамға ұсынуға міндетті бос жұмыс орындарының нақты саны белгіленбейді.

«Ұсынылатын бос орындардың нақты саны өңірдегі еңбек нарығындағы жағдайға және ізденушінің бейініне байланысты. Бастысы – ұсыныстардың формалды саны емес, жұмысқа орналасуына нақты көмек көрсету. Азамат жұмыс іздеуге белсенді қатысып, ұсынылған нұсқаларды қарастыруы тиіс», – деп атап өтті министрлікте.

Ведомствода түсіндіргендей, тиімді жұмысқа орналастыру үшін адамды жай ғана жұмыссыз ретінде тіркеу жеткіліксіз.

Мансап орталығы профильдеу жүргізіп, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің жеке жоспарын әзірлеуі, бос жұмыс орындарын таңдауы, жұмыс берушілермен байланысып, сұхбаттар ұйымдастыруы және жұмыс іздеу барысында ізденушіні сүйемелдеуі қажет.

Ведомствоның есебі бойынша, қосымша уақыт бұл іс-шаралар кешенін азаматқа жұмыссыз мәртебесі берілгенге дейін де өткізуге мүмкіндік береді.

«Жұмыссыз ретінде тіркеу мерзімін екі аптаға дейін ұзарту мансап орталықтарына азамат жұмыс іздеуші адам мәртебесінде болған кезеңде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының толық кешенін жүзеге асыруға, жұмысқа орналастыру тиімділігін арттыруға, негізсіз тіркелген жұмыссыздар санын қысқартуға және азаматтар жұмыссыз мәртебесін алғанға дейін оларды жұмысқа орналастырудың басымдығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді министрлікте.

Осылайша, Еңбекмині бұл арқылы жұмысқа орналастыру тиімділігін арттырып қана қоймай, адамның лайықты жұмыс іздеу бойынша толыққанды жұмыстан өтпей, жұмыссыз мәртебесін алатын жағдайларын азайтуды көздейді.

Пилоттық жоба іске қосылды

Жаңа тетік 1 қазаннан бастап елдің барлық өңірінде жұмыс істей бастады. Жоба 2026 жылдың соңына дейін жалғасады.

Еңбекминінде түсіндіргендей, бұл кезең жаңа тәсілді жүйелі негізде одан әрі қолданар алдында сынақтан өткізу үшін қажет.

Айта кетейік, бұған дейін 2027 жылдан бастап жұмысынан айырылғандарға төлем беру мерзімі үш айға дейін қысқаратыны айтылды.

Наверх