2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем берілетін ең ұзақ мерзім алты айдан үш айға дейін қысқарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің түсіндіруінше, төлемнің қанша уақыт берілетіні азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Өзгеріс 2027 жылдың басынан күшіне енеді. Ал оған дейін әлеуметтік төлем қолданыстағы тәртіппен тағайындалады.
Сонымен қатар төлемнің ең жоғары мөлшері белгіленеді. Ол ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 45 пайызынан аспайды. Әр азаматқа төленетін нақты сома әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысы мен сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай есептеледі.
Аталған төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және тиісті құқығы бар азаматтарға беріледі. Оның мақсаты – адам жаңа жұмыс іздеп жүрген кезеңде жоғалтқан табысының бір бөлігін өтеу.
Көмек алу үшін қайда жүгіну керек?
Жұмысынан айырылған азамат алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі қажет. Ол үшін тұрғылықты жердегі Мансап орталығына баруға немесе eGov.kz порталы мен Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы өтініш беруге болады.
Өтініште азамат білімі, кәсіби дағдылары, еңбек өтілі және қандай жұмысқа орналасқысы келетіні туралы мәліметтерді көрсетеді. Мансап орталығының мамандары осы ақпарат негізінде лайықты бос жұмыс орындарын ұсынып, қолжетімді қолдау шаралары жөнінде кеңес береді.
Егер жұмыс табылмаса, азамат белгіленген талаптарға сәйкес жұмыссыз ретінде тіркеледі. Осыдан кейін оның жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі қарастырылады.
Жұмыссыз азаматтарға тағы қандай қолдау бар?
Азаматтың біліміне, кәсіби тәжірибесіне және өмірлік жағдайына қарай жаңа мамандық меңгеру, біліктілігін арттыру, «Жастар практикасына» қатысу немесе субсидияланатын жұмыс орындарына орналасу ұсынылуы мүмкін.
Сондай-ақ кәсіп бастауға және жұмысқа орналасу мақсатында басқа өңірге ерікті түрде қоныс аударуға көмектесетін бағдарламалар қарастырылған. Оларға қатысу әр бағдарламаның талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Қолдау шаралары туралы кеңесті тұрғылықты жердегі Мансап орталығынан алуға болады. Бос жұмыс орындары мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат Enbek.kz порталында жарияланады.