Жаңа емле ережесі тіліміздегі жазу сауаттылығын арттырады – Мархаба Тұрсынова

29 Қаңтар 2021, 15:39
3357
Бөлісу:
Жаңа емле ережесі тіліміздегі жазу сауаттылығын арттырады – Мархаба Тұрсынова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» КеАҚ Қазақ тілін дамыту және латын графикасына аудару орталығының жетекшісі, ҚР Үкіметі жанындағы Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның Орфографиялық жұмыс тобы мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мархаба Тұрсынова латын графикасындағы қазақ жазуы емлесіне қатысты пікірімен бөліскен еді.

Латын графикасына негізделген қазақ тілі емлесінің ережелері дауысты, дауыссыз дыбыс әріптерінің емлесі, түбір сөздердің емлесі, қосымшалардың жалғануы, бірге, бөлек, дефис арқылы жазылатын сөздер т.б. тараулардан тұрып, фонематикалық, фонетикалық, тарихи-дәстүрлі принциптерге негізделген. Емле ережелерінің жобасында бұрынғы ережемен сәйкес келетіні де, өзгеріске түскені де, жаңалығы да бар. Атап айтсақ, кірме сөздердің емлесінде ё әрпінің ö әрпімен, ц әрпі s әрпімен, щ әрпі ş әрпімен т.б. жазылатындығы игерілген сөздердің көбеюіне жол ашып отырса, ю, я әріптерінің жазылуында сөздің белгілі бір шеніндегі ерекшелігінің есепке алынуы, жіңішкелік белгісі бар буынға жіңішке дауыстылардың әрпінің жазылуы ереженің оңтайлы тұстары ретінде көре аламын. Сондай-ақ, ст тіркесімен аяқталған сөздердің соңғы әріптері түсіріліп жазылғанымен, бір буынды сөздердің соңында түсірілмей, қосымшаның дәнекер дыбыс арқылы жалғанатыны, -ов, -ев жұрнақтарымен келген кісі тегіне қосымшаның жалғануы мен –ин тұлғасымен келетін тектерге қосымшаның жалғануындағы ерекшеліктің көрсетілуі, ог дыбыс тіркесіне аяқталатын сөзге қосымша бұрынғыдай жіңішке емес, жуан жалғанатыны орфографиядағы қиындықтардың қатары азаятындығына дәлел бола алатындай,  - дейді ол. 

Ғалым кез келген сауатты адам жазу кезінде емле ережелерін сақтауға, стильдік дұрыс қолданыстарға баса назар аударып, ауызша сөйлеуде орфоэпиялық заңдылықтарды естен шығармау керектігіне көңіл бөлмей жатады. Күнделікті бір-бірімізге жазатын шағын хабарламаның өзінде емле ережелері мен тыныс белгісін қойып, сөйлеу кезінде қазақ тіліне тән әдемі әуезділікті сақтаса, тілге, жазуға деген құрмет болар еді деген пікірде.

Жаңа әліпби, жаңа жазу оңай болмағанымен, жаңа емлені меңгерген адам қиындықсыз жазатын болады. Қандай да істің бастамасы оңай емес екендігі сияқты жазуды ауыстыру, реформа жасау, сол жазуға тән келетін емле ережелерін құрастыру, ескіні екшеу, жаңалық енгізу – күрделі істердің бірі. Сол себептен де жаңа емле ережесі тіліміздегі жазу сауаттылығын арттырып, орфоэпия, орфография мәселелерін жөнге келтіретініне сеніміміз мол, - дейді ғалым.

Мархаба Тұрсынова Жетілдірілген әліпби нұсқасының халықаралық әліпби жүйесіне сәйкестігіне қатысты да ойын айтты.

Бүгінгі таңда кирилл әліпбиін қолданып жүргенімізбен, 2018 жылы бекітілген латын жазуына негізделген әліпбиді белгілі бір дәрежеде үш жылға жуық пайдаландық. Бұл әліпбидегі диакритикалық белгі ретінде алынған акуттың дауысты, дауыссыз дыбыстардың таңбаларына бірдей қойылуы, «бір дыбыс – бір әріп» принципіне сәйкес келмеуі, ш (sh) және ч (ch) әріптерінің қосар әріппен таңбалануы, ы (y) мен у-дың (ý) бірдей әріппен беріліп, тек акутпен ажыратылуы, й (ı) мен у-дың (ý) халықаралық қолданыстағы нұсқасымен сәйкес келмеуі сияқтылар акутты әліпбидің кемшін тұстары ретінде көрінді.

Осы орайда 2019 жылдың 21 қaзaнындa Мeмлeкeт бacшыcы Қacым-Жoмaрт Тoқaeв aкутты әлiпбигe өзгeрic eнгiзу турaлы пiкiрiн бiлдiріп,  тiл мaмaндaрына жaңa әлiпбидi жeтiлдiруге тапсырма бергеннен кейін қарқынды түрде жұмыс жүргенін айтып өткен жөн. Кешегі өткен Ұлттық комиссия отырысында таныстырылған әліпби – сол қарқынды жұмыстың жемісі, - деді ол.

Жетілдірілген әліпби «бір дыбыс – бір әріп» принципіне сәйкес және ә, ө, ү, ұ, ш, ғ дыбыстарын таңбалауда берілген диакритикалық белгілер сол дыбыстардың табиғатына сәйкестендірілген. Әліпбиде умлаут, седиль, бревис диакритикаларын пайдалану арқылы түркі тілдес халықтар әліпбиіне біршама жақындаған. Мысалы, ә, ө, ү дыбыстарын таңбалаудағы умлаутты латын әліпбиін білетін кез келген адам жіңішке дауыстымен байланыстыра алады.

Жетілдірілген әліпбиде у мен й дыбыстарын таңбалауда u және i таңбаларының алынуы көңілге қонымды болғаны рас, себебі қай кезеңде де ағылшын, неміс, француз тілдерін үйрену арқылы таныс болған латын алфавитіндегі u мен i көпшіліктің ұғымында кирилл әліпбиіндегі у мен й-дің көрінісі болып қабылданады. Басқа әріппен алмастыруға келмейтін a, b, d, e, k, l, m, n, r, t әріптері сияқты халықаралық қолданыста қалыптасқандардың қатарына у мен й-дің таңбасы ретінде u мен i орныққан әріптер ретінде қабылдайтынымыз белгілі. Қазіргі қолданыстағы й мен у халықаралық қолданыстағы тұрпатына сай келуі оқып, жазудағы біраз кедергіден арылтатыны аян. Мұның бәріне айналамыздағы жетілдірілген әліпбимен танысқан көпшілік пікірі арқылы да көз жеткізіп отырмыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы