Астана мен Ырғызды тікелей байланыстыратын жаңа автожолдың құрылысы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қостанай облысында республикалық маңызы бар 1Орталық – Батыс1 автожол дәлізінің құрылысы басталды. Бұл жоба Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр және елдің көлік инфрақұрылымын жаңарту мен транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Құрылыс бір уақытта екі нүктеде – Арқалық қаласы мен Жангелдин ауданына қарасты Торғай ауылында басталды. Жол "Астана – Жәнтеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ырғыз" бағыты бойынша салынып жатыр. Оның жалпы ұзындығы – 865 шақырым. Жаңа жол дәлізі елдің орталық бөлігін батыс өңірлермен жалғап, Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағытына (ТХКБ) шығуына жол ашады.
Сонымен қатар бұл бағыт Астана мен Ырғыз арасындағы арақашықтықты 573 шақырымға қысқартады. Құрылыс екі бағытта қатар жүріп жатыр: Арқалықтан Астанаға және Торғайдан Ырғызға қарай.
Жоба жол бойындағы елді мекендердің экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді. Сонымен бірге жол салу барысында экологиялық мәселелерге де назар аударылған. Киіктердің көшу аймақтарында арнайы еңіс жолдар қарастырылып, жануарлардың еркін қозғалысына мүмкіндік жасалады.