Жаңа Азаматтық кодекс құқықтық тұрақтылықты нығайтуға тиіс – сарапшы

Азаматтық-құқықтық реттеудің бүкіл жүйесін кешенді жетілдіруге бағытталуы қажет

 Ашық дереккөздерден 27 Қараша 2026, 10:29
27 Қараша 2026, 10:29
142
Фото: Ашық дереккөздерден
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөнінде бастама көтерді. Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының халықаралық құқық және салыстырмалы құқықтану бөлімінің аға ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының магистрі Әсемай Көптлеуова аталған реформаны жүзеге асыру барысында құқықтық сабақтастықты сақтаудың маңызына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшының пікірінше, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жекелеген нормаларды қайта қараумен шектелмей, азаматтық-құқықтық реттеудің бүкіл жүйесін кешенді жетілдіруге бағытталуы қажет.

Мұндай ауқымды заңнамалық жаңғырту барысында құқықтық сабақтастық қағидатын сақтау айрықша маңызды. Заңнаманы жаңарту қалыптасқан құқық қолдану тәжірибесінің негізсіз жойылуына, тиімді құқықтық тетіктердің өзгеруіне немесе қолданыстағы құқықтық қатынастарға қатысты белгісіздіктің туындауына әкеп соқпауы керек, – деді Әсемай Көптлеуова.

Оның айтуынша, азаматтық заңнама азаматтардың күнделікті мәмілелерінен бастап, күрделі мүліктік және корпоративтік қатынастарға дейінгі кең ауқымды саланы қамтиды. Сондықтан әрбір елеулі өзгерістің өзара байланысты нормаларға, қалыптасқан құқықтық институттарға және оларды қолдану тәжірибесіне ықпалын ескеру қажет.

Сарапшы жаңа нормалардың жүйелілігін қамтамасыз ету, құқықтық терминологияны біріздендіру, жалпы және арнайы нормалардың ара-жігін нақтылау, сондай-ақ өтпелі кезеңге арналған тетіктерді мұқият пысықтау маңызды екенін атап өтті.

Бұған қоса, жаңа кодексті әзірлеу кезінде сот практикасын, қолданыстағы заңнаманы қолдану барысында анықталған олқылықтар мен қайшылықтарды ескеру қажет.

Жаңа Азаматтық кодекстің тиімділігі өзгертілген баптардың санымен емес, оның қолданыстағы мәселелерді қаншалықты жүйелі шешетінімен, өзін ақтаған құқықтық тәсілдерді сақтай отырып, болашақтағы қатынастар үшін түсінікті әрі тұрақты қағидалар қалыптастыруымен бағалануға тиіс, – деді заң ғылымдарының магистрі.

Әсемай Көптлеуованың пікірінше, азаматтық заңнаманы жаңғырту барысында жаңашылдық пен құқықтық сабақтастықты ұштастыру қажет. Сонда ғана жаңа кодекс азаматтық айналымның тұрақтылығын қамтамасыз етуге, құқықтық реттеудің сапасын арттыруға және азаматтық заңнамаға деген сенімді нығайтуға мүмкіндік береді. 

Наверх