Қазақстанда жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу барысында бұрын жасалған шарттардың құқықтық тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды. Бұл туралы ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Экономика және әлеуметтік сала салаларының заңнамасы бөлімінің аға ғылыми қызметкері Айбар Сейдімбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу бастамасын қолдайтынын жеткізді. Оның пікірінше, бұл азаматтық заңнаманың мазмұнын жаңартумен ғана шектелмейтін, жаңа нормаларды қолданысқа енгізу тәртібін мұқият айқындауды талап ететін ауқымды міндет.
Әсіресе жаңа Кодекс күшіне енгенге дейін жасалған шарттардың құқықтық тағдырына ерекше назар аудару қажет.
Азаматтық айналымда бірнеше жылға есептелген жалдау, тауар жеткізу, қарыз, мердігерлік және басқа да ұзақ мерзімді шарттар бар. Мұндай шарттардың талаптары олар жасалған кездегі заңнамаға, тараптардың экономикалық есептеріне және өздері қабылдаған тәуекелдерге негізделеді, – деп жазды Айбар Сейдімбек Facebook парақшасында.
Сарапшының айтуынша, жаңа заңнамалық нормаларды бұрын қалыптасқан қатынастарға нақты өтпелі ережелерсіз қолдану шарттық міндеттемелердің тұрақтылығына және азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтық мүдделеріне кері әсер етуі мүмкін.
Қазіргі заңнамада осыған қатысты маңызды кепілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, Азаматтық кодекстің 4 және 383-баптарына сәйкес, азаматтық заңнаманың кері күші болмайды. Сондай-ақ заңнамада өзгеше тікелей көзделмесе, міндетті заңнамалық талаптар өзгерген жағдайда да бұрын жасалған шарттардың талаптары сақталады.
Айбар Сейдімбек жаңа Кодексті әзірлеу барысында осы құқықтық қағидатты сақтап қана қоймай, оны іске асыру тетіктерін де нақты белгілеу қажет екенін атап өтті.
Оның пікірінше, бұрын жасалған шарттарға қандай нормалар қолданылатыны, жаңа Кодекс күшіне енгеннен кейін туындайтын құқықтар мен міндеттердің қалай реттелетіні және қандай ерекше жағдайларда жаңа талаптардың бұрын қалыптасқан қатынастарға қолданылатыны нақты айқындалуға тиіс.
Сонымен қатар сарапшы құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз ету заңнаманы жаңартуға кедергі болмауы керек деп есептейді. Қоғамдық мүдделерді қорғау немесе елеулі құқықтық тәуекелдерді жою мақсатында заң шығарушы арнайы талаптар белгілей алады. Алайда мұндай шешімдер түсінікті, негізделген әрі азаматтар мен кәсіпкерлер үшін алдын ала болжамды болуы қажет.
Жаңа Азаматтық кодекстің сапасы оның нормаларының мазмұнымен қатар, қолданыстағы құқықтық реттеуден жаңа жүйеге көшу үдерісінің қаншалықты сауатты ұйымдастырылатынымен де айқындалады деп есептеймін. Құқықтық реформа тараптардың бұрын қабылдаған міндеттемелеріне қатысты белгісіздік туғызбай, ертеңгі күнге деген сенімді нығайтуы қажет, – деп түйіндеді сарапшы.