Жан-жақты ойлануы керек. Психолог депутаттың әйелдерді жауапқа тарту туралы ойы жайлы

3 Қазан 2023, 16:18
851
Бөлісу:
Жан-жақты ойлануы керек. Психолог депутаттың әйелдерді жауапқа тарту туралы ойы жайлы
Фото: Артём Чурсинов - архив

Халық сайлаған адам бола тұра мұндай ой айтқаны біртүрлі, кішкене жан-жақты ойлануы керек. Бұл пікірді отбасы психологы Ержан Мырзабаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еске сала кетсек, Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай «жанжал шығарғаны үшін күйеуімен қоса әйелін де жауапқа тарту қажет» деп айтқан болатын. Депутаттың сөзінше, отбасында жауапкершілікті тең бөлу керек. Кейде ер азаматтарға да буллинг жасалады.

Қоғамда көріп жүргеніміздей, әйелдер де ерлеріне қысым жасайды. Бірақ, мұндай деректер көп емес. Әйелдерді қамасын, оларға айыппұл салсын дегенді мен заңға енгізуге ұсыну үшін айтып отырған жоқпын. Менің айтқым келгені, жауапкершілік, отбасыдан ажыраудың салмағы... Мысалы, оқшауланған ер азамат қандай күйге түсетінін өздеріңіз білесіздер. Сол секілді әйел адамға да «қаласам қамата салам» деген дүние емес, «отбасыма қайта қосыла алмай қалам-ау» деген қауіп бар, - деді Амантайұлы.

Ержан Мырзабаев мұндай мәлімдеме жасамас бұрын ойлануы керек еді дейді.

Негізі мұндай ойды айту үшін біраз ізденіп, зерттеу жүргізілуі тиіс. Бұлай айтқанына таңғалдым. Біріншіден, логикалық жағынан қарастырсақ, зорлық жасаушы агрессордың сылтауы «мені арандантты, провокация жасады» деген сөз болмақ. Екіншіден, эмпатиялық жағынан алсақ, біз адамбыз, жалпы анамыз, қарындастырмыз бар. Мәселен, сіздің қызыңыз тұрмысқа шықты, уақыт өтіп күйеуінен қорлық көрді, кейін қызыңызды провокация жасады деп күйеуімен 15 тәулікке қамап қояды. Үшінші, - мәселенің әлеуметтік жағы. Екеуі де қамауда отырса, үйде кім жұмыс істейді? Кім балаларға қарайды, деген мәселе...?, - деді психолог.

Өзгелердің жаңалығы