Жамбылдық орманшылардың жалақысы жүз пайызға көтеріледі

29 Мамыр 2023, 09:10
618
Бөлісу:
Жамбылдық орманшылардың жалақысы жүз пайызға көтеріледі

Жамбыл облысы бюджетінің жыл басынан бергі кірістері 615,7 млрд теңге болған. Мұны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, 58 млрд теңгеге асыра орындалғаны байқалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аймақ әкімінің орынбасары Нұржан Календеровтің айтуынша, осы уақыт аралығында бюджет шығындары 607,9 млрд теңгені құраған. Бұл да былтырғы жұмсалған қаржыдан 50,4 млрд теңгеге артық. Өңірдің даму бюджеті 102,7 млрд теңге десек, ол облыстың өзекті мәселелерін шешуге бағытталды. Әлеуметтік сала шығындары – 400,4 млрд теңге, яғни жалпы шығындардың 66 пайызын құрайды.

Әлеуметтік салаға кеңірек тоқталар болсам, ағымдағы жылы Жамбыл облысының білім саласына 317,7 млрд теңге қаражат қарастырылды, бұл облыс бюджетінің 52,2 пайызына тең. 2020-2023 жылдары 44 мыңға жуық педагогтің жалақысы 100 пайызға, яғни 2 есеге өсті. Республикалық қазынадан бұл мақсатқа 123,7 млрд теңге бөлінді. Жалпыға міндетті білім беру қоры есебінен көп балалы және аз камтылған отбасылардан шыққан 48 671 баланы ыстық тамақпен, киім-кешекпен және жазғы сауықтыру лагерлерімен қамтамсыз етуге 5,7 млрд теңге көзделіп отыр, - деді Нұржан Сәбитұлы.

Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен аз қамтылған отбасыдан шыққан, 1-4 сыныптарда оқитын 70 639 баланы және мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленетін 11 326 баланы ыстық тамақпен қамту мақсатында 3 млрд теңгеге жуық қаржы қаралғанын атап өтті. Сондай-ақ Тараз қаласында орналасқан Президент резиденциясы жергілікті әкімдікке беріліп, балалар үшін жыл бойы жұмыс істейтін 40 орындық «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығын ашуға 610,8 млн теңге жұмсалған.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде аймақтағы 17 білім беру нысанында 4,4 млрд теңгені құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 15 мектеп, 1 балабақша, 1 колледж бар. Мектептерді жаңғырту аясында 30 мектепті модификациялық кабинеттермен және білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бюджеттен 2,3 млрд теңге бөлінген.

Қазіргі таңда Жамбыл облысы аумағында 25 білім нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Мұның қатарында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Байзақ ауданында 1200 орындық 2 мектеп, Қордай ауданында 600 орындық 2 мектеп, Тараз қаласында 5000 орындық 4 мектеп бар екенін атап өткен жөн. Жылдың соңына 14-і пайдалануға берілетін болады. Бұл мақсатқа 19,3 млрд теңге бөлініп отыр. Нәтижесінде 4 310 орынды құрайтын 5 орын тапшылығы бар, 5 тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешіліп, 4 мектепке қосымша акт залы, спорт зал, асхана салынатын болады, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Ол денсаулық сақтау саласы шығындарына 13,5 млрд теңге жоспарланғанын да жеткізді. Осы қаражат аясында 20 денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы шеңберінде 1,7 млрд теңгеге 10 медициналық мекеменің құрылысы, 1,5 млрд теңгеге 10 нысанның күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Нәтижесінде, денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейі 52,4 пайыздан 36,7 пайызға дейін төмендейді екен. Бұдан бөлек, халықты сапалы медициналық қызметпен қамту мақсатында 3 ауданда (Байзақ, Қордай, Жуалы) орталық ауруханалар құрылысы мен тағы 3 ауданда (Меркі, Шу, Талас) көпбейінді ауданаралық ауруханаларды қайта жаңғырту жобаларының құжаттары әзірленуде.

Бұл саланы қажетті жабдықтармен жарақтандыруға да бөлінген қаржы көлемі жылдан жылға артып келеді, биылға 3,8 млрд теңге қаралып отыр. Бұған қоса, медициналық көмек көрсетуді жетілдіру мақсатында 10 аудандық ауруханаға 20 дана реанимобиль алу үшін 390 млн теңге, 20 дана санитарлық автокөлік алу үшін 261,2 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде, саланың медициналық техникамен жабдықталу деңгейі 91,9 пайыздан 96,6 пайызға дейін ұлғаяды деп күтілуде. Медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыра отырып, қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін 1236 маманды оқытуға 27,5 млн теңге жұмсалмақ. 10 дәрігерді шетелде оқытуға 5,2 млн теңге жоспарланды. Ал, осы салаға келген 67 маманды қолдау шараларына 53,6 млн теңге бөлінді, яғни әр маманға 800 мың теңгеден көтермеақы төленеді, - деп түсіндірді Нұржан Календеров.

Жауапты шендінің сөзінен белгілі болғаны, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен қамтуға 3,5 млрд теңге қаралған. Осының ішінен орфандық ауруларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 638,8 млн теңге, целиакия ауруы диагнозы қойылған балаларға арналған тамақтану глютенсіз өнімдерін сатып алуға 19,5 млн теңге бағытталды. Азаматтардың елді мекеннен тыс аймақтарда емделуі үшін тегін және жеңілдетілген жол жүрумен қамтамасыз етуге 36,5 млн теңге жоспарланып қойған.

Нұржан Сәбитұлы спорт саласына 13,3 млрд теңге бағытталғанын атап өтті. Осы қаржыдан 6,9 млрд теңге саладағы 2 872 маманның айлық жалақысына жұмсалады. Ал мемлекеттік спорттық тапсырысқа қаралған 1,2 млрд теңгеге 119 спорттық үйірме ашылған. Оларда 6 818 балаға спорттың 17 түрінен ваучер берілді.

Бүгінге 23 спорт нысанының құрылысы салынып жатыр. Оның 16-сы биыл пайдалануға берілетін болады, ол үшін 3,5 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейін 59 пайызға, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар үлесін 42 пайызға жеткіземіз, - деген облыс әкімінің орынбасары мәдениет саласында да оң өзгерістер бар екенін алға тартты.

Мәселен, бұл салаға биыл 11,9 млрд теңге бөлініп, 1,5 млрд теңгеге 14 нысанның құрылысы және 424,3 млн теңгеге 4 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осыдан соң халықты мәдени инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 84,8 пайызға жетеді екен. Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде 1,1 млрд теңге қарастырылып, 208 үйірмеге 4-17 жас аралығындағы 6 725 бала қатысуда. Мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға 320,5 млн теңге қарастырылғаны тағы бар.

Әлеуметтік саланы да әңгімелеген Нұржан Календеров 2023 жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 13,5 млрд теңге бөлінгенін жеткізді. Оның ішінде жалақыны ішінара субсидиялауға – 262,6 млн теңге, қысқа мерзімді кәсіби оқытуға – 201 млн теңге, жастар практикасына – 3 780,6 млн теңге, күміс жасқа – 479,4 млн теңге, ақылы қоғамдық жұмыстарға – 6 828,5 млн теңге, алғашқы жұмыс орны жобасына – 712,9 млн теңге, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында қайтарымсыз гранттар беруге 1,5 млрд теңге жоспарланған.

Осы шаралардың нәтижесінде 54,2 мың адам жұмыспен қамтылады. Мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін 1,7 млрд теңге бөлінді. Бұдан бөлек, 3 әлеуметтік нысанның құрылысына 3 млрд теңге көзделсе, жыл соңында Тараз қаласында 150 орындық мүгедектерді оңалту орталығының, әлеуметтік бейімдеу орталығының және Шу ауданы Төле би ауылында 48 орынға арналған балаларды оңалту орталығының құрылысы бітетін болады. Сонымен қатар 563,4 млн теңгеге 7 әлеуметтік мекемеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, - деді аймақ басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласына жалпы сомасы 35,9 млрд теңге жоспарланды. 27,4 млрд теңге субсидия бөлініп, 8 мыңға жуық шаруашылық субсидиямен қамтылады деп күтілуде. Сала нысандарын дамытуға, яғни 15 жобаға 5,2 млрд теңге қаралса, жыл соңына дейін 11 жобаны аяқтау көзделіп отыр. Мұның ішінде суармалы егістік алқабын ұлғайту мақсатында 2 каналды қайта жаңғырту, 2 су жинау тоғанының және 1 қысымды су құбырының құрылысы аяқталады.

Табиғатты қорғау саласына 3,9 млрд теңге қаралып, оның 2,2 млрд теңгесі саладағы 1018 маманның жалақы қорына бағытталды. Табиғатты қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторларының және жануарлар дүниесін қорғау, ормандарды қорғау, өсімін молайту және орман пайдалану жөніндегі 446 маманға шілдеден бастап денсаулыққа және өмірге зиян келтіру қаупімен байланысты жұмыс үшін лауазымдық ақыдан 100 пайыз көлемде айлық төлеуге республикалық бюджеттен 294,2 млн теңге қаралды, - деді Нұржан Сәбитұлы.

Ол ветеринария саласына 4,5 млрд теңге бағытталып, оның 3,5 млрд теңгемен эпизотияға қарсы шаралар қамтылатынын айтты. Биыл осы саладағы 1281 маманға патогендік биологиялық агенттермен жұмыс істегендері үшін 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап негізгі жалақысына үстеме 50 пайыз төлеуге республикалық бюджеттен 679 млн теңге қаралған.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары өңірде 2019 жылдан басталған «Ауыл аманаты» жобасы өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетіп жатқанын еске салды. Жоба басталғалы 18,3 млрд теңге несие беріліп, 24 ауылдық округтегі 4 мыңға жуық адам өз кәсіптерін бастап кетіпті. Биылға қосымша 24 млрд теңге тағы бөлініп отыр. Оған қосымша 26 ауылдық округтегі 5 мыңға жуық тұрғын несиелендірілмек. Яғни, тұрғындар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Бұдан бөлек, осы жоба іске асқан елді мекендерді әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл аманаты» жобасына енген 24 ауылдық округтің инфрақұрылымына 9,5 млрд теңге бөлініп, 183 жоба іске асып жатыр. Нәтижесінде, елді мекендердің әлеуметтік игіліктермен қамтылу деңгейі 57 пайыздан 63,2 пайызға жететін болады.

2019-2022 жылдар аралығында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасымен қамтылған 24 ауылдық округтегі 58 ауылда осы жылдары 34,2 млрд теңгеге 240 жоба іске асырылды. Тұрғын үй құрылысы аясында 13,2 млрд теңгеге 3 929 пәтерлі 74 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, жыл соңында тағы 2 564 пәтерлі 45 үй пайдалануға берілетін болады. Мұның ішінде 1 948 пәтерлі 34 үй кредиттік болса, 616 пәтерлі 11 тұрғын үй кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарға пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтағы, көп балалы отбасыларға 7,6 млрд теңгеге 797 пәтер сатып алу көзделуде, - деді Нұржан Календеров.

Ол аймақ жастарының баспана мәселесін шешу мақсатында «Әулиеата жастары» атты өңірлік бағдарлама іске қосылғанын атап өтті. Оның аясында 2 млрд теңгеге 140 жасқа пәтер кілтін беру жоспарда бар. Былтыр 40 жас отбасы 500 млн теңгеге салынған баспаналарды еншілеген. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 3,3 млрд теңгеге 44 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді. Ал, 42 көппәтерлі тұрғын үйдің аулаларына ойын алаңшалары, осының ішінде Тараз қаласында 4 футбол алаңшасы іске қосылады екен. Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту аясында 1 млрд теңгеге 77 инженерлік инфрақұрылым нысанын іске асырып, 869 жер учаскесін тарату көзделіп отыр.

Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 13,6 млрд теңгеге 54 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, 32 елді мекен, яғни 31,3 мың адам қамтылып, сапалы ауыз суға жеткен тұрғындардың үлесі 92 пайыздан 96,5 пайызға дейін артады. Сол сияқты, газбен жабдықтау бойынша 16 жобаның құрылысына 11,8 млрд теңге жоспарланып, нәтижесінде биыл 18 елді мекен – 19,7 мың адам табиғи газға қол жеткізеді. Осылайша, аймақты газбен қамту үлесі 90,2 пайыздан 92 пайызға жеткіземіз. Автомобиль жолдарының сапасын арттыруға да 24,7 млрд теңге бөлінді. Оның 1,8 млрд теңгесіне Тараз қаласында Саңырақ батыр, Шостакович, Мәмбет батыр және Ташкент көшелерін жаңғырту аяқталады. Сонымен бірге Бурыл А, Б, В тұрғын алқаптарына асфальт төсеу жұмыстары басталады. Сондай-ақ, Талас ауданы Қаратау қаласындағы Шахтер мен Б.Момышұлы көшелерін қайта жаңғырту жүргізіледі, - деді Нұржан Сәбитұлы.

Әкімдік өкілі 21,1 млрд теңгеге облыстық, аудандық және ауыл ішілік жолдарды жөндеу бойынша 479 жоба іске асатынын мәлімдеді. Нәтижесінде, 3,3 шақырым көше жолдары құрылыспен, 11,4 шақырым жол қайта жаңғыртумен және 777,3 шақырым жол орта жөндеумен қамтылып, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 97 пайыздан 98 пайызға дейін жетеді.

Шенеуніктің сөзінен ұққанымыз, «Ауыл – ел бесігі» жобасының арқасында Жамбыл облысының 239 елді мекені даму әлеуеті жоғары болып іріктелген. Осы елді мекендерде халықтың өмір сүру деңгейін өңірлік стандарттарға жеткізу үшін ағымдағы жылы 94 елді мекенде 275 жобаны іске асыруға 15,3 млрд теңге тағы бөлінген. Жалпы осы қаржыға 6 мектепке жапсарлас ғимараттың, 17 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің, 15 мәдениет үйінің, 6 денсаулық сақтау нысанының, 1 қосалқы электр станциясының құрылыс жұмыстары және 7 білім нысанын газбен қамту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, 8 әлеуметтік нысан қалпына келтіріліп, 308 шақырымға жуық ауылішілік көшелер орташа жөндеуден өтетін болады.

Осы жұмыстарды жүзеге асыру нәтижесінде 920 жұмыс орны құрылады. Ауылға жұмыс істеуге келген жастарды қолдау ерекше назарда. Өткен жылы «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында 291 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 1,3 млрд теңге несие берілген болатын. Аудандық бюджеттердің есебінен 511 маманға 156,8 млн теңге біржолғы көтерме жәрдемақы тағы төленді. Ал биыл 204 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 1,1 млрд теңге бюджеттік несие, 525 маманға 188 млн теңгеге біржолғы көтерме жәрдемақы төлеуді жоспарлап отырмыз, - деп түйіндеді сөзін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы