Жамбылдық жол сақшылары екі күнде 865 хаттама толтырды

19 Қазан 2020, 19:45
2043
Бөлісу:
Жамбылдық жол сақшылары екі күнде 865 хаттама толтырды
Фото: автордан

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жол қателікті кешірмейді. Бірақ соны біле тұра жол ережесін бұзатындар қатары өкінішке орай азаймай отыр. Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов осылай дейді.

Оның сөзінше, соңғы жылдары жеңіл автокөлік санының артқанын Тараз қаласындағы жол кептелістерінен-ақ аңғаруға болады. Әсіресе таңертеңгі, түсте және кешкі уақыттарда орталық көшедегі бағдаршамдардың алдында ұзақ-сонар созылған көлік кептелісі қалыпты жағдайға айналған. Көлік санының артуымен қатар жол ережесін бұзу фактілері де жиілей түскен. Әсіресе, Төле би көшесі бойында соғысып қалған жеңіл автокөліктер жиі тіркеледі. Осының барлығы сайып келгенде жүргізушілердің жол ережесін сақтамауынан орын алып отыр.

Өңірдегі жол көлік оқиғаларының санын азайтып, жүргізушілерді тәртіпке шақыру мақсатында құқықтық тәртіп жедел профилактикалық шарасын ұйымдастырдық. Ол қазан айының 13-де басталып, бір аптаға созылады. Оған аймақтағы барлық патрульдік полиция қызметкерлері қатыстуда. Тараз қаласы мен аудандарда рейдке екі жүзден аса полиция қызметкері мен 60 жеңілавтокөлік тартылған. Олар жол қауіпсіздігі ережесін сақтамаған жүргізушілерді тәртіпке салып қана қоймай, қоғамдық орындарда заң бұзған бұзақыларды құрықтап, түнгі уақытта ата-анасының бақылауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтау үстінде. Сонымен бірге басқа да тәртіпсіздіктердің, бұзақылықтардың алдын алуға жұмылдырылады. Бұл үшін жақын аудандардан қосымша күш шақырып, қала көшелерінде рейдтік шаралар барынша күшейтілді, - деп атап өтті Жанат Сүлейменов.

Тараз қаласында өткен түнгі рейдте шыққан патрульдік полиция ботальонының аға лейтенанттары Нұрғазы Мырзақұловтың айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар жүргізушілерді тәртіпке шақырады.
Менің осы салада жұмыс істеп келе жатқанымызға бес жыл болды. Қазір адамдар асығыс. Біз оларды түсінеміз. Біреуі жұмысқа жетуге, енді бірі үйіне асығады. Сөйтеді де байқамай қалады. Біз тоқтатқан кезде неге ереже бұздыңыз десек кейбіреулері түсіндіре алмайды. Негізі көбінде абайсызда жасалады. Арасында жол ережесін білмейтіндер де кездеседі. Қазір көлік жүргізуші куәлігін алу оңай болып кетті ғой. Мәселенің кілті сол оқу курстарында жатқан сияқты. Егер бұрынғыдай көлік жүргізуді оқытатын курстарда балалар тәжірбиені көбірек өтсе, жол ережесін білмей бұзатындар аз болар ма еді деп ойлаймын, - деді ол.
Ал Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова осы профилактикалық шара арқылы өңір тұрғындарының құқықтық мәдениетін арттыруды көздеп отырғандарын жеткізді. Оның пайымынша, қазір көп жүргізушілер жол ережесін бұзбауға тырысады. Дегенмен арасында жол ережесіне пысқырып қарамайтындар да бар көрінеді.
Бұл шара арқылы оларды тәртіпке шақырмақпыз. Бір рет айыппұл арқалаған адамның отбасы бюджетіне салмақ түсері анық. Екінші қайтара айыппұл арқалағысы келмеген жүргізуші аяғын тартып, ережеге бағынатын болады. Түптеп келгенде біз қала халқын тәртіпке үйретуіміз керек. Мәселен, Шу ауданында патрулдік полиция батальоны екі жарым тәулік жұмыс істеп 865 хаттама толтырған. Бұл деген рекордтық көрсеткіш. Бір жағынан Шу ауданында көлік ағыны көп, екіншіден ол ондағы тәртіптің қаншалықты босаңсып кеткенін көрсетеді. Алда полиция департаменті мұндай профилактикалық шараларды жиі өткізуді жоспарлауда. Қалай дегенмен, қауіпсіздік өзіңе, одан кейін отбасыңа қажет. Бұл тұрғыдан келгенде мұндай рейдтік шаралардың қоғамға тигізер пайдасы көп, - деді ол.
Тараздық такси жүргізушісі Айдын деген азамат өзінің отыз жылдан бері көлік жүргізіп келе жатқанын жеткізді. Ол көбінде жол ережесін қымбат көлік мінген жастар бұзады деп санайды.
Артыңнан келсе әй шайға қарамай, қарсы бетке өтіп, басып оза шығады. Тіпті көпшілігі жол бойындағы белгілерге қарамайды да. Менің ойымша, олар жүргізушілер дайындау курсында оқып-білім алған болса қарапайым жол жүру ережелерін бұзбаған болар еді. Сондай-ақ қазір көп жүргізушілер жолда бірін-бірі сыйламайтын болған. Жол апатының барлығы да осыдан, біріншіден – жол ережесін білмеуден, екіншіден – тәртіптің жоқтығынан орын алуда. Мына рейд басталғалы төрт күннен бері қала көшелеріндегі көлік қозғалысы ретке келіп, жүгенсіз жүргізушілер аяқтарын тартып қалды. Рейдтік шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса жұрт тәртіпке үйренеді, - дейді тәжірибелі таксист.

Өзгелердің жаңалығы