Жамбылдық дәрігерлер алақаны бөлініп қалған жігітті аман алып қалды

20 Қазан 2020, 04:25
1247
Бөлісу:
Жамбылдық дәрігерлер алақаны бөлініп қалған жігітті аман алып қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының жарақат пунктіне 30 жастағы тұрғын қансырап, ауыр халде келіп түскен, деп хабарлады Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Азамат циркулярлық арамен ағаш кесіп жатқанда, қолы құрылғының астында қалған. Соның салдарынан алақаны екіге бөлініп, түсіп қалған. Қасында ешкім болмаған соң, біраз уақыт есінен танып жатып көп қан жоғалтса керек. Абырой болғанда, сол маңнан өтіп бара жатқан танысы көріп, жедел жәрдем шақыртады. Ер адамға қалалық көпбейінді ауруханасында шұғыл түрде 4 сағат бойы ота жасалып, нәтижесінде алақанының қалған жарты бөлігі мен саусақтары аман қалды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Сәтін салып, ажалдан аман қалған азаматтың дәрігерлерге деген ризашылығы шексіз.

Ағаш кесіп жатып, араның тигенін және оң қолымның алақаны бөлініп түсіп қалғанын білемін. Басқасы есімде жоқ. Өзімді өлдіге санадым. Үмітім үзілген еді, бүгінде дәрігерлердің арқасында қайтадан өмірге деген құштарлығым оянды, - дейді тұрғын.

Қазір науқастың жүйке жүйесі қалпына келіп жатыр.

Отаның нәтижесі жақсы болады деген үмітіміз арта бастады. Бәрі ойдағыдай болса, аяқ киімінің бауын байлап, қайта қасық ұстай алатын болады. Әдетте, мұндай жарақат кезінде дене мүшесін алып тастаудан басқа амал жоқ. Бірақ науқастың уақыт оздырмай, бізге жеткізілгені үлкен септігін тигізді. Осындай жарақаттардың көбі – болгарка арасын дұрыс пайдаланбаудан болып жатады. Ол теріні жыртып кетеді. Сондықтан оны ұстағанда аса абай болған жөн, - дейді жарақат пункінің меңгерушісі Олег Шайюнусов.

Жалпы техниканы қолдану барысында қауіпсіздік шараларын сақтамау салдарынан мұндай жағдайлар жиі орын алып тұрады. Техникалық құрал-саймандарды және электр қондырғыларын пайдаланған кезде қауіпсіздік қағидаларының сақталмауынан адамдар, көбіне, орны толмас өкінішті жағдайларға душар болып жатады. Сондықтан, сақтанған – сақ болатынын ұмытпаған жөн.

Өзгелердің жаңалығы