Жамбылдағы жарылыс: Қаза тапқан әскерилердің отбасына қандай көмек көрсетіледі?

28 Тамыз 2021, 17:10
9558
Бөлісу:
Жамбылдағы жарылыс: Қаза тапқан әскерилердің отбасына қандай көмек көрсетіледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Сарыкемер ауылында Жамбыл облысындағы жағдайға қатысты журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Қаза болған әскери адамдардың отбасына нақты қанша қаражат беріледі, үй, пәтер беру мәселесі қарала ма? Сондай-ақ әскери қызметшілерді наградаға ұсыну туралы шешім қабылданды ма? – деп журналистің бірі сұрақ қойды.

Министр былай деп жауап берді.

Қаза тапқан әскери қызметшілер және өрт сөндірушілер - шын мәнінде наградаға да, басқа да қолдауға, мақтанышқа лайық. Сондықтан бұл Президенттің және Елбасының тапсырмасына, заңға сәйкес жүргізіледі. Әрине олардың отбасына, бала-шағасына жан-жақты көмек, әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Қарулы Күштердің, Қорғаныс министрлігі тарапынан көмек көрсетіліп жатыр, - деп айтты Ермекбаев.
Оның сөзінше, қаза тапқан әскери қызметшінің отбасына көрсетілетін қаржылай көмектің нақты есебі бар. Ол шамамен 20 млн-нан астам теңгеден қаржылай көмек болады.
Тұрғын үй мәселесіне жергілікті атқарушы органдар да қатысады. Облыс әкімі де тұрғын үй мәселесі болса, онда шешімі табылатынын айтты. Қазір осы жұмыс басталып кетті, көмек көрсетіліп жатыр. Бұл заңға сәйкес бірнеше күнді алады, - деп жауап берді Қорғаныс министрі.
Еске салсақ, 26 тамызда Жамбыл облысындағы әскери бөлімдердің бірінде жойқын жарылыс болды. Салдарынан 13 адам көз жұмды. 98 адам жарақат алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Өзгелердің жаңалығы