Биыл Жамбыл облысында 756 мың гектардан астам аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары себілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл санды өткен жылмен салыстырғанда 5,5 мың гектарға артқанын аңғаруға болады.
Бұл жайында өңірдегі әкімдіктің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұлов айтып берді. Ол ағымдағы жылы 390 мың гектардан астам жерге дәнді және дәнді бұршақты дақылдар егілгенін жеткізді. 72,5 мың гектарға тарта егістікке майлы дақылдардың тұқымы тасталған, ал 5,5 мың гектарға қант қызылшасы себілген. 11,6 мың гектарға картоп, 61 мың гектардан астам жерге көкөніс-бақша дақылдары отырғызылса, 215 мың гектардан астам жерге мал азығы дақылдары егілді.
Бүгінде 371 мың гектардан аса жерге себілген масақты дәнді дақылдар толықтай орылып бітті. Оның әр гектарынан алынған орташа өнімнің көлемі 17 центнерден асып жығылады. Яғни, қырманға 633,4 мың тонна астық бастырдық. Сонымен қатар, қазіргі кезде картоптың 75,3 %-ын жинап қойдық, бақша дақылдарын жинау науқаны бітуге таяды. көкөніс дақылдарының да 85 %-ға жуығын қоймаға кіргізіп алдық. Жүгері алқабының жиын-теріні енді басталды. 20 %-дан астам жүгері қырманға түсті, майлы дақылдардың да 70 %-ға жуығын жинап үлгердік. Осындай жұмыстарымыз қауырт түрде жалғасып жатыр, - деп атап өтті басқарма басшысы.
Оның айтуынша, төрт түліктің қысқы жем-шөбін әзірлеу шаралары да назардан тыс қалмаған. Мәселен, өңір шаруалары қыстауға 341,4 мың гектардан пішен орып, әзірлеген. Жалпы биыл мал азығы үшін 1,7 млн тонна пішен, 63 мың тонна пішендеме, 491,8 мың тонна сабан, 60 мың тонна сүрлем дайындау көзделсе, қазіргі уақытта 1,8 млн тонна пішен, 64,1 мың тонна пішендеме, 494 мың тонна сабан және 40,8 мың тонна сүрлем дайындалған.
Биыл аймақта 157,6 мың гектарға күздік бидай егу жоспарланған болатын. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 360 гектарға артық. Бүгінде күздік дақылдарды себуге 88 420 гектар жер дайындалса, оның ішінде 8 811 гектар алқапта сүр көтеріліп, 3 203 гектарға дақыл егілді. Сонымен қатар келер жылы себілетін жаздық дақылдар үшін 441 140 гектар сүдігер жырту көзделіп отыр. Қазіргі уақытта 27 030 гектар жер өңделді. Оның ішінде қант қызылшасына 10 мың гектары межеленіп, 530 гектары жыртылды, - деді Шәкір Мадиярбекұлы.
Жауапты маман 2022 жылдың өніміне егілетін күздік дақылдардың егіс көлемі 157 580 гектарды құрайтынын айтты. Оған қажетті тұқым көлемі 28 мың тоннаның айналасында болады, қазіргі кезде Жамбыл облысындағы қолда бар тұқымның көлемі 29 393 тоннаны құрайды, яғни 1 621 тонна артығымен жиналған. Оның ішінде Р2 сұрыпты тұқым – 4 тоннаны, жоғары элиталы тұқым – 132 тоннаны, элиталы тұқым – 2 530 тоннаны, бірінші репродукция – 7 190 тоннаны, екінші репродукция – 10 532 тоннаны, үшінші репродукция 9 086 тоннаны құрап отыр.
Бүгінгі күнге облыс көлемінде орналасқан 6 элиталы тұқым өндіретін шаруашылықтарда 3163 тонна жоғары сұрыпты күздік бидай тұқымы сатуға дайын», - деді Шәкір Момынқұлов.
Ол биыл 52,4 мың тонна минералды тыңайтқышты егістік алқабына ендіру және тыңайтқыш енген алқап деңгейін 46,6 %-ға жеткізу жоспарланғанын мәлімдеді. Былтыр бұл көрсеткіш 51 мың тоннадан сәл асқан екен. Бүгінгі күнге Жамбыл облысының шаруа қожалықтары тарапынан 41,9 мың тонна тыңайтқыш алынып, 230 мың гектар алқап қамтылған.
Кепілді дизель отынына келсек, осы күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет тарапынан 10 725 тонна кепілдендірілген жанармай бөлінген болатын. Мұның 2 860 тоннасы – шілдеде, 2 795 тоннасы – тамыз айында үлестірілсе, 2 860 тоннасын осы айда таратып жатырмыз. Қазан айында тағы 2 210 тонна дизель қолжетімді бағамен сатылады шаруаларға. Бөлінген дизель отынын шаруашылықтарға тарату үшін өңірде 14 оператор белгіленген. Операторлар тарапынан шаруашылықтарға дизель отынын арзандатылған түрде тарату бағасы 202-213 теңге арасында бекітілді. Осы шектен асырылмайды, - деді басқарма басшысы.
Жергілікті әкімдіктің өкілі аймаққа тиесілі шілде, тамыз және қыркүйек айларына бөлінген жеңілдетілген дизель отыны 8 515 тоннаны құрайтынын айтты. Белгіленген операторлар тарапынан қаржысы толықтай аударылып, қыркүйек айына тиісті 2 860 тонна көлемді тасымалдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін жеткізілген 6 533,2 тонна дизель отынының 5 142,5 тоннасы немесе 78,7 %-ы аймақтағы агроқұрлымдарға таратылған. Ал қыркүйек айына тиесілі жеңілдетілген дизель отынының 1 287,8 тоннасы облысқа жеткізіліп қойды.
Аграрлық саланы алға жетелейтін бірден-бір тетік – техника болғандықтан, облыста биыл 1 300-ден астам ауыл шаруашылығы техникаларын алу арқылы жаңару көрсеткішін 11 %-ға жеткізу көзделген. Қазіргі таңда аймақта барлығы 847 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынса, оның 12-сі комбайн, 151-і трактор және 684 данасы басқа да техникалар. Осының нәтижесінде Жамбылдағы техникалардың орташа жаңару көрсеткіші 7 %-ды шамалады, - деді Шәкір Мадиярбекұлы.
Жалпы ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау да жүзеге асырылып, техника алған агроқұрылымдар тарапынан түскен 362 өтінімге 1,3 млрд теңге субсидия төленген.
Жауапты маманның айтуынша, ағымдағы жылдың суару маусымына дейін облыс бойынша механикалық тазалауға жататын ұзындығы 478,6 шақырымды құрайтын 122 ішкі шаруашылық каналға аудан әкімдіктері мен жергілікті су шаруашылығы мекемелері канал маңындағы су пайдаланушыларын ұйымдастырып, асарлатып тазалау жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ, 2022 жылдың басынан облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Талас-Аса» КМСШК ұзындығы 11,3 шақырымды құрайтын 10 су шаруашылғы нысандарында қалпына келтіру жұмыстарын істеген. Нәтижесінде 2 122 гектар суармалы алқап қайта айналымға қосылды.
Жамбыл облысында 2022-2024 жылдары аралығында егістік көлемін арттыру мақсатында 646 ұңғыма қазып, жетіспейтін суды жер асты сулары есебінен толығымен қамтамасыз ету жоспарланған болатын. Осыған байланысты биыл 177 ұңғыма қазу көзделсе, бүгінгі күнге шаруашылықтар тарапынан 182 ұңғыма қазуға өтінім түсіп, оның 84-і қазылды. Нәтижесінде 3,7 мың гектар алқап ұңғыма арқылы сумен қамтылады. Ал суды тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу технологиялары өткен жылы егіс алаңының 40,5 мың гектарына енгізілген. Биыл бұл сан 50 мың гектарға жетті. Оның ішінде, тамшылатып суару 32,7 мың гектарды, жаңбырлатып суару 17,3 мың гектарды қамтиды, - деді басқарма басшысы.