Жамбылда жаңа жобаның арқасында 194 азамат кәсібін ашты

24 Қаңтар 2022, 17:32
1739
Бөлісу:
Жамбылда жаңа жобаның арқасында 194 азамат кәсібін ашты

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысының агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамыту үшін қабылданып жатқан ең тиімді шаралардың бірі – ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобасын іске асыру болды. Осы орайда, ойластырылған және дәйекті жұмыстардың арқасында жүздеген ауыл тұрғындары өз кірістерін арттырды, жұмысқа прогрессивті технологияларды енгізді, жаңа жұмыс орындарын құрды, өндіріс көлемін кеңейтті. 

Бұл туралы жергілікті әкімдіктің ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақов айтты. Оның сөзіне қарағанда, аталған жобаның нәтижелері оны тағы да масштабтау қажеттігін көрсетіп отыр. Ең маңыздысы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы еліміздің басқа да өңірлерінде іске асыру үшін ұсынған.

«Жамбыл өңіріндегі қанатқақты жобаның бес бағытын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 7,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат жылдық 2,5 пайыз көліменіде несие ретінде беріледі тұрғындарға. Ал жергілікті қазынадан қаралған 2 миллиард теңге жылдық 5 пайыз мөлшерінде ұсынылуда. Жобаға өткен жылы аймақтағы 10 ауданның 11 ауылдық округінен 2 478 тұрғын және жаңадан құрылған 11 ауыл шаруашылығы кооперативі қатысып, несие алды», - деп атап өтті Тұңғыш Тынысбекұлы.

Жалпы, Жамбыл олысындағы 14 ауылдық округте көлемі 932 гектар жерді құрайтын 7 856 үй жанындағы учаскелерде жеміс-көкөніс пен бақша өнімдері өсіріліп жатыр. Ауыл шаруашылығы кооперативтері сапалы тұқымдарды, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді орталықтандырылған сатып алу және қолдану нәтижесінде 125,9 миллион теңге сомасына салынған айналым қаражатын 978,7 миллион теңгеге жеткізіп, шамамен 11,5 мың тонна өнім алды.

«Нақтылай айтсам, ауданы екі гектар болатын 14 жылыжай құрылысына 119,2 миллион теңге несие қаражаты бөлінген болатын. Бүгінгі таңда бірінші өнімнен 150 тонна өнім алынды, екінші өнімнен 300-350 тонна өнім алынады деп күтілуде. Сонымен қатар 6,9 миллиард теңге сомасына 2 454 қарыз алушы 45 032 бас мал сатып алды, оның ішінде 5 680 бас – Алматы, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында. Барлық асыл тұқымды төрт түлік қажетті ветеринарлық бақылаудан өтіп, жануарларды сәйкестендірудің бірыңғай базасына енгізілген», - деді жауапты маман.

Т.Жансұзақов пилоттық жобаның арқасында ауылдық округтерде мал басының жалпы саны 2019 жылмен салыстырғанда 32,4 мың басқа өскенін мәлімдеді. Бұл ретте жобаға дейін 1 688 отбасы мал ұстамаған екен. 

Жамбылда жаңа жобаның арқасында 194 азамат кәсібін ашты

Мал шаруашылығын дамытудың нәтижесінде ағымдағы жылы ауылдық округтерде 4 242 тонна ет пен 8 303 тонна сүт өндірілген, ал мұны өткен жылмен салыстырғанда тиісінше 2 758 және 2 572 тоннаға артық.

«10 113 гектар жерді тиімді игеру үшін ауыл шаруашылығы кооперативтері 230,1 миллион теңгеге сапалы тұқым, тыңайтқыш және химиялық қорғау құралдарын сатып алды. Малды азықпен қамтамасыз ету үшін 60,8 мың гектар, оның ішінде жайылымдық 50,7 мың гектар жер бөлінді. Бұдан 21,5 мың тонна жем алынды. Өткен жылмен салыстырғанда жем-шөп өндірісі 4,5 мың тоннаға немесе 126 пайызға артты. Игерілген егістік жердің ауданы 2,5 мың гектарға ұлғайды», - деді басқарманың баспасөз қызметкері.

Оның айтуынша, 972,4 миллион теңгеге 190 бірлік түрлі ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Техникаға 383,4 миллион теңге инвестициялық субсидия төленіпті. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері 228 шаруа қожалығымен бірлесіп 8,7 мың гектар егістік алқаптарын игеруде. Сонымен қатар, кооперативтерге аудандардың жер қорынан 1,4 мың гектар егістік жер, 12 мың гектар жайылымдық аймақ, 204 гектар шабындық жер бөлінді.

Қанатқақты жобаның бесінші бағыты бойынша өз ісін ашуға 11 ауыл тұрғынына 56,5 миллион теңге берілген. Олар бұл қаражатқа 32 тоннадан астам өнім – нан, бал, кондитерлік өнімдер өндірііпті. Аталған өндірістерде 27 адам жұмыспен қамтылды. 

«Пилоттық жобаға енген ауылдық округтерде жобаны іске асыру нәтижесінде жұмыссыздар саны 194 адамға немесе 48 пайызға қысқарды, 589 жаңа жұмыс орны құрылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1 058 азаматқа азайды, 2 282 өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелді. Бүгінгі таңда пилоттық жоба аясында 2019 жылы берілген қайтарымды несие қаражаты есебінен басқа ауыл тұрғындарын несиелендіру жұмыстары басталып кетті. Биылдан бастап жобаға Жамбыл ауданының Өрнек ауылдық округі, Байзақ ауданының Үлгілі ауылдық округі және Жуалы ауданының Ақсай ауылдық округі қосылды. Нәтижесінде 300-ден астам жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Жобаға барлығы 1 446 аула қатысады, онда 8,5 мың адам тұрады», - деді Тұңғыш Жанұзақов.

 

Өзгелердің жаңалығы