Нұржан Жалауқызы: Журналиске дұрыс бағыт-бағдар бере алмасаң, одан жақсы нәтиже күтпе

24 Қаңтар 2022, 17:16
5716
Бөлісу:
Нұржан Жалауқызы: Журналиске дұрыс бағыт-бағдар бере алмасаң, одан жақсы нәтиже күтпе

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазір ақпарат саласы жылдам дамып, бәсекелестік күннен-күнге артып келеді. Бұрынғы газеттер электронды нұсқаларын шығарып, телеарналар youtube каналдарын ашып, өз көрермендерін ұстап қалуға тырысып жатыр. Оған қоса көптеген телеарналар фильмдерді өздері түсіретіндей жағдайға жеткен. Сол арқылы әрдайым көрерменін қызықтырып, өз аудиторияларын қалыптастырып үлгерді. Қазіргі қазақ телевидениесінің аяқ алысы қалай, атқарылған шаруалары мен атқарылмақ жобалары қандай деген сұрақ төңірегінде «Алматы» телеарнасының Бас директоры Нұржан Мұхамеджанова сұхбат барысында айтып берді.

Нұржан Жалауқызы еліміздегі бірнеше телеарнада басшылық еткен тәжірибелі медиаменеджер. Ол мемлекеттік арнадан бөлек, коммерциялық телеарналар мен халықаралық ұйымдарда да қызмет етіп, редакторлықтан басшылық қызметке дейін өз еңбегімен өскен жан.

Телеарнаның 2021 жылы атқарған жұмысына тоқталмас бұрын, үстіміздегі жылдың басында еліміздің бас қаласы – Алматыда орын алған «Қасіретті қаңтар» қаралы оқиғасына тоқталып өтсек. Оның барысында тұрғындардың қауіпсіздігі үшін деп интернет өшіріліп, күнделікті ақпарат алып жүрген сайттар мен әлеуметтік желіге кіре алмай қалғанымыз бар. Дегенмен, ресми ақпараттарды телеарналар арқылы жедел алып отырдық. Осы қиын-қыстау кезде телеарна ұжымы оқиға орнынан егжей-тегжейлі ақпарат әзірлеп, көрермендерді толыққанды хабардар етті. Оның үстіне тұрғындарды арандатушылардың теріс әрекетіне ермеуге үндеуден жалыққан емес. Сол жайында толығырақ айтып берсеңіз?

– Рас айтасыз, еліміз қаңтардың басынан бастап ауыр күндерді бастан өткеріп жатқан тұста тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлерімен қатар бұқаралық ақпарат құралдары да алдыңғы шепте күні-түні елге аянбай қызмет етуде. 

Бұл орайда бір ғана Алматы емес, бүкіл ел тұрғындарына орын алған төтенше жағдай кезінде өрбіп жатқан оқиғалар жайлы жедел де шынайы ақпарат жеткізіп отыру қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті болар. Оның үстіне террористердің әрекетін тез арада тыю үшін ел бойынша интернет желісі уақытша тоқтатылды. Осы кезде пайда болған ақпараттық вакуум кезінде телевидение мен радионың маңызы мен қадірі еселене түсті. 

Осы жауапкершілікті түсіне отырып, «Алматы» телеарнасының ұжымы бір жұдырықтай жұмылып, төніп тұрған қауіп-қатерге қарамастан, қайткенде де көрермендерге төтенше оқиға орындарынан толассыз ақпарат беріп отыруға тырысты. Ақпараттық майдандағы жұмысымызды барынша тез, шынайы жүргізіп отырдық, солай бола береді де. 

Төзімділігімізді сынаған 10 күн ішінде «Алматы» телеарнасының тілшілері, операторлары мен көлік жүргізушілері оқ пен оттың қақ ортасында жүріп, тынбай еңбек етті. Әсіресе, қаңтардың 4-нен 5-не қараған түнде арнамыздың жаңалықтар қызметі таңға дейін әр сағат сайын эфирге шықты. Қалған күндері де ақпараттық бағдарламалар департаментінің 20-ға жуық қызметкері жаңалықтармен қатар 10-нан аса арнайы шығарылым қазақ және орыс тілдерінде әзірледі. Оның барысында қоғам, мемлекет, мәдениет қайраткерлерімен қалыптасқан өзекті мәселелер талқыланды. 

Нұржан Жалауқызы: Журналиске дұрыс бағыт-бағдар бере алмасаң, одан жақсы нәтиже күтпе

Осы уақыт аралығында біздің эфирден, сайт пен әлемуметтік желілерде жалпы саны 2000-нан астам тақырыптық материалдар беріліп, жарияланды. Оның ішінде 563 жаңалық, үндеулер, жедел штаб отырыстарының жұмыстарынан ақпараттар берілді. Бұған қоса орын алған оқиғаға пікір білдірген белгілі тұлғалардың қатысуымен жасалған 55 роликтер топтамасы әзірленіп, эфирге шықты. Одан бөлек төтенше жағдай барысында түсірілген бейнекадрлардан топтастырылып жасалған 37 бейнетаспалар (видеонарезки) әлеуметтік желілерге таратылып, сайтқа орналастырылды, эфирден берілді. 

Атап айтуымыз керек, біздің «Алматы TV» телеарнасы еліміздің басқа арналарының сұрауы бойынша, операторлардың түсірген бейнематериалдарымен түрлі редакциялармен бөлісіп отырды. Мұны мен күрделі жағдайдағы әріптестік ынтымақтастықтың озық үлгісі ретінде мысал ретінде келтірер едім. 

Елордадағы тілшілер қосыны әріптестеріміз еліміздің бас қаласындағы мемлекеттік органдардың өткізіп, таратқан ақпараттары мен баспасөз хабарламаларымен  (ұзын саны 20) шұғыл түрде жіберіп отырды. Осы күндерде біздің арнаның қызметкерлері қанша қиындықпен бетпе-бет келсе де, әрқайсысы өзі жауап беретін жұмыс орнында міндетін мүлтіксіз атқарып шықты.

Өкінішке орай, 6 қаңтар күнгі кешкі уақытта «Алматы» телеарнасының бір топ қызметкерлері мінген көлік қала әкімдігіне бет алған кезде лаңкестердің оғының астында қалды. Назарбаев даңғылымен төмен қарай бағыттаған көлікте үш әріптесіміз болды. Осы тұста көлік жүргізушісі Мұратхан Базарбаев оққа ұшып, көз жұмды. М. Абдіұлының бейнесі, ақжарқын   мінезі, кәсібіне деген адалдығы жүрегімізде мәңгі сақталмақ. 54 жастағы әріптесіміз 2 жыл бойы пандемия кезінде де адал қызмет еткен еді. Бүгінде ел басына ауыр күн туған уақытта еш қиындықтан тайынбай, қызметтік борышын абыроймен өтеп, ерлікпен қаза тапты. 

Атыс салдарынан арнамыздың телеоператоры Диаскен Байтибаев террористің атқан оғы салдарынан оң қолының екі саусағынан айрылып, қазіргі уақытта  ем-дом алуда. Диаскеннің аман-есен жазылып, тез арада ортамызға оралуына тілектеспіз. Екінші оператор Арсен Сандыбаев оқтан аман қалса да, үлкен психологиялық зардап шеккенін атап өткім келеді. 

Ал 14 қаңтарда қала басшысы Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев «Алматы» телеарнасына келіп, ұжыммен кездесті. Зардап шеккендерге әкімдік тарапынан қажетінше материалдық және моральдық тұрғыдан қолдау көрсетілетінін айта келіп, ақпарат майданында тынымсыз еңбек еткен бір топ арна қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталатынын жеткізді. Сонымен қатар алдағы уақытта «Алматы» телеарнасының техникалық-материалдық жабдықталуын күшейту туралы тапсырма берді.

Нұржан Жалауқызы: Журналиске дұрыс бағыт-бағдар бере алмасаң, одан жақсы нәтиже күтпе

– Нұржан Жалауқызы, өзіңіз басшылық ететін «Алматы» телеарнасы 23 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Аймақтық телеарна болғанымен, арқалаған жүгі одан да ауыр екені белгілі. Өткен 2021 жыл сіздер үшін қалай өтті, көрермендеріңізге қандай тың дүниелер ұсына алдыңыздар?

– 2021 жыл шынымен де мазмұнды, тың жаңалықтарға толы болды, оған қоса ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өттік. Сондықтан телеарнаның көптеген жобасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналды және арнайы жобалар ұйымдастырылды. Мәселен, деректі фильмдер желісін дайындадық. Жүріп өткен 30 жылдың әр жылында бір ғасырға татитындай маңызды істер атқарылды. «Алматы - Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі» екені белгілі, сондықтан осы тақырыптарды жобаларымызға арқау етіп қазақ, орыс тілінде «Тәуелсіздік белестері», «Эра независимости» атты деректі фильмдер желісін эфирге шығардық.

Сондай-ақ біз Алматы қаласының тыныс-тіршілігін көрерменге жеткізетін бірден бір телеарна болғандықтан ақпараттық бағытта өте көп жұмыс атқардық. Апта сайын қала әкімі Б. Сағынтаев халықтың сұрағына тікелей эфирде жауап беріп отырды. Қаланың дамуына арналған көптеген әлеуметтік ірі инфрақұрылымдық жобалардың тұсаукесері біздің эфир арқылы өтті. Оның сыртында көптеген роликтерді халыққа ұсындық. Қазір КСК деген өзгеріп жатыр, сол бойынша халықтың сұрағына жауап беру, бүгінгі өзекті мәселелер, салықты қалай төлеуге болады, азық-түлік бағасы неге қымбат деген сияқты тақырыптың барлығы «Басты назарда» айдарында апта сайын қамтылып отырады.

Нұржан Жалауқызы: Журналиске дұрыс бағыт-бағдар бере алмасаң, одан жақсы нәтиже күтпе

Мәселен, 2021 жылы 35 деректі фильм мен 1340 ролик дайындап шығардық. Оның 363 ролигі әлеуметтік, 557-сі ақпараттық, оған қоса әлеуметітк желіге арналған 296 вирусты ролик дайындалды.

Тағы бір айта кетерлігі тұңғыш рет жыл сайын өтетін тамыздық Педкеңесі онлайн және офлайн форматта, кеңейтілген халықаралық дәрежеде ұйымдастырылды. Оны бүкіл ел көріп отырды. Жан-жақтан адамдар хабарласып, «мыналарыңыз өте жақсы, ұтымды формат» екен деген пікірлерін айтып жатты. Ол жерде біз еліміздегі ұстаздардың мәртебесі, қазіргі білім беру сапасының жақсаруы, ондағы жаңа әдіс, сандық технологияға көшу, оны қалай пайдалану керек деген сұрақтардың барлығына тікелей эфирде жауап беруге тырыстық.

Сондай-ақ Тұрар Рысқұловтың өмірбаяны жайлы «Қызыл Жебе» атты 10 бөлімнен тұратын тарихи фильмді ұсындық. Қазақ Үкіметін алғаш құрушы, мемлекеттік қайраткер Тұрар Рысқұловтың өмірі соқтықпалы, соқпалы жолға толы. Кезінде оған қатысты әртүрлі пікірлер болды. Дегенмен, біз бүкіл ғұмырын осы Тұрар Рысқұловтың өмірін зерттеуге арнаған ХХІ ғасырдың классик жазушысы, публицист Шерхан Мұртазаның «Қызыл Жебе» романын арқау етіп осы фильмді дайындадық.

Нұржан Жалауқызы: Журналиске дұрыс бағыт-бағдар бере алмасаң, одан жақсы нәтиже күтпе

Бұл телехикая, бір жағынан, Тұрар Рысқұловтың образын, екіншіден оның өмірбаянын зерттеуде бүкіл ғұмырын сарп еткен Шерағаның рухы риза болсыншы деген оймен көрермендерге ұсындық.

Фильмде бұрын айтылмаған тың деректерді келтіруге тырыстық. Өйткені кезінде Тұрар Рысқұлов пен Мұстафа Шоқайдың арасында қарама-қайшылық бар екен дегендей айтылатын. Одан кейін Түрксібті құрған кездегі жағдай қалай болды екен деген сұраққа жауап беру үшін біз мұрағаттан алған құжаттар негізінде нақты дәлелдермен телехикаяны ұсындық.

Бұл фильмнің түсірілімі Тұрар Рысқұловтың табаны тиген Саймасай ауылында, Түрксібтің алғаш басталған кезіндегі теміржолдарды көрерменнің көз алдына келтірдік. Кезіндегі Қызыл отаудың жұмысын көрерменге көрсете білдік. «Қызыл Жебе» дегеніміз бұл Тұрар Рысқұловтың өмірі. Ол арғымақтай ағып өтті, қызыл жебедей өзінің бағыт-бағдарын жақсы білді.

– Алдағы уақытта тағы осындай тарихи фильмдер түсіру жоспарда бар ма?

– Иә, биыл тарихи деректі фильмдер мен телехикаялар түсіру желісін жалғастырамыз. Жаңа идеяларды ұсындық. Егер олар қолдау тауып жатса, алдағы уақытта көрерменге хабарлаймыз. 

Сондай-ақ біз өткен жылы шаруашылықтың дамуы, 1990 жылдардағы экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық қиындықтардың барлығының басын қосатын «Жермен-көк» фильмін түсірдік. Одан бөлек «Айнұрдың арманы» көрерменге жол тартты. Бірінші маусымда көрермен көңілінен шыққан «Өткінші жаңбыр», «DiNaZaur» фильмдерінің жалғасын түсірдік. Қазіргі жастардың жаңа бағытын қолдап отыруымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда біз бүкіл медианарықта бәріне үлгі болсын деп  TikTok-хаус фильмін қолға алдық. Бұл жастардың бүгінгі көзқарасы, ой ойлауы, болып жатқан өзгерістерге деген олардың реакцияларының басын қосатын оқиғалық комедия. Осы фильмдердің барлығын көрермен жақсы қабылдады. Сайттағы және youtube-тегі көрілімі өте жоғары болды. Қазір көп адамдар теледидардан бағдарламалар берілгенде уақыты болмай жіберіп алуы мүмкін, алайда интернеттен ашып көреді (https://www.youtube.com/user/AlmatyUS).

Нұржан Жалауқызы: Журналиске дұрыс бағыт-бағдар бере алмасаң, одан жақсы нәтиже күтпе

– Телеарналарда қазір шоу, жеңіл бағдарламалар көбейіп кетті, сараптамалық жобалар жетіспей жатыр дегенді көп естимін. Сіздер осыларға көңіл бөлесіздер ме?

– Біздің телеарнадағы «Басты назарда» мен «На особом контроле» нағыз сараптамалық бағыттағы бағдарламалар дер едім. Өйткені журналист міндетті түрде бірнеше көзқарасты береді, тараптардың барлығын қамтып, қалай болу керек деген сұраққа жауап береді. Мәселен, вакцина алу мәселесіне қатысты шығарылым сараптама негізінде дайындалады. Біз жыл бойына вакцина алу қажеттілік екенін халыққа түсіндіруге тырыстық. Бірақ өкінішке қарай антиваксерлер де болды. Солардың өзін студияға шақырып, мамандармен пікірлестірдік. Ең соңында антиваксерлер «иә, вакцина алу қажет екен» деп шыққан кездері болды. Одан бөлек кибербуллинг тақырыбында да сараптамалық бағдарламалар жасалды. «Шешімі бар» да соның қатарына енеді. Сондай-ақ көпбалалы аналарға арналған «Бақытты отбасы» деген әлеуметтік жобамыз бар. Ол әйелдердің бизнес ашуға деген ынтасын оятады және психолог, өзге де дәрігерлер мен Кәсіпкерлік палатасы мамандарының пікірлері беріліп отырады.

Қазіргі телеарналар нарығында шоу бағдарламалар шектен тыс көбейіп кетті деп айта алмаймын. Әр телеарна өз шама-шарқынша беріп жатыр, бағдарламалық сетканы әрқайсысы өзінше тізеді. Мәселен, біз дүйсенбіден-бейсенбіге дейін төрт күнді бір тіземіз, жұма бөлек, сенбі-жексенбі өз алдына бөлек болады. Демалыс күндері жұрт демалатындай, олардың көңілін көтеретіндей бағдарламаларды ұйымдастыруға тырысамыз.

Әрине, қазір шетелдік өнімнің санын азайту бойынша мәселе көтеріліп жатыр. Ол орынды, еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де осы бағытты ұсынып отыр, біз оны қолдаймыз. Егер отандық көрерменді сапалы, саналы бағытта тәрбиелейтін болсақ, оларға бүгінгі күнге сай контентті ұсына білуіміз керек. Сол кезде халықтың санасы өсіп, дұрыс пікір қалыптасады. Бұл бағытта біз жастарға арналған зияткерік бағдарламаларды ұсынып отырмыз. Биыл екінші жыл қатарынан студенттердің зеректігін, интеллектісін, білімін арттыратын «IQ-Алматы» бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Нұржан Жалауқызы: Журналиске дұрыс бағыт-бағдар бере алмасаң, одан жақсы нәтиже күтпе

– Интернет келгелі ақпарат саласында бәсекелестік артып отыр. Халықты интернетке жібермей, ұстап қалу үшін қандай амалдар жасалуда?

– Көрерменді ұстап қалудың әдіс-тәсілдері өте көп. Ол үшін міндетті түрде эфирлік және эфирден тыс анонстарды күшейту керек. Бұрынғыдай жобаны насихаттау қазір аздық етеді, ондағы әр қызықты тақырыпты бірінші кезекке шығаруымыз керек. Тизерлерді әдемілеу қажет, телеарна дегеніміз - әдемі сурет, сондықтан кез келген бағдарламалардың арасына берілетін видеолардың бояуы қанық, айтатын ойыңды сонымен нақты жеткізе білу керек. Сол кезде ғана көрерменнің назарын өзіңе аударта аласың. «Кез келген анонс орнынан тұрып асүйге кетіп бара жатқан адамды қайта орнына әкелетіндей болу керек», деп әріптестеріме үнемі айтып отырамын. Сонда ғана бағдарламаңды өткізе аласың. Қазір қысқа роликтер көбейді, бұрын 4 минутта айтатын ақпаратты енді 40 секундта айта білуің керек. Ақпарат қысқа, дәл, түсінікті болып келе жатыр. Сондықтан осыған қатты мән беріп, жұмыс істеп жатырмыз. 

Жалпы, журналист деген айналаңа немқұрайлы болмау керек дегенді білдіреді ғой. Әр нәрсені жаныңмен, жүрегіңмен түсіне білуің керек, сонда ғана жұмыс нәтижелі болады. Ұжыммен де солай жұмыс істеу қажет. Егер кез келген қызметкердің көңіл-күйін аңғармасаң, оған дұрыс бағыт-бағдар бермесең одан жақсы нәтиже күту қиын.    

– Сіз басшылық қызметте көптен бері істеп келе жатсыз. Жалығып, шығармашылықпен айналыссам деген кездеріңіз болды ма?

Нұржан Жалауқызы: Журналиске дұрыс бағыт-бағдар бере алмасаң, одан жақсы нәтиже күтпе

– Алғаш журналистік қызметімді редакторлықтан бастадым. Қазақ радиосында 13 жылдан астам редакторлықтан бастап Бөлім меңгерушінің, Бас редактор және бас директордың бірінші орынбасарына дейін өстім. Ол кезде иығымнан «Репортер» түспейтін. Кейін халықаралық Интерньюс ұйымында жұмыс істегенде журналистермен бірге көптеген телевизиялық сюжеттер жасадым. «Интерньюстің» Қазақстандағы өкілдігінің Атқарушы директоры болып қызмет жасағанымда бүкіл отандық телерадиокомпаниялармен тікелей жұмыс істедік. 

2006 жылдан 2011 жылға дейін 31-телеарнаны басқардым, одан кейін «Qazaqstan» телеарадиокорпорациясына басшылық еттім. Яғни 1998 жылдан бері бірінші басшы қызметінде екенмін. Дегенмен, бастықпын деп отырған кезім болған жоқ, үнемі жастармен бірге отырып монтаж жасаймын, олармен бірге идея талқылаймын. Сол айтылғандарды іске асыру барысында бірге жүремін. Сондықтан менің жұмысымның өзі тікелей шығармашылықпен байланысты десек рас болатын шығар. 

-  Әңгімеңізге рахмет!

 

Өзгелердің жаңалығы