Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында мал басы 5,3 %-ға артты. Бұл жайында өңір басшысының орынбасары Берік Нығмашев айтты.
Оның сөзіне қарағанда, аймақта жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімдері 273 млрд теңгені құрап, 103,4 %-ға өскен. Оның ішінде, егін шаруашылығы өнімі 164,9 млрд теңге шамасында өндіріліпті. Ал мал шаруашылығында 106,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген екен.
Өңірдегі төрт түліктің саны 3,9 млн басқа жетіп отыр. Бұл шаруалардың малының басы 5,3 %-ға артқандығын көрсетеді. Соңғы үш тоқсанда ауыл шаруашылығы саласына 22,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салынды. Бүгінде жоспарланған 359,3 мың гектар жердегі дәнді масақты дақылы орып бітірдік. Қамбаға барлығы 817 мың тонна дән бастырылды. Орташа өнімділікті айтар болсам, әр гектардан 22,7 центнерден айналуда. Былтырғы көрсеткіш 750 мың тоннаны құраған болатын, - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Жергілікті шенеуніктің сөзіне қарағанда, биыл су үнемдеу технологиясы 30 мың гектарға ендірілген екен. Бұл былтырғымен салыстырғанда 10 мың гектарға артық.
Берік Болатұлы Жамбыл облысында жануарлар арасындағы ауру көрсеткіштері азайғанын да сөз етті. Оның айтуынша, эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге облыстық қазынадан 1,56 млрд теңге қаралса, энзоотиялық ауруларға қарсы жүргізілетін іс-шараларға 444 млн теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда жылдық жоспар бойынша ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар өз деңгейінде жүзеге асып жатыр.
Атқарылған ветеринариялық іс-шаралардың тиісті деңгейде орындалуының нәтижесінде аса қауіпті аурулардың жануарлар арасындағы көрсеткіші азая түскен. Мәселен, өткен жылдың осы деңгейімен салыстырғанда ірі қараның бруцеллезге шалдығуы 26 %-ға кемісе, ұсақ малдың шалдығуы 11 %-ға азайып отыр. Сол сияқты, адамдар арасында да індет көрсеткіші 68 %-ға төмендеді, - деді Нығмашев.
Биыл республикадан барлығы 415,4 мың доза құс тұмауының вакцинасы бөлініпті. Бұл дәрілер жабайы құстардың ұшып-қону бағытындағы және құс фабрикалары маңында орналасқан елдімекендердегі 354 мың үй құсына егілген. Жауапты маман бүгінгі таңда аймақта құс тұмауының таралуы тоқтағанын айтады. Өлген, жойылған 410 бас үй құсына мемлекет қазынасы есебінен 1,9 млн теңге өтемақы төленген.
Жамбыл облысында 2022 жылға дейін қарқынды бақтың көлемін 2070 гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Биыл өңірдегі үдемелі бақтың көлемі 1313 гектарды құрады. Алдағы 2 жылда қарқынды бақты 757 гектарға жеткізетін боламыз, - деді облыс әкімінің орынбасары.
Ол егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында өңірде ағымдағы жылы 53,1 мың гектарға сафлор, соя, рапс дақылдары орналастырылғанын да әңгімеледі. Сондай-ақ, картоп және сарымсақ дақылдарының орналасу көлемі 11,2 мың гектарды құраған.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі барлығы 734,9 мың гектарға болды. Мұның 139 мың гектарына күздік бидай тұқымын сепкен едік, келесі жылы оның көлемін 150,4 мың гектарға жеткізуді көздеп отырған жайымыз бар. Жаңа айтқанымдай, ағымдағы жылы рапс дақылын егуді қолға алып, 0,7 мың гектарға еккенімізді жетістік санаймыз, - деді Берік Болатұлы.