Жамбылда білім беру саласында 170 млн теңгеден астам қаржы жымқырылған

11 Шілде 2022, 10:22
1517
Бөлісу:
Жамбылда білім беру саласында 170 млн теңгеден астам қаржы жымқырылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов айтты. 

Білім беру саласындағы бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі ҚМА Жамбыл облысы бойынша аумақтық департаменті тергеп жатыр. Департамент қызметкерлері «Жас маман» жобасы аясында бөлінген 171 млн теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтады, - деді Әбділов. 

Оның айтуынша, жобаның мақсаты – колледждер мен жоғары оқу орындарын неғұрлым сұранысқа ие 100 кәсіп бойынша жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс шеңберінде бірқатар жедел-тергеу іс-шаралары, оның ішінде тиісті сараптамалар жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша қылмыстық іс бойынша процестік шешім қабылданады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, - деді Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасында осы органның құзырына жатқызылған экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру бойынша басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган .

Өзгелердің жаңалығы