Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филормониясында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Музыкалық VUCA әлемі: орындаушылық пен көркемдік кеңістікті ұғынудан социумға дейін» атты онлайн ғылыми конференция өтіп жатыр.
Жиын барысында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық әні» кафедрасының аға оқытушысы Бағлан Бәбіжан ақын, әнші Жамбыл Жабаевтың музыкалық мұрасы жайлы баяндама жасады.
Оның айтуынша, ақын Жамбылдың музыкалық мұрасы әлі де көп зерттелмей жатыр.
Оның әндері, күйлері мен жырлары ең алғаш рет толыққанды жинақ болып 1996 жылы «Жамбыл жырлайды» деген атпен жарық көрген. Ол ақынның 150 жылдығында шықты. Жинаққа 36 ән, 4 дастан және бірнеше айтыс үзінділері енген. Әрине, онда айтыстарының барлығы жиналмаған. Сондай-ақ, ол кітапта Жамбыл күйлерінің 6 нотасы берілген. Бұл еңбектерді жинақтап шығарған филолог ғалым Якуда Амандықов пен Базаралы Нүктекеев, - дейді ол.
Сонымен қатар, ол 1936 жылы алғаш рет Жамбылдың «Жаз» деген әні нотаға түсірілгенін айтты.
Оны музыкатанушы Борис Ерзакович Петропавл қаласында жүрген кезінде Қабыл Халықов деген кісіден жазып алған, сондай-ақ «Қызыл әскерге» деген әнді де сол кісіден жазып алыпты. Бұл ақынның ең алғаш нотаға түскен әндері, - дейді Бағлан Бәбіжан.
Сөз арасында ол Жамбыл Жабаев күй тыңдағанды жақсы көргенін және арасында өзі де күй шығарып тұрғанын жеткізді.
Көз көргендер оның күйші Дина Нүрпейісованы Жетісуға алдырып, күй тыңдағанын айтады. Ол екеуінің бірге түскен фотосы да бар. Өкінішке қарай қазір ақынның күйлері орындалмай жүр, соны қазіргі күйшілер қолға алып, өз репертуарына қосады деген үміттемін, - деді Бағлан Бәбіжан.