Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында Жамбыл облысында 2025 жылы ауыл шаруашылығы санағын өткізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңірдегі ауыл шаруашылығының жай-күйіне және нақты көрінісіне толық көз жеткізу үшін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары жалғасуда.
Ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаевтың айтуынша, сиыр, ешкі, қой, түйе сияқты малдар мемлекет есебінен тегін бірдейлендіруде.
Жылқыларды чиптеу иесінің есебінен жүзеге асырылады. Бұрын бұл қызметтің құны 1 200 теңгені құраған. Бүгінде баға 350 теңгеге дейін төмендеді. Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасы бойынша жүргізілген белсенді түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде шаруалар таңбалаудың электрондық тәсілін қолдады.
Жақында Меркі ауданындағы «Ар-Ас» шаруа қожалығы 350 бас жылқыға чип енгізді.
Чиптердің арқасында біз енді малдың барлық мәліметтерін біліп, жылқылардың қозғалысын бақылайтын боламыз, — дейді шаруашылық басшысы Арнас Есбаев.
Өтініштер Шу ауданының шаруаларынан да келіп түсті: жеке қосалқы шаруашылықтарда 150-ге жуық бас жылқы чиптелді.
Жылқыларды чиптеу жүргізілетін Дулат ауылдық округі республикалық тас жолдың бойында орналасқан. Ауыл шаруашылығы жануарларын чиптеу – жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға көмектеседі және мал ұрлығының алдын алудың тиімді шарасы. Чиптің құны өте арзан, сондықтан баршаңызды осы жұмысты белсенді жүргізуге шақырамын, — деді Шу ауданы фермерлер одағының төрағасы Айтмұхамбет Айтжанов.
Мұндай шаралар облыстың барлық аудандарында өтеді. Облыс бойынша барлығы 173 129 бас жылқы чиптелді.
Чиптеу жүйесі елдегі ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет, ол мал басының есебін және селекциялық-асылдандыру жұмыстарын мақсатты түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл процедура малда болуы мүмкін ауруларды мүмкіндігінше ерте анықтауға, жоғары сапалы өнім алуға ықпал етеді. Сондай-ақ әр жануарды бақылауға, ветеринариялық көмекті дер кезінде көрсетуге, мал ауруларының алдын алуға, диагностикалау бойынша іс-шараларды жоспарлауға және жүзеге асыруға септігін тигізеді. Сонымен бірге мал өлген жағдайда, заң аясында ауыл шаруашылығы жануарларының иелері өтемақы ала алады, — деді Бақыт Бетбаев.