Жамбыл облысы, BAQ.kz тілшісі. Жамбыл облысының бүгінгі жер аумағы 14 млн 500 мың гектарға жуық болса, оның 65%-ы, яғни, 9 млн 406 мың гектары жайылымға арналған. Десе де осы шабындық жер аумағын пайдалануда заңмен бекітілген нормалар сақталмай отырғандығы жөнінде Жамбыл облысы әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов әңгімеледі.
Оның айтуынша, өңірде «Жайылым туралы» Заңның нормалары тиісінше орындалып жатқан жоқ. Соның салдарынан ауылдық аймақтар маңындағы төрт түлік жайылымына арналған жердің сортаңдануы мен мал басына бөлгенде кем болуы байқалуда.«Еліміздің «Жайылым туралы» Заңының 15-бабының талабына сай, ауылдық аймақтардың айналасындағы мемлекеттің меншігіне жататын жайылымдар сондағы тұрғындардың қора-жайындағы аналық малдың санына қарай үлестіріледі. Мал басына тиесілі жайылымдық жердің ауданы, Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылы 14 сәуірде шыққан бұйрығына сәйкес, 8-10 гектардан қарастырылған. Ал облыстағы ауыл-аймақтар тұрғындарының жайылымдық жерін аналық малдарының санына шақсақ, 4 гектарды ғана құрайды. Бұның себебін жергілікті ауыл халқының малдарын қысы-жазы қолында бағатындығынан іздеуге болады», - деді басқарма басшысы.
Бақтияр Көпбосынов қолындағы төрт түліктің саны мен иелігіндегі шабындық жердің ауданы сәйкес келмейтін шаруашылық иелерінің де бар екенін жасырмады. Мәселен, жақында ғана аяқталған саралау жұмыстарының нәтижесіне көз жүгіртсек, 17 ірі шаруа қожалығының еншісіндегі мал санын жайылымға берілген жерімен салыстырғанда, 208 мыңға жуық гектар алқапты заңсыз игілікке айналдырып отырғандығы анықталған.
Яғни, бұл бағытта әлі де саралау, сараптау шараларын қолға алу қажет.