Жамбыл облысында жаңа мешіт ел игілігіне берілді

6 Мамыр 2019, 09:48
2699
Бөлісу:
Жамбыл облысында жаңа мешіт ел игілігіне берілді

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында қасиетті Рамазан айы қарсаңында жаңа мешіт ашылды. Сарысу ауданындағы Ұ.Сыздықбайұлы ауылында ел игілігіне берілген құлшылық орнының іргесін қалауға Сағдат Айнабековпен қатар, жергілікті жас кәсіпкерлер септескен. 

Сәулеттік құрылысы айрықша мешіт тек мінәжат мекені ғана емес, өңірдегі көрнекті орындардың да бірі болуы мүмкін. Алла үйінің тұсауы кесілді. Сәулетті құрылыс қасиетті мекен ғана емес, жергілікті көрнекті мәдени нысанға да айналды. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілі, Тараз қаласындағы Һибатулла Тарази мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұлдың айтуынша, өңірдегі мешіттер саны жыл санап артып келеді. 

«Ең бастысы және қуанатынымыз, қазіргі мешіттердің іші бұрынғыдай қаңырап тұрмайды. Жастардың дені имандылыққа бет бұрып, сәждеге маңдайларын тигізуде. Біз олардың өзге ағымға кетіп қалмауын қадағалап, Ханафи мектебінің туралығын барынша түсіндіріп бағамыз. Еңбегіміздің нәтижесіз емесіне көзіміз жеткен. ҚМДБ тарапынан да қолдау көп. Ауыл имамдарын айлық жалақымен қамту бағытында игі істер атқарылуда», - деді Жамбыл облысының бас имамы Қанат Жұмағұл. 

Ауыл тұрғындары да жаңа нысанның пайдалануға берілгеніне дән риза. Діни рәсімдерін құлшылық үйіне ыңғайластырылған үйде жасап келген ауылдықтар кәсіпкерлерге алғыстарын жаудыруда. Енді осы мешіт ішінде жеткіншектердің діни білім алуына, арабша сауат ашуына мүмкіндік жасалса дейді олар. 


Өзгелердің жаңалығы