Жамбыл облысында тұрғындар сынынан кейін ауыл әкімі қызметінен босатылды

19 Ақпан 2021, 14:19
1508
Бөлісу:
Жамбыл облысында тұрғындар сынынан кейін ауыл әкімі қызметінен босатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бектөбе ауылының тұрғындары тарапынан жұмысы сынға алынғаннан кейін Қаратөбе ауылдық округінің әкімі қызметінен босатылды. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев халықпен есеп беру кездесуінде айтты.

Аймақ басшысы ел Президентінің тапсырмасына сәйкес халықпен тиімді кері байланыс орнату бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға баса тоқталды.

Мәселен, осы жылдың 18 қаңтарынан бастап облыстағы барлық деңгейдегі әкімдердің 378 есеп беру кездесуі өткен десек, оларда жалпы 29,6 мың тұрғын қамтылған. Облыс әкімі ауылдық округтер мен аудан әкімдерінің 14 есебіне қатысты. Есеп беру кездесулерінде өзекті мәселелер талқыланып, тұрғындар әкімдердің жұмысын объективті түрде бағалауға мүмкіндік алды.

Тұрғындардың біздің жұмысымызға беретін бағасы аса маңызды. Алға қойылған міндеттерді орындай алмаған әкімдер жауапкершілікке тартылады. Мәселен, Бектөбе ауылының тұрғындары есеп беру кездесуінде Қаратөбе ауылдық округі әкімінің жұмысын сынға алған болатын. Нәтижесінде ол қызметінен босатылды, - деді Бердібек Сапарбаев.

Айта кету керек, Бердібек Сапарбаев бір жыл ішінде облыс бойынша жүзден астам жұмыс сапарына шыққан десек, барлығы 240 елді мекенді аралап, 657 нысанның қызметімен танысты. Аймақ басшысы жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп, олардың ұсыныстары мен өтініштеріне құлақ асып, жауапты тұлғалар тиісті тапсырмалар жүктеді.


Өзгелердің жаңалығы