Жамбыл облысында қорғаныс бөлімшелерінің іс-қимылдары пысықталды

1 Сәуір 2024, 12:36
366
Бөлісу:
Жамбыл облысында қорғаныс бөлімшелерінің іс-қимылдары пысықталды
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Таразда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері штабының бастығы полковник Нұрлан Кәрібаевтың басшылығымен командалық-штабтық жұмылдыру жаттығуы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының аумақтық қорғаныс бригадалары қатысқан оқу-жаттығуға Жамбыл облысы әкімдігінің, Қорғаныс істері, Төтенше жағдайлар, Шекара қызметі және Ұлттық ұланның өкілдері жұмылдырылды.

Айрықша кезеңде аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне халықты қорғау, елді мекендер мен маңызды объектілердің күзеті мен қорғанысы секілді тапсырмалар жүктеледі. Осылайша, тұрақты әскерлердің күштері мен құралдары мақсатына сәйкес өз міндеттерін орындауға босатылады, – деп түсіндірді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – әскерлер штабының бастығы полковник Нұрлан Кәрібаев.

«Оңтүстік» ӨңҚ әскерлерінің құрамындағы аумақтық қорғаныс бригадалары Қызылорда, Тараз, Түркістан облыстарының орталықтарында және Шымкент қаласында құрылған. Оқу міндеттерін бірлесіп пысықтау іс-әрекеттің бірыңғай алгоритмін жасауға оң ықпал етеді.

Аумақтық қорғаныстың нақты жолға қойылған жүйесі елдің қорғаныс қабілетін арттырып, дағдарыс кезеңінде мемлекеттік органдардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасайды, – деді Жамбыл облысы аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Әлжан Хамзин.

Командалық-штабтық жұмылдыру оқу-жаттығуларына қатысушылар аумақтық қорғаныс бригадаларын өрістету, өңірдің әскери басшылығының жергілікті атқарушы органдармен және күштік құрылымдармен өзара іс-қимылы мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.

Осы міндеттерді шешудегі кешенді көзқарас мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы жүйесін нығайтуға қызмет етеді.

Өзгелердің жаңалығы