Жамбыл облысында COVID-19 жағдайы жақсарып келеді

24 Шілде 2020, 21:26
1680
Бөлісу:
Жамбыл облысында COVID-19 жағдайы жақсарып келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде коронавирустың таралуына қарсы қабылданған шаралар оң нәтиже беруде. 

Атап айтар болсақ, ауруды тұрақтандыру үрдісі байқалып, емделген адамдар саны көбейіп, жедел жәрдем шақырушылар саны азайған.

24 шілдедегі жағдай бойынша Жамбыл облысында коронавирус инфекциясының 3122 жағдайы тіркелді. Бір апта ішінде ауруханаға жатқызылған науқастар саны 16 пайызға азайды. Коронавирустан емделіп шыққандар саны 1432-ге жетті, бұл - науқастардың жалпы санының 45 пайызы.

Жалпы төсек сыйымдылығы 715-тен 1780 төсекке дейін артты. Уақытша стационарлардағы төсек жүктемесі 33 пайызға, ал реанимация бөлімшелерінде 13 пайызға азайды.

Қазіргі уақытта COVID-19 және пневмониямен ауыратын науқастарды емдеу үшін стационарлық төсек-орындары жеткілікті.

Аурухана қызметкерлеріне арналған жеке қорғаныс құралдарының резерві қалыптастырылды.

Төсек қорын қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Қолданыстағы 146 ӨЖЖ аппаратынан бөлек, қосымша 250 оттегі концентраторы, 62 ӨЖЖ аппараты (олардың 19-ы жеткізілген), 270 оттегі концентраторы (200-і жеткізілген) сатып алынады.

Жедел жәрдем бригадаларының саны 68-ден 92-ге жетті десек, 18-23 шілде аралығында жедел жәрдемді шақырушылар саны 10 пайызға төмендеген.

Өңірде науқастарды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесі де әрдайым бақылауда. Денсаулық сақтау басқармасы "СК-Фармация" ЖШС-нің өңірдегі өкілдерімен тұрақты келіссөздер жүргізуде. Жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге облысқа дәрі-дәрмек сатып алуға қосымша өтінімдер жасалса, бүгінде 471 млн теңгеге препараттар жеткізілген. Медициналық мекемелерге 56,7 мың таблетка және 75,3 мың құтыдағы антибиотик, 13,1 мың антикоагулянттар шприці, 16,5 мың вирусқа қарсы препараттар таблеткасы, 2,5 мың бөтелке дене қызуын түсіретін дәрі келіп түсті, - делінген ведомство мәліметінде.

Сондай-ақ, Өзбекстаннан дәрі-дәрмек сатып алуға жергілікті бюджеттен ақша бөлінуде. Бүгінгі таңда 10,2 млн теңгеге дәрі-дәрмектің кезекті партиясы келді. Бұған дейін 24 миллион теңгенің дәрі-дәрмектері көрші мемлекеттен жеткізілген болатын.

Бизнес қауымдастығы да мұқтаж топ өкілдеріне коронавирус салдарын еңсеруге көмектесуде. Кәсіпкерлер дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға ақша жинады. Демеушілер есебінен 3 ӨЖЖ аппараты және 82 оттегі концентраторы сатып алынды.

Гуманитарлық көмек аясында Катар, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктерінен жеке қорғаныс құралдары, экспресс-тесттер, антисептикалық және дәрі-дәрмектер жеткізілді.

Облыста ПТР зерттеуге арналған 6 зертхана бар.

Симптомсыз емделушілер мен коронавирустық инфекцияның жеңіл белгілері бар науқастарды толық есепке алу, үйде медициналық көмек көрсету үшін 214 мобильді топ құрылды. Олардың құрамына дәрігерлер, медбикелер және әлеуметтік қызметкерлер енген. Мемлекеттік органдардың 78 қызметтік көлігі уақытша мобильді бригадаларға берілді. 

Қазіргі таңда облыстың 116 мектебінде алғашқы медициналық көмек пункттері ашылған десек, онда тұрғындар алғашқы медициналық көмек пен кеңестер алуда.

Өзгелердің жаңалығы