Жамбыл облысында биыл егістік алқап 770,7 мың гектарға жетеді

25 Қаңтар 2023, 19:40
1030
Бөлісу:
Жамбыл облысында биыл егістік алқап 770,7 мың гектарға жетеді

Биыл аймақта ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 14,7 мың гектарға артып, 770,7 мың гектарға жетеді  деп болжанып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында облыста дәнді және дәнді бұршақты, майлы және көкөніс-бақша дақылдары мен картоп, қант қызылшасын отырғызуға басымдық беріледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек айтты.

Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 100 миллиард теңгеден астам қаржы қаралып отыр. Бұл қаржылар шаруаларға субсидия төлеуге, пилоттық жоба мен сүт тауарлы фермаларын құру, көкөніс қоймаларын салу, құс және балық шаруашылығы сияқты жобаларды іске асыруға жұмсалады, - деді Қанатбек Қайшыбекұлы.

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары «ҚазАгроҚаржы», «Аграрлық несие корпорациясы» секілді қаржы институтары асыраушы саланы дамытуға бағытталған бағдарламаларды қолға алғанын да жеткізді.

Спикерлердің қатарында болған ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков өңірде биыл 10 мыңнан астам алқапқа қант қызылшасын егу жоспарланып отырғандығын жеткізді.

Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 90,2 мың тонна тұқым көлемінің 68,9 мың тоннасы қамбада сақтаулы. Ал жетіспейтін қант қызылшасын, дәндік жүгері мен картопты, сүрлемдік жүгері және күнбағыс дақылдарының тұқымын өзге өңірлер мен шет мемлекеттерден жеткізу жоспарлануда. Жалпы, көктемгі егістік жұмыстарына 7317 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын жұмылдыру көзделіп отыр. Айта кетейік, былтыр асыраушы саладағы техникалардың жаңару көрсеткіші 11 пайызға жетсе, биыл 12 пайыз жаңарту жұмыстары жүргізілмек, - деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ ол облыс аумағында қант қызылшасының алқабын ұлғайту жұмыстары қолға алынғанын атап өтті. Оның айтуынша, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов және Шу аудандарындағы 10 мыңнан астам алқапқа тәтті түбір егу жоспарлануда.

Бұдан бөлек, брифинг барысында«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының өңірдегі филиалының директоры Жанар Шаймерденқызы шаруалар «Стандартты лизинг», «Экспресс-лизинг» және «Мастер-лизинг» бағдарламалары арқылы субсидияның игілігін көріп ортырғандығын айтса, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының директоры Бауыржан Тәжібаев өткен жылы 13 миллиардтан астам несие берілгенін тілге тиек етті.

Өзгелердің жаңалығы