Жамбыл облысында Меркі, Шу, Талас аудандарында ауданаралық көпбейінді орталық ауруханалар ашылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қажетті мамандармен және тиісті инфрақұрылыммен қамтылатын медициналық нысандар арқылы шұғыл және орта технологиялық медициналық көмек алу қашықтықтары айтарлықтай қысқаратын болады.
Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. Басқосуда денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанованың айтуынша, қазіргі таңда өңірде 389 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетуде.
2022 жылы 8,6 миллиард теңгеге 26 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп, оның 20 пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 474,7 миллион теңгеге 8 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал ағымдағы жылы облыста саланың инфрақұрылымын жақсару мақсатында 2,8 миллиард теңгеге 19 жоба басталып, оның 17-сі тапсырылады деп күтілуде. Осы жылдың ІІ-тоқсанында құны 14,1 миллиард теңгені құрайтын 200 төсектік облыстық онкологиялық диспансерді пайдалануға беру көзделген. Сондай-ақ, өткен жылдан өтпелі 5 нысан жобалары биыл аяқталады, - деді Жанар Оспанова.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдар аралығында облыста 5,2 млрд. теңгеге 30 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған.
Сонымен қатар, жоба шеңберінде 3 ауданда ауданаралық көпбейінді орталық ауруханалар құру бойынша қайта жаңғырту жұмыстары көзделуде.
Жоба барлық ауылдарды тиісті медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және халықты сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде, шұғыл және орта технологиялық медициналық көмек алу қашықтығы 500-ден 200 шақырымға дейін қысқарады. Денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейі 36,7 пайызға дейін төмендейді деп жоспарлануда.
Жиында саладағы кадр тапшылығын шешу мақсатында облыстың грантымен жалпы медицина мамандығы бойынша 42 білімгер білім алып жатқандығы айтылды.
Соңғы 3 жылда жергілікті бюджет есебінен 9,1 млрд. теңгеге медициналық құрал-жабдықтар және медициналық мақсаттағы бұйымдар алынды. Оған қосымша, қаржы лизингі шарттарымен облыстық жедел жәрдем стансасы 12 дана санитариялық автокөлікпен толықты. Нәтижесінде, осы жылдың 3 айында медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету облыс бойынша 90,8 пайызды құрап, 3,8 пайызға өсті.
Бұдан бөлек басқосуда бірыңғай әлеуметтік-медициналық сақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың есебі тыңдалды.
Облыс әкімі осы тұрғыда халық арасында түсіндіру шараларын күшейту және бұл бағыттағы ауыл әкімдіктерінің жұмысының маңыздылығын атап өтті. Сақтандырылғандардың санын еселей отырып, медициналық қызметтің сапасын да арттыру керектігіне басымдық берді.
Аймақ басшысы денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығын жою, мамандарды оқыту, барлық елді мекендерді алғашқы медициналық көмек көрсететін нысандармен қамту, қызмет сапасын арттыру секілді мәселелер бойынша жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.