Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы бұқаралық спорт саласы тұрақты ілгерілеу үстінде. Айталық, қазіргі таңда өңірде дене шынықтырумен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 382 мың адамға жуықтапты.
Бұл туралы аймақтағы әкімдіктің Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Нұрбол Жүнісбеков айтып берді. Бұл жамбылдық бұқаралық спортқа ден қойған тұрғындардың 33,5 %-ға жеткендігін аңғартады екен. Ал өткен жылмен салыстырғанда 28,4 мың адамға немесе 2,3 %-ға өскен.
Спортпен шұғылданатын дене мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыздың қатары 3 599-ды немесе 20,9 %-ды құрады. Былтырғыға қарағанда бұл көрсеткіштің 1,1 %-ға, яғни 210 адамға артқанын байқаймыз. Демек, саладағы шаруаларды жоққа шығаруға әсте болмайды. Нақты қолға алынған шаралар және жобалар бар. Бүгінгі күнге әулиеаталық 7-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің 35 мыңға жуығы немесе 16,2 %-ы спорттық секцияларға қатысады. Бұл да ілкімді істің жемісі деп білемін, - деді Нұрбол Әбдімәжитұлы.
Оның сөзіне қарағанда, Жамбыл облысы аумағында балалар мен жастарды, ересектерді спортқа баулитын 59 мекеме жұмыс істейді. Бұл санның 31-і аудандық спорт мекемелері санатына жатады. 7-уі – облыстық деңгейдегі спорт мектептері. Спорт түрлері бойынша 6 спорт клубы жұмыс істейді. Бұқаралық-спорттық шаралар өткізу орталығы, Жоғарғы спорт шеберлігі мектебі, Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығы, «Тараз-Арена» спорт сарайы, Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі сынды нысандар спортқа ебі бар жеткіншектерді тұрақты даярлау үстінде.
Өңірдегі Талас ауданында орналасқан №35 балалар-жасөспірімдер аула және дене шынықтыру спорт клубы мен Дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов және Сарысу аудандарындағы Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталықтарының жұмыстары да жүйелі жолға қойылған. Оларда ауыл балалары тұрақты жаттығады, қалаған спорт түрлерімен шұғылданады. Аталған арнайы спорт мекемелерінде бүгінгі таңда 1 046 оқытушы-жаттықтырушы 31 мыңнан астам спортшыны тәрбиелейді. Бұл жасөспірімдердің 21 482-сі ауылдық елді мекендерде тұрады, - деді басқарма басшысы.
Н.Жүнісбековтің айтуынша, Жамбыл облысындағы спорт мекемелерінде спорттың 74 түрі қамтылған. Оның ішінде 25-і олимпиадалық болса, 21-і олимпиадалық емес, 10 ұлттық, 8 паралимпиадалық, 7 сурдлимпиадалық және 3 паралимпиадалық емес спорт түрлері бар. Қазіргі кезде спорттың бірнеше түрінен 1 121 спортшы Қазақстан құрама командасының мүшелері атанған. Мұның 356-сы ересектер қатарынан болса, 370-і - жастар, қалғандары жасөспірімдер. Бұл - республикалық көрсеткіштің 10,3 %-ы.
Жалпы, Әулиеата топырағында 2 725 спорт нысаны бар десек, оның 1-еуі спорт сарайы, 17-сі стадион, 34-і спорт кешені. Сонымен қатар 687 спорт залы, 434 футбол алаңы, 1 493 спорт алаңшасы және 38 осы іспетті орталық жұмыс істейді. Бұлардың ішінде 2 700-ден астамын тұрғындар үшін қолжетімді деуге әбден негіз бар. Өйткені, бұл нысандарда тұрғындардың спортпен шұғылдануының арнайы кестесі жасалып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында және басқарманың, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің ресми сайттарында жарияланған. Тағы да айта кетерлігі, біз жыл басынан бері өңірде саламатты өмір салтын насихаттау бағытында барлығы 1 420 спорттық іс-шара ұйымдастырдық. Бұл іс-шараларға 83 мыңнан астам адам қатысты, - деді Нұрбол Әбдімәжитұлы.
Ол Жамбыл облысында Президенттік тестілеудің қысқы спорт түрлерінен тапсырғандар саны 34,9 %-ға жетіп, 398,3 мың адамды құрағанын жеткізді. Аймақтағы 164 ауылдық-қалалық округтің 146-сында нұсқаушы-әдіскерлер штаты ашылған екен. Оның 135-і ауылдық аймақтарда болса, 11-і қалалық аумақтарда жұмыс істеп жатыр.
Жамбылдағы салаға жауапты маман 2016 жылғы Рио-де-Жанейро ХХХI жазғы Олимпиадалық ойындарға қатысу лицензиясын өңірдің 5 спортшысы жеңіп алғанын еске салды. Олардың қатарында бокстан Олжас Сәттібаев, дзюдодан Елдос Сметов, жеңіл атлетикадан Михаил Красилов пен Светлана Голендова және олимпиадалық ойындардың салтанатты ашылу кезінде Қазақстанның мемлекеттік Туын көтеріп шыққан таэквондошы Руслан Жапаров бар. Сол сияқты биылғы Токио-2020 ХХХIІ жазғы олимпиадалық ойындарға қатысу лицензиясын да әулиеаталық 5 спортшы еншілеген.
Бұлардың ішінде дзюдошы Елдос Сметовтың төрт жылда бір келетін бәсекеде ел намысын жыртып, қола жүлдені иеленгеніне бәріміз куә болдық. Оның жақсы көрсеткішін алтынға балаған сарапшыларымыз да бар. Өйткені Елдос бозкілемде спорт өнерінің нағыз үлгісін көрсетті. Ал бокстан Азия чемпионы Әбілхан Аманқұлымыз болса бесінші орынға тұрақтады. Еркін күрестен Токио төрінде өнер көрсеткен балуанымыз Әлішер Ерғали, таэквандошы Руслан Жапаров, су добының шебері Алтай Әлтаев біздің топырақтың тумасы. Олардың да еңбектерін атап өтуге тиіспіз, - деді Нұрбол Жүнісбеков.
Басқарма басшысының мәліметінше, енді 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында Жапония астанасы Токиода өтетін XVI жазғы Паралимпиадалық ойындарда Қазақстан тарапынан 25 параспортшы 7 спорт түрі бойынша қатыспақ. Онда Жамбыл облысының Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубынан жүзу, таэквондо, жеңіл атлетика сынды спорт түрлерінен 4 спортшы ел намысын қорғайды. Олардың қатарында паражүзуден Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Зульфия Габидуллина мен жүзуден Қазақстанның спорт шебері Нұрдаулет Жұмағали, паратаеквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нышан Өмірәлі және жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Салтанат Әбілхасымқызы бар.