Жамбыл облысы, жер сілкінісі, жалпы жағдай қандай? – Сала маманына сауал

31 Қаңтар 2024, 23:44
1625
Бөлісу:
Жамбыл облысы, жер сілкінісі, жалпы жағдай қандай? – Сала маманына сауал
Фото: baq.kz

Елімізде соңғы уақытта тіркелген жер асты дүмпуі халықты біршама үрейге салды. Әсіресе, Алматы халқына қатты сезілді. Оңтүстік аймақтағы Жамбыл облысы да сейсмикалық аймаққа жатады. Осы орайда өңірдің қазіргі сейсмологиялық ахуалы жайында Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Сәуле Мұнатаеваға бірер сауал қойдық.

– Жамбыл облысы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан ба? Оның ішінде жер асты дүмпуі аса қауіп төндіретін аудандарды атап өтсеңіз?

– ҚР СН 2.03-30-2017 «Сейсмикалық аймақтардағы құрылыс» бойынша Тараз қаласы және Жамбыл облысының 8 ауданы (Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Т. Рысқұлов, Меркі, Шу, Қордай, Талас аудандары)7-8 балдық жер сілкінісі кезінде қауіпті аймақ саналады. Жалпы, 2-4 балдық жер сілкінісі аудандық аймақ үшін қауіп төндірмейді. Тұрғындар жылына бірнеше рет қайталанатын дүмпуі төмен жер сілкінісін байқамай да қалады. Дегенмен, 2003 жылы Луговойда болған қатты жер сілкінісі үлкен зардабын әкелді. 2003 жылы Тұрар Рысқұлов ауданында магнитудасы 6-8 балдық жер сілкінісі болған еді. Зілзаланың эпиорталығы Луговой станциясында болды. Станциядан басқа аудан орталығы, Құлан ауылы мен Абай кенттері зардап шеккен. Сол кезде 5 үй толығымен қирап, 7 мың тұрғын үйге қатты залал тиген. 18 мектеп пен 12 аурухананың ғимараты да қатты бүлініп, 21 мың адам баспанасыз қалған болатын. 29 адам зардап шегіп, үш адам қаза тапқан еді.

– Облыста жер сілкінісі кезінде халық паналайтын дайын пункттер бар ма?

– Жамбыл облысы аумағында барлығы 318 пункт бар. Жуалы ауданында – 38, Жамбылда – 17, Байзақ ауданында – 1, Т.Рысқұлов ауданында – 30, Меркіде – 36, Шуда – 2, Қордайда – 50, Таласта -13, Мойынқұм ауданында -24, Сарысу ауданында – 5, Тараз қаласында 61 құрастырмалы эвакуация пункттері бар. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда қосымша шатырлар орналастырылады.

– Жер сілкінісі кезінде азаматтардың қауіпсіздік талаптарын сақтауына байланысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Соңғы кезде тіркелген жер асты дүмпуі халықты бірақ әбігерге салды. Дегенмен дүрлігуге болмайды. Ұйымдастырылған жұмыс нәтижесінде эвакуацияға қажетті жағдай жасалуда. Көлікпен тасымалдау, медициналық көмек, қоғамдық тәртіпті және қозғалыс қауіпсіздігін қадағалау, инженерлік, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, ескертулер мен байланыс арнасын үзбеу және барлау, бақылау жұмыстары халық арасында жүргізілуде. Әрбір жауапты сала өзіне тиесілі қызметті жүзеге асыруға дайын.

– Сәуле Мұнатайқызы, ескертуді елдің бәрі біледі. Дегенмен, төтенше жағдай қызметінің маманы ретінде тағы бір баса айтып өтер ескерту?

– Барлық төтеншеліктер ұсынатын жадынаманы тағы қайталаймын. Жер сілкінісі кезінде мына ережелерді қатаң сақтауды ұсынамын:

1. Сабырлы болу, дүрлікпеу, үрейге бой алдырмау.

2. Соққы кезінде лифт пен баспалдақты пайдаланбау.

3. Жиһаздардан, терезелерден, люстралардан алыс жүру.

4. Егер жоғары қабаттарда болсаңыз, негізгі қабырғалардың бұрышынан орын алу.

5. Үй-жайдан алыс кету.

6. Суды, газды, электр қуатын өшіру.

7. Дабыл чемодан алу (алдын ала дайындалған)

8. Электр желісі, ғимараттан, ағаштардан аулақ болу.

Сонымен қатар, қарттар мен жас балаларға, жалпы бір-бірімізге қамқорлық таныту басты қағида екенін айтқым келеді.

– Сәуле Асетқызы, алда аймақтағы төтенше оқиғалар мен оның алдын алу жөнінде сұрақтар жалғасатын болады. Әзірге пайдалы кеңесіңізге рахмет. 

Өзгелердің жаңалығы