Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылдың 25 ақпанында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы Қорқыт этно ансамблінің Жамбыл Жабаевтың 175-жылдығына арналған «Жыры әлемді шарлаған» атты онлайн концерті өтті.
Кештің мақсаты - бала жасынан домбыраны серік етіп, ел ішіне ақындығымен танылған, екі ғасырдың куәсі болып, саналы ғұмырын ән мен жырға арнап, ұрпағына мол мұра қалдырған КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай ақынның музыкалық мұрасын көрермен назарына ұсынып насихаттау.
Өз замандарының жоғын жоқтап, мұңын жырлаған Асанқайғы, Қазтұған, Шалкиіз, Доспанбет, Жиенбет, Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Қаблиса, Сүйінбай сынды жыраулар мектебінің соңғы өкілі - Жамбыл ақын екені сөзсіз.
Ауыз әдебиетінің алыбына баланған өз заманының күрескер ақыны, жасынан өлең-жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, «Менің пірім - Сүйінбай...» деп өзі жырға қосқандай, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алған жыр алыбының мерейтойында Қорқыт этно ансамблі, Шалқыма би ансамблімен бірге Айгүл Қосанова, Арайлым Рахымқызы, Нұрай Танабаев, Алуа Қалымбекова, Данияр Мұқан, Перизат Тұрарова, Жазгүл Данылбаева, Айдос Оңғарбай, Арафат Искаков сынды өнер иелері ән салды.
Өз кезегінде Республикалық байқаулардың жеңімпазы – Перизат Тұрарованың сөзінше, концерт өте жоғары деңгейде өтті.
Жырдан маржан шашқан Жамбыл бабамыздың мұрасы өлмек емес. Әрине егер бүгінгі кеш онлайн емес зал толы көрерменмен өткенде халық әуезді керемет кештің куәсі болар еді. Дегенмен алғашқылардың бірі болып бұл мерейтойды біз бастап жатырмыз, әлі жыл соңына дейін үлкен деңгейде тағы бір атап өтетінімізге сенімдіміз. Бүгін сахнада ән салған әріптестеріме алғысымды білдіремін, - деді ол.Оның айтуынша, өлмейтұғын артында із қалдырған бабалар мұрасын насихаттап жеткізу басты міндет.