Жамаубаев бюджет жыртығын жамауға екі банктен 1,5 млрд еуро алмақ

24 Қараша 2020, 12:05
1810
Бөлісу:
Жамаубаев бюджет жыртығын жамауға екі банктен 1,5 млрд еуро алмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жылы бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін Қазақстан Азия Даму банкінен 908,6 миллион еуро және Азия Инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен тағы 661,8 миллион еуро қарыз алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Қаржы министрі Ерулан Жамаубаев айтты.

Ол депутаттар қарауына «Қазақстан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР заңының жобасы ұсынды.

Қазақстан Республикасы мен Азия Даму банкі арасындағы 908 миллион 596 мың еуро сомасында қарыз туралы келісімге қол қойылды. Қарыз 2021 жылға арналған бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталатын болады. Бұл COVID-19 пандемиясының салдарымен күрес және экономиканы қалпына келтіру бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шараларын қолдауға мүмкіндік береді, - деді Ерулан Жамаубаев.

Оның айтуынша, өтеу мерзімі бойынша қарыз екі бөлікке бөлінген. 454 млн 298 мың еуро сомасындағы қарыздың бір бөлігі, яғни жартысы 3 жылдық жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 10 жыл мерзімге беріледі. Ал қалған екінші жартысы 3 жылдық жеңілдікті қоса алғанда 5 жылға беріледі екен.Сыйақы мөлшерлемесі ‒ Еурибор+0,50%-ті құрайды.

Келісімде белгiленген қаржылық шарттарға сәйкес қарызға қызмет көрсетуді және оны өтеуді республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын болады. Көрсетілген қаражатты тарту бюджеттің бекітілген тапшылығы жағдайында өте маңызды. Сондықтан келісімнің жақын арада күшіне енуі маңызды. Бұл қаражат Азия Инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің пандемияға қарсы күрес жөніндегі арнайы шешімімен Қазақстан Республикасы үшін осы жылға резервтелген, - дейді министр.


Өзгелердің жаңалығы