Жалғас Сандыбаев: «Философ», «әкім» және «имам» деген сөздің мағынасы бір

28 Қаңтар 2024, 15:43
3015
Бөлісу:
Жалғас Сандыбаев: «Философ»,  «әкім» және «имам» деген сөздің мағынасы бір
Фото: жеке мұрағаттан

Құдай, адам, қоғам, мемлекет өміріндегі саясат, гуманизм, мораль мәселелері – ғасырлар бойы заманынан озық туған ғалымдардың басты мәселелерінің бірі. 

Бұл мәселелерді айналып өткен философ жоқ десек қателеспейміз. Тіпті сонау антикалық дәуірден бастау алған «Құдай», «бақытты қоғам», «бірінші басшы», «ізгілік және зұлымдық», «әрекетшіл ақыл», «интеллект» сияқты категорияларды зерделеген грек ойшылдары өздерінен кейінгі ғалымдарға көптеген ойлар салып кетті. 

Бұл ұғымдарды жаңаша пайымдап, ақылға салып, жаңа қырынан таныту қажеттілігі туды. Осы аралықта қоғамда факиһтер (мұсылман құқықтанушылары), араб тілді перипатетиктер және саяси-әдептік теорияларды негіздеушілер топтары қалыптасты. Дана, ұлы ойшыл, ғалым-энциклопедист Әбу Насыр әл-Фараби жоғарыда айтылған перипатетиктердің қатарында еді. Кейде бұларды утопиялық теориялардың негізінде түрлі «қайырымды қалаларды» жасаушылар деп те атайды.

Осы салада ғылыми зерттеу жасап, еңбек жазып жүрген ғалым, философия ғылымдарының кандидаты Жалғас Сандыбаевпен аз-кем әңгімелескен едік.

– Жалғас мырза, Әбу Насыр әл-Фараби еңбектерінде азаматтары бұл дүниеде рахат өмірге, о дүниеде асқақ бақытқа кенелетін, қылмыс жасамайтын, тұрғындары ізгілік қылғанды жақсы көретін, басшысы әділ қоғамды құру жолын түсіндіреді. Сіз осы салада біраз ізденген ғалымсыз ғой, әңгімемізді осыдан бастайықшы.

Дұрыс айтасыз. Мәселен, әл-Фарабидің «Тахсил әс-сағада» (Бақытқа жету жайында), «Әро-у әхлу әл-мәдинати әл-фазилә» (Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары), «Әс-Сиясату әл-Мәдәния» (Азаматтық саясат) сол сияқты басқа да шығармаларының барлығы жоғарыда айтқан сөздерімізге дәлел. Ол өзінің «Бақытқа жету жайында» атты еңбегінің алғашқы бетінде «Адамның басына дарыған төрт түрлі нәрсеге халық пен қала тұрғындары қол жеткізсе, олар бұл өмірде дүние бақытына, арғы өмірде ұлық бақытқа жетеді. Бұлар: теориялық ізгіліктер, ойшылдық ізгіліктер, этикалық ізгіліктер және практикалық өнерлер» деп жазады.

Әл-Фараби мұнда негізгі эстетикалық категорияны негіздеуге үлкен мән береді. Дәлірек айтқанда, басқаларға үлгі болатын басшыға лайық сұлулық категориясы. Сұлулық – бұл адам сұлулығының, рухани және адамгершіліктің физикалық көрінісі. Ойшылды діни мистиктермен салыстырғанда адам баласының бақытқа кенелуін тек арғы дүниеде емес, керісінше оның бұл дүниеде бақытқа қол жеткізуіне себеп-салдарды іздеді.

Ғалымның пікірінше, қоғам бақытқа жетуі үшін әрбір азамат қол жеткізуі тиіс төрт ізгілік бар.

– Ол қандай ізгіліктер?

Бұл дүниеде һәм арғы дүниеде бақытқа кенеледі деп отырған төрт нәрсе: теориялық ізгіліктер, ойшылдық ізгіліктер, этикалық ізгіліктер және практикалық өнерлер.

– Ғалымның ойын жақсырақ түсіну үшін осы аталған төрт ізгілікке қысқаша анықтама бере кетсеңіз.

Жалғас Сандыбаев: Ізгілік деп не нәрсені түсінуіміз қажет? Әл-Фарабидің тілімен айтқанда: «Теориялық ізгіліктер дегеніміздің түпкі мақсаты – өмірде бар нәрселерді рационалды қамтып және сонымен ғана көз жеткізетін білімдер. Бұл білімдердің ішінде адам ана құрсағынан дүниеге келген кездегі әуел бастан көңілге тоқылған білімдер бар». Демек кейбір ғылымның түрі адаммен бірге ана құрсағынан келетін болғандықтан, ол бұл білімдердің қалайша және қайдан келгенін білмей де қалады. Сондықтан бұларды әл-Фараби «алғашқы білімдер» деп айтады. Алғашқы білімдер үшін арнайы уақыт бөліп оқу шарт емес. Бұл – өмірмен, тәжірибемен келетін білімдер. Адам әуелі осы білімдерге ие болады.

«Алғашқы білімдерден кейін бұларды тексеру, зерттеу және оқу арқылы келетін ғылымдар қалыптасады» деп әл-Фараби адамның ақыл-ойын жоғары қояды. Ол теориялық ізгіліктердің ішіне азаматтық білімді де жатқызды. Себебі, адам алғашқы білімнен кейін «қалайша?» (кәйфа?) және «бұл не нәрсе?» (мә һәзә?) деген сұрақтарға жауап іздеп, өзінің адами тұлғасын қалыптастырады.

Әл-Фарабише азаматтық ғылым – адамды «кәміл инсан» (инсанун кәмилун) болу мақсатына алып баратын жолды қарастырады. Бұл жол – қайырымдылық пен ізгі амал жолы. Яғни, адамның кәміл болуы үшін дем беретін немесе соған жету үшін адамға игілік, ізгілік, қайырымдылық түрінде пайда келтіретін барлық зат біткенді зерттейді де, бұларды өзінің осы кәмелетке жетуіне бөлек болатын жамандық, шалағайлық, қаскүнемдік сияқты заттардан бөлек алып қарайды. Сөйтіп ойшыл адамның кәмелетке жетуі үшін оның бойында болуы қажет қасиеттерді жеке дара атап көрсетеді де оның қандай сипаттардан арылу керектігін айтады. Бұл жерде қайырымдылық пен дос болу, ізгілік амалдарын орындау, игілікпен бірге жүру сияқты әл-Фарабидің гуманистік идеялары анық көрінеді.

Себебі әл-Фарабидің «адам» философиясында «әрбір адам баласы болмысынан бақытты болуды қалайды» теориясына сүйенді. Ол осы пікірді негізге ала отырып бақытқа жету концепциясын жалғастырады. Ғалымның бұл философиялық әдісі логикадан бастап метафизикаға дейінгі аралықты қамтыды. Бақытқа жету ізгілік арқылы іске асады. Мұндағы ізгілік әдетте адам баласы түсінетін амалдағы ізгілік қана емес, керісінше адамның ойы, амалы, жүрісі мен тұрысы, мақсаты барлығы ізгі болуы тиіс. Өйткені бақыт тек материалды затпен шектелмейді, оның өлшемі кең екенін түсіндіруге тырысты. Мұндағы теориялық ізгіліктердің орны айырықша.

«Теориялық білімді не имамдар мен әкімдер, не теориялық білім меңгеруге қабілетті адамдар үйрене алады. Осы екі топ, жоғарыда айтылғандай, көптеген әдіспен тәлім алады. Алғашында олар теориялық білімдердің әрбір тегіндегі бастапқы алғы шарттар мен алғашқы білімдер туралы, онан соң алғы шарттардың түрлері мен тәртібі жайында мағлұмат алады».

– Теориялық білімді қарапайым адамнан бұрын имамдар ғана ала алады дегенді қалай түсінуге болады?

Әл-Фарабидің мұнда «имам» деп отырғаны – «көшбасшы», «тұлға», «алдағы адам», «бастаушы адам», «жамағаттың алдында намаз қылушы», «адамдар үшін жауапты кісі». Ғалым бұл жерде «әкім» сөзінен бұрын «имам» сөзін жай келтірмеді. Ортағасырда имам сөзінің мағынасы кең еді. Имам тек мешітпен немесе құлшылық жасау рәсімдерімен шектелген жоқ. Имам – басшы әрі ұстаз. Ол басқаларға қарағанда философ сияқты жүйрік ойлы, шешен сияқты өткір сөзді, тапқыр әрі зерек. Имам бір мәселеге қатысты шешім шығармас бұрын, оған осы дүние һәм о дүниенің өлшемдерімен қарап, салмақтап барып шешім шығарады.

Ойшылдың сөзімен айтқанда: «...оның өнері – ең күшті өнер, ойлауы – ең күшті ойлау, білімі – ең күшті білім болады, әйтпесе ол өз мақсатын жүзеге асыру үшін өз бойындағыдан тыс басқалардың күштерін жинауға тиісті болар еді». Дегенмен, әл-Фараби де өзінен бұрынғы грек ойшылдары сияқты философтардың орнын ерекше қойды. Ойшыл «имам», «әкім» және «философ» туралы былай деп айтады: «Олар – өздерінің теориялық танымдарында жалпы жұрт қостаған пікірімен шектеліп қала алмайтын таңдаулы жандар». Күні бүгінге дейін «философ» деп айтса атеист, Құдайды жоққа шығаратын адам деген стереотип бар. Бірақ, ғалымның айтып отырған «философы» – Кеңес өкіметінің тұсында әдейі қалыптастырған «атеист философ» ұғымынан басқа, даналық пен ақыл иесі ақиқатты, жаратылысты зерттейтін философ. Әлбетте, «философ», «бірінші басшы», «әкім», «заң шығарушы» және «имам» деген ұғымдар – бір ұғым.

Енді әл-Фараби айтқан халықты бақытқа жетелейтін төрт ізгіліктің екіншісі – ойшылдық ізгілікке келер болсақ, «Ойшылдық ізгілік дегеніміз – әлденендей бір ізгі мақсатта барынша көп пайда келтіретін нәрсені анықтауға жұмсалатын ізгілік» деп, адамның ойлау қабілетіне қатысты айтқан ойшылдық ізгілікке тек адамға, қоғамға пайда келтіретін нәрсенің жолында ғана жұмсалатын ақылдың қабілетін жатқызды. Ал жамандықты көздейтін мақсат үшін жұмсалған ақылды және бұзықтық, пасықтық үшін ұтымды жолдарын іздеу үшін барынша жұмсалған ойлау қабілетін ойшылдық ізгілік деп атамай, оған басқа есім іздеді.

Егер ойлау қабілеті адамдарды алдау-арбау жолында көп пайда келтіретін нәрсені анықтау үшін жұмсалатын болса, онда мұны «ойдағы жалған ізгілік» деп атады. Әл-Фарабидің ізгі адамы сыртқы көрінісінде қайырымды адам болуымен қатар, оның ақыл-ойы да игілік мақсатында жұмыс жасап, қоғамға, адамдарға оңды әсер етіп, пайда келтіруі тиіс. «Ізгі мақсатқа қажет және ізгі мақсаттағы ең пайдалы нәрсе – сол мақсаттағы ең әдемі нәрсе» дейді ойшыл. Себебі ізгілік, жақсылық ұғымдарының өзегі және олардың сондай ізгілік пен жақсылық аталуының басты себебі: жақсылық – басқаға, қасыңдағыларға, қоғамға пайда келтіру. Қасыңдағыларға ізгілік жасау арқылы өзіңе жақсылық жасаған боласың, ол бұл өз кезегінде сені бақытқа жетелейді. Адамның және қоғамның бақытқа жетуіне ойшылдық ізгіліктің маңызы зор. Барлық жақсылық пен ізгілік әуелі адамның ойында көрініс тауып, кейін іске асады.

– Яғни, әл-Фарабидің пайымдауынша, өзге адамға жақсылық жасап тілектес болмайынша, адамның қалаған ізгілігі нақ ойдағы ізгілік бола алмайды ғой...

Солай. Ойдағы ізгілік қабілеті адамның жеке басында кездеседі. Оның қаншалықты жаман-жақсылығын адамның таңдап алған мақсатынан анықтауға болады. Ізгілік қабілеті бір адамның бойында немесе әртүрлі адамның бойында да болуы мүмкін. Бірақ, басшы болатын кісіде ізгілік басым болуы тиіс. Ізгілік қасиеті мен қабілеті жоқ адам, – дейді ғалым, – басшы бола алмайды, халық басында отырмайды.

Адамдардың тектері олардың жаратылысынан, өнер, ғылым сатыларына жіктелуіне сәйкес ажыратылады. Олар осы нәрселерге жаратылысынан бейім болады. Қайсыбір текке жаратылысынан әзір тұратындар сол тектің бөлшектеріне сәйкес жіктеледі. Бұл тектің неғұрлым пәс бөлшектеріне жаратылысынан бейім адамдар, сол тектің неғұрлым лайықты бөлшектеріне бейімделгендерден өзгеше болады. Қайсыбір текке және тектің қайсыбір бөлшегіне жаратылысынан бейім адамдар, өзінің алдын ала бейімдігінің жетілген-жетілмегеніне сәйкес ажыратылады. Соған орай әл-Фарабидің «төрт ізгілік» тұжырымдамасының үшіншісі – этикалық ізгіліктер.

Этикалық ізгіліктер мен акциденциялар түрлі халықтарда әртүрлі болып және мезгіл мен мекен өзгерген сайын ол екеуі өзгеріп отырады. Мысалы, инабаттылық, байлық сияқты нәрселердің бәрі де ерікке қатысы бар. Ақыл-оймен пайымдалатын ұғымдарды алатын болса, онда бұлармен бір мезгілде нақты байланысты акциденциялар басқа уақытта байланысты болған акциденциялардан өзгеше келеді. Бір халықтың қолында дағдылы саналатын нәрсе екінші бір халықта кездесетін нақты акциденциялардан басқа болады. Сондықтан да жаратылысында берілген қасиеттері жағынан тепе-тең адамдар өздері бейім тұратын нәрселер арқылы алатын тәрбиесіне қарай ажыратылады. Әдептілік пен тәрбиесі әртүрлі болғандықтан, адамдардың мінезі де әркелкі. Ғалымның пікірінше, әрбір адамның тәрбиесі әртүрлі. Бұл оның отбасына, қоғамына, ортасына, жағрафиялық орналасуына тіпті ауа райына да қатысты. Рас, табиғаттың жиі ыстық, суық немесе тұрақты орташа болуы да адамның мінез-құлқына әсері бар.

Әл-Фараби жай ғана ақиқатты іздеген жоқ, оған ақиқатты тауып, оны адамдардың игілігіне жұмсау маңызды. Ол адамның бақытқа кенелу жолдары жайында ой-жүгірткен кезде экономика, саясат, мемлекеттік құрылым, отбасы, жанұя мәселелерін рационалды түрде ақыл елегінен өткізіп отырды. Ойшыл өз ілімінде жақсылықты жамандықтан айыратын ғылым сияқты түсінген этикаға да көп мән берді. Себебі этика, адамдардың бір-бірімен келісіп, тіл табысып отыруы үшін ауадай қажет дүние деп санады. Әл-Фараби сол кездегі дәстүрді ұстана отырып барлық ғылымды теоретикалық және практикалық деп екіге бөледі. Теоретикалық ғылым – математиканы, физиканы, метафизиканы қамтыды; практикалық ғылым өз ішіне – этика мен саясатты алды.

Әділеттіліктің қалыптасқан нормасы, әмбебап заңдар қажет екендігін ескерте келе ол заңдардың тәрбие арқылы жүзеге асатындығын дәйектейді. Оның ойынша, еңбексіз заң да, қоғам да ілгері дами алмайды. Ұлы ойшылдың заң күші туралы осы айтқандарынан қоғамдық келісімдер туралы идеяның алғашқы ұрығы жатқандығын аңғару қиын емес. Бұл идея Еуропада көп кейін өріс алды. Қоғам азаматтарының қарым-қатынас этикасын реттейтін әмбебапты заңдар, заңнамалық актілер.

Исламның да әлеуметтік-саяси теорияларындағы мемлекет туралы барлық ілімдер өз бастауын құдіретті заң – шариғаттан алады. Шариғат теориялық тұрғыда мәңгі, қоғам мен мемлекеттің алдында абсолюттік игілік деп қарастырылды. Билеушімен өзге де билік өкілдерінің негізгі мақсаты мен қызметі шариғат заңдарын өмірге енгізумен сипатталды.

Демек, фикх пен исламның барлық әлеуметтік-саяси доктриналары мемлекет қалай пайда болды, ол неге және не үшін өмір сүреді деген сұрақтарды қоймайды. Бұл доктриналардың негізі адамның бір-бірімен қарым-қатынасы, құқықтары мен міндеттері құдіретті аянмен анықталған, демек Құдайдың заңы жалғыз суверен, авторитет деген қағида болып табылады. Сонымен қоғамда, мемлекетте азаматтардың, қала тұрғындарының өзара қарым-қатынас этикасын реттеп отыратын заңдар жиынтығы.

Әл-Фараби қала тұрғындарын бақытқа жетелейтін ойшылдық ізгілік пен этикалық ізгіліктің бір-бірінен ерекшелігі болғаны сияқты, олардың арасындағы тығыз байланысты да атап көрсетеді. Адамның ақылындағы ойшылдық ізгілік неқұрлым жақсы болса, соғұрлым адамның амалдағы этикалық ізгіліктері де кемелдене түседі. Ал енді адамның ойшылдық ізгілігі өзінің жеке мақсатымен шектеліп әрі жеке жағдайына ғана қатысты болса, онда оның этикалық ізгілігі де осыған сәйкес келуге тиіс. Адамның іс-әрекеттері оның ниетіне қарай көрініс табады.

Негізінде ежелгі грек ойшылдары әлеуметтік-саяси мәселелерді этиканың шеңбері мен терминдерінде қарастырса, ал мұсылман ойшылдары бұл мәселелерді діни пәндердің шеңбері мен терминдерінде талқылады. Бұлардың екеуі де қоғамдық моральды біртұтас, жалпы моральдық мақсат тұрғысынан қарастырды: адам үшін ізгілік – қоғам үшін игілік. Басқаша айтқанда, жеке индивид үшін жасалған ізгілік, қоғамның дамуына, әлеуметтік жағдайына көрсеткен жақсылық саналмақ. Себебі ол индивид сол қоғамды қалыптастырушы, оны құрушы қоғам мүшесі. Сол сияқты қоғам үшін жасалған ізгілік, қала тұрғындарына, қоғам мүшелеріне көрсетілген ізгілік. Қала тұрғындары осы қоғамда өмір сүріп, өсіп-өнеді. Ғалымның философиясына сәйкес осылай ойлап, әрекет ету – этикалық ізгілік.

Индивидтің жақсы қасиеттері мемлекет үшін де жақсы қасиет, ал мораль тек ұжымдық күш-жігер арқылы ғана іске асырылатын абсолюттік игілікке бағытталады деп қарастырылды. Кеңестік танымал философия тарихшысы

В. Ф. Асмустың айтуынша, «тек Платонға ғана емес, ежелгі грек ойлауы мен дүниетанымына мейлінше тән көзқарас – бұл қоғамның ерікті мүшесі өзінің тиесілі болған мемлекеттік бүтіндігінен ажырамас тұтастыққа орайлас шешілуі тиіс».

Дәл сол сияқты этикалық ізгілікке сәйкес әл-Фараби үшін де мемлекеттің игілігі туралы ілімнен тыс индивидтің игілігі туралы ілімнің болмайтыны белгілі. «Бақытқа жету жайында» атты трактатта ғалым өз бетінше этика, мемлекеттік формалардан ғана емес, адамгершілікті қарастырудан тұратын саясат ретінде талданады. Фараби үшін мемлекет – өмірдің жетілген формасы, «бақытты өмірдің ортасы». Мемлекет «әділеттілік» деп саналатын жалпы игілікке қызмет етеді. Әл-Фарабише данышпан-философқа берілген және данышпан қабылдаған заңдар ғана мемлекеттің игілігін қамтамасыз етеді. Демек, бақытқа ұмтылу – бұл практикалық мақсаттарды да, теориялық мақсаттарды да қамтитын кемелдікке ұмтылу.

– Халық қайтсе бақытты болады?

Бұл жолда ойшылдың пікіріне сәйкес, халықты бақытқа жетелеуде білімнің төрт түрі бар олар: біріншісі – теориялық ізгілік, осының арқасында өмірдегі заттар анық дәлелдемелер арқылы ақылмен пайымдалады; бұдан кейінгісі – иландыру арқылы қол жететін нәрсенің мәнін ақылмен пайымдау; онан соң – осы ақылмен пайымдалатын мәндердің бейнелерін арқау еткен, иландыру арқылы расталған білім; бұдан кейін – осы аталған үш білімнің түрінен белгілі бір халықтардың арасында тараған білім. Бұлардың әрбірі бір-бірін қамтып соның арқасында халық кемелденіп, бақытқа жетеді дейді.

Ал Батыс перипатетигі Ибн Рушд болса бұл мәселе туралы сөз қозғағанда, ол бұл білімдердің әрбірін адамдардың ақыл деңгейлеріне байланысты белгілі топтарға меншіктеп берген. Олар: дәлелдеу, тартысу, мысал келтіру және практикада қолдану. Дәлелдеу білімі – таңдаулы адамдар үшін, яғни философтар үшін, тартыс білімі – мутакаллимдер үшін, мысал келтіру мен көркем сөз – бұқара халық үшін.

Осы орайда әл-Фараби «Қайсыбір салада оң нәтижеге жетуге қабілетті адамдар қабілеті жоқ адамдардың басшысы болады» деген ойды алға тартты. Бұл адамдар тәрбиенің нәтижесінде қол жеткізген жақсы немесе нашар басқару, кеңесші болу қабілетіне қарай бөлінеді. Жақсы басшылық жасап, жақсы ақылгөй болуға қабілеті бар адамдар басқалар үшін басшы болмақ: «Қайсыбір салада неғұрлым жетілген тәрбие көргендер нақ сол салада соғұрлым кәміл емес тәрбие алғандарға басшы болады. Осындай салада жаратылысынан ең абзал қасиеттері бар және жаратылысынан өзі бейім нәрселердің бәріне сәйкес тәрбие алғанда осы салада жаратылысынан тамаша қасиеті еш уақытта болмағандарға басшы бола алмайды; олар жаратылысынан тамаша қасиеті бар, бірақ тиісті тәрбие алмағандарға ғана немесе жеткілікті тәрбие алмағандарға ғана басшы бола алады», – дейді ғалым.

Ғалым бақытқа жету жолын және оған жетелейтін төрт түрлі білімді немесе ізгіліктерді баяндағанымен оны әрбір ақыл иесі түсіне бермейтінін де айтады. Сол үшін адам бақытқа жетелейтін ұстазға мұқтаж. Адамның өмір сүру мақсаты ең жоғарғы бақытқа жету болатын болса, ол адам бақыттың не екенін білуі қажет және оны өзінің мақсаты етіп қойып, соған ұмтылуы тиіс. Қала тұрғына ол бақытқа жету үшін не істеуі керек екенін біліп, соған әрекет жасауы тиіс. Ойшыл бұған қатысты өзінен бұрынғы ғалымдардың айтқан пікірлерін талдай келіп, мынадай айқын қорытынды жасайды: білуі тиіс болған нәрселер мен бақытты кез келген адам біле бермейді. Бұл әрбір адамға берілетін қасиет емес. Ол үшін ақылгөй ұстаз керек.

Осыдан келіп, әл-Фараби айтқан қала тұрғындарының басына дарыған «төрт ізгіліктің» төртіншісі – практикалық өнер келеді. Бұл өнерді игеруі тиіс индивиттер, олар – ұстаз, патша, әкім, басшы жалпы басқаруға қабілетті азаматтар. Ойшыл бұл өнерді пайдаланып, адамдарға жеткізудің екі әдісін ұсынады: біріншісі, шешендік өнер, қызыл тіл арқылы халықты иландыру әдісі. Олардың көңілінен ойып тұрып орын алатындай сиқырлы, қанатты сөздерді қолдана білу. Оларға осы әдісті қолдана отырып, шынайы бақыттың не екенін түсіндіру, оған жететін жолды айшықтап айту, қоғамдағы ортақ құндылықтар мен асқақ мақсатты баяндау және т.б. ғалымның айтуынша көптеген әкімдер бақыттың не екенін айтып, бірақ, оған жету жолын түсіндірмейді. Халық әкімнің сөзіне сеніп, оның артынан еруі үшін алдымен оның өзі соған лайық болуы шарт.

Практикалық өнерді халыққа дарытудың екінші әдісі – өз ерік-қалауымен, көңілімен оңалуға немесе жақсаруға келмейтін, бүлікшіл, бұзықтыққа бейім қала тұрғындарын күштеп тәрбиелеу. Ізгілікті, жақсы мен жаманды айыру жолдарын үйренгісі келмейтін азаматтарды мәжбүрлеп тәлім беру тәсілі.

Басқа адамға басшылық ету де әр адамның қолынан келмейтін ауыр іс. Сол сияқты әкімге жақсы кеңесші болу қабілеті де әрбір адамда болмайды. Ал енді басшы болуға қабілетсіз, басшыға кеңесші қызметін көрсетуге қабілеті жоқ адам ешбір жағдайда басшы бола алмайды. Ол тек басқаға бағынышты, қызметші болады. Басшылық қылуға, басқа адамдарға үлгі әрі жетекші болуға білімі де қабілеті де жеткілікті адам – басшы. Егер басшылық қабілеті бар, бірақ өздігімен көтеріле алмайтын адамға кеңес беріп, оны көтермелеп басшы қылса, онда ол біреулерге басшы бола тұра, басқалардың басшылығында болады.

Ғалымның айтуынша, билікте отырғандардың кейбірі шағын билікті қанағат тұтса, басқалары биліктің ұзақ және мол болуын қалайды. Басшылықтың қайсы түрі болса да, сырттан пікірлес кеңесші немесе сол билікке демеуші біреулердің болуы заңды. Бірақ, басшы олардың берген ақыл-кеңесінің бәрін орындай бермейді. Бұл жағдай адамдардың басым бөлігіне тән. Сондықтан адам осының барлығын үйрететін және тиісті амалдарды орындауға кеңес беретін кеңесшіге зәру. Расында да, мемлекет азаматтарына ізгілік үйретуші адам – ұстаз. Егер біз ортағасыр мұсылман ойшылдарының еңбектеріне шолу жасар болсақ, онда ілім үйреніп, кейін басқа адамдардың үйренуіне жәрдемші болу ең үлкен шарапат болғанын байқаймыз.

Сонымен ұлы ойшыл айтқан «төрт ізгілік» философиясы – қала тұрғындары бұл дүниеде бақытқа һәм ақыретте мәңгі шаттыққа жетулері үшін бастарына дарыған ізгілік. Сондықтан, қоғам мүшелері өздерінің қабілеттеріне сай, осы – теориялық, ойшылдық, этикалық ізгіліктер мен практикалық өнерлерді игерулері тиіс болды.

Әл-Фарабидің теориялық қалалары қанша жерден утопиялық деп айтылғанымен, ондағы негізгі ой тұжырымдары күні бүгінге дейін өзекті. Оның бір ғана «төрт ізгілік» концепциясы осыған мысал. Мұнда қамтылған ұғымдар мен әдіс-тәсілдерді ел басқаруда, билік саясатында, бақыт үшін күрес жолында, қоғамды дамытуда, әлеуметтік өмірде сол сияқты т.б. салаларда практикалық негізде қолданылып келеді. Данышпан әл-Фарабидің мұрасы рухани жаңғыру аясында жаңаша зерттеулерді қажет етеді.

– Салихалы сұхбатыңыз үшін рахмет!

Өзгелердің жаңалығы