- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Жалған ақпарат, ұрланған фото, жеке деректер: Жаңа заңда қандай жауапкершілік қарастырылуы мүмкін?
Жалған ақпарат, ұрланған фото, жеке деректер: Жаңа заңда қандай жауапкершілік қарастырылуы мүмкін?
Цифрлық ортада адамның ар-намысы, жеке өмірі мен беделін қорғау мәселесі өзекті. Жаңа Азаматтық кодекске ұсыныс айтылды.
19 Қараша 2026, 10:39
Қазақстанда жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде азаматтардың цифрлық ортадағы жеке мүліктік емес құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Атап айтқанда, адамның бейнесін келісімінсіз пайдалану, жалған ақпарат тарату және жеке деректерді заңсыз жариялау жағдайларына қатысты құқықтық тетіктерді жетілдіру ұсынылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу бастамасы азаматтық заңнаманы заман талабына сай жаңартуға мүмкіндік береді. Бұл ретте мүліктік қатынастармен қатар, цифрлық кеңістікте азаматтардың жеке мүліктік емес құқықтарын қорғау мәселелері де ескерілуге тиіс. Бұл туралы ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Заңнаманың тиімділігі мәселелері жөніндегі талдамалық жұмыс бөлімінің ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының магистрі Нұрдәулет Әбдіқадыров Facebook-тегі жазбасында пікір білдірді.
Оның айтуынша, ар-намыс, қадір-қасиет, іскерлік бедел, өз бейнесіне құқық және жеке өмірге қол сұғылмаушылық – азаматтық заңнамамен қорғалатын материалдық емес игіліктер. Алайда қоғамдық қатынастардың цифрлануы бұл құқықтарды жүзеге асыру мен қорғау жағдайларын айтарлықтай өзгертті.
Интернеттегі ақпараттың таралуы құқықтық қорғауды күрделендіреді
Маманның пікірінше, интернетте жарияланған ақпарат қысқа уақыт ішінде кең аудиторияға таралып, бірнеше рет көшіріліп, бастапқы жарияланым өшірілгеннен кейін де сақталуы мүмкін. Мұндай ерекшеліктер азаматтардың жеке құқықтарын қорғау мәселесін күрделендіреді.
Осыған байланысты ол цифрлық ортада жиі кездесетін бірқатар құқық бұзушылыққа назар аударды. Олардың қатарында шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату, адамның бейнесін келісімінсіз заңсыз пайдалану, дербес ақпаратты заңды негіздерсіз жариялау бар.
Сонымен қатар мұндай контентті таратуға қатысатын тұлғалардың жауапкершілігін айқындау да өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Жаңа кодексте қандай мәселелер реттелуі керек?
Нұрдәулет Әбдіқадыров жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу барысында цифрлық ортаның ерекшеліктерін ескеріп, жеке мүліктік емес құқықтарды қорғаудың азаматтық-құқықтық тәсілдерін нақтылау қажет деп санайды.
Атап айтқанда, заңнамалық деңгейде мынадай мәселелердің құқықтық реттелуін жетілдіру ұсынылады:
- құқық бұзушылық фактісін анықтау тәртібі;
- құқық бұзушылыққа жауапты тұлғаны белгілеу;
- шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді теріске шығару;
- келтірілген моральдық зиянды өтеу;
- азаматтардың цифрлық кеңістіктегі жеке құқықтарын қалпына келтіру тетіктері.
Маманның пайымдауынша, аталған мәселелердің құқықтық тұрғыдан нақты реттелуі азаматтардың интернет кеңістігіндегі құқықтарын тиімді қорғауға мүмкіндік береді.
Жеке құқықтарды қорғау сөз бостандығын шектемеуі керек
Сонымен қатар сарапшы заңнамалық шектеулердің мөлшерлестігіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, ар-намыс, қадір-қасиет пен жеке өмірді қорғау сөз бостандығы және ақпарат тарату құқығы сақтала отырып жүзеге асырылуға тиіс.
Яғни жаңа құқықтық нормалар азаматтардың жеке өміріне негізсіз араласуға жол бермеумен қатар, беделді қорғау тетіктерінің адал сын мен қоғамдық маңызы бар ақпаратты шектеу құралына айналуына да тосқауыл қоюы қажет.
Осы тұрғыда құқықтық реттеу жеке тұлғаның мүддесі мен қоғамның ақпарат алу құқығы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуі маңызды.
Құқық бұзушылықты мойындау ғана жеткіліксіз
Нұрдәулет Әбдіқадыровтың пікірінше, жаңа Азаматтық кодекс материалдық емес игіліктерді қорғаудың заманауи әрі тиімді тетіктерін қамтуы қажет. Мұндай нормалардың басты мақсаты құқық бұзушылық фактісін формалды түрде танумен шектелмеуі керек.
Ең маңыздысы – азаматтың бұзылған құқығын іс жүзінде қалпына келтіру, оның ішінде жалған ақпаратты теріске шығару, моральдық зиянды өтеу және жеке өмірге қол сұғылмаушылықты қамтамасыз ету тетіктерін тиімді қолдану.
Осылайша, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде цифрлық кеңістіктегі азаматтардың жеке құқықтарын қорғау мәселесін ескеру құқықтық жүйені қазіргі қоғамдық қатынастарға бейімдеудің маңызды бағыттарының бірі болмақ.
Еске салсақ, Қазақстанда журналистердің лауазымды тұлғаларды ресми іс-шаралар кезінде түсіруіне шектеу қойылмайды. Ал олардың отбасымен демалыста жүрген сәтін бейнежазбаға түсіру үшін рұқсат алу қажет. Бұл туралы кеше Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Құрылтайдағы брифингте мәлімдеді.
Ең оқылған:
- Чип тапшылығы Қытайды америкалық AI технологияларын пайдалануға итермеледі
- Қазақстан «жұмсақ күш» рейтингінде бес сатыға көтеріліп, Орталық Азияда бірінші орынға шықты
- Францияда Apple компаниясына қарсы сот процесі басталады
- Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Жоғарғы сотының төрағасы Игорь Красновты қабылдады
- АҚШ 26 жылдан кейін қызылшаны жойған ел мәртебесінен айырылды
Арайлым АЛТАЙҚЫЗЫ