АҚШ 26 жылдан кейін қызылшаны жойған ел мәртебесінен айырылды

Биыл елде қызылшаның 5 400 жағдайы тіркеліп, аурудан 10 адам қайтыс болған.

 depositphotos.com 18 Қараша 2026, 00:30
18 Қараша 2026, 00:30
201
Фото: depositphotos.com

Америка Құрама Штаттары соңғы екі жылда қызылша жұқтыру деректері мен аурудан қайтыс болғандар санының күрт өсуіне байланысты 26 жылдан кейін қызылшаны жойған ел мәртебесінен айырылды. Бұл туралы BBC хабарлады.

Мұндай шешімді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының аймақтық құрылымы – Панамерикалық денсаулық сақтау ұйымы (PAHO) қабылдады. Ұйым АҚШ-та қызылша вирусының бір штамы 12 айдан астам уақыт бойы үздіксіз таралғанын анықтаған.

Ұйым директоры Харбас Барбозаның мәлімдеуінше, Мексика мен Боливия да қызылшаны жойған ел мәртебесінен айырылған. Оның айтуынша, аймақта аурудың қайта өршуіне вакцинация деңгейіндегі тұрақты олқылықтар себеп болып отыр.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының (CDC) мәліметінше, биыл елде қызылшаның 5 400 жағдайы тіркеліп, аурудан 10 адам қайтыс болған. Бұл – 1990 жылдардан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Мамандардың айтуынша, АҚШ-та қызылшаға, паротитке және қызамыққа қарсы (MMR) вакцинация деңгейі 92,4 пайызға дейін төмендеген. Ал аурудың таралуын шектеу үшін ұжымдық иммунитет деңгейі кемінде 95 пайыз болуы қажет. Вакцинация деңгейінің төмендеуі жаңа туған нәрестелер мен екпе алуға мүмкіндігі жоқ адамдарға да қауіп төндіреді.

CDC өкілдері қызылша індетін тоқтатып, вакцинаға қолжетімділікті кеңейту және вакцинация деңгейін арттыру арқылы елдің мәртебесін қалпына келтіруге күш салатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, қызылша – ауа арқылы таралатын аса жұқпалы вирустық ауру. Ол ауыр асқынуларға, соның ішінде мидың қабынуына әкелуі мүмкін. Мамандар аурудан қорғанудың негізгі жолы – вакцинация екенін ескертеді.

Наверх