Жалдамалы пәтер жыры. Үкімет депутат Дәулет Мұқаевқа жауап берді

9 Қазан 2023, 15:22
1929
Бөлісу:
Жалдамалы пәтер жыры. Үкімет депутат Дәулет Мұқаевқа жауап берді
Фото: Мәди Ысқақов

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жалдамалы пәтерде тұрып жатқан жастар далада қалуы мүмкін екенін айтып, пәтерді жастарға бастапқы жарнамен сатуды ұсынған болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жастар жылының ашылу салтанатында жастардың тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында 2019-2022 жылдарға республикалық бюджет қаражаты есебінен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға арналған 10 мыңға жуық жалға беру пәтерлері салынған еді.

Қосымша 2023-2025 жылдарға осы қалалардың әрқайсысында 3 мың жалға беру пәтерлерін сатып алу үшін жергілікті бюджеттерден 32,3 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Сондай-ақ осылай басқа өңірлердің жергілікті атқарушы органдары өздерінің дайындығы мен қаржылық мүмкіндіктеріне қарай жұмыс істейтін жастар үшін жергілікті бюджет есебінен жалға берілетін тұрғын үй салу мәселесін қарастырады, - деп айтты Роман Скляр.

Өз кезегінде, сатып алу құқығынсыз жалға беру тұрғын үй тетігі жастарға өз тұрғын үйін сатып алуға арналған бастапқы жарнаға қаражат жинауға бағытталған. Мұндай жүйе азаматтарды қаражатты ұқыпты жинақтауға және тәуелді көңіл-күйді төмендетуге ынталандырады.

Айта кету керек, жалға алушылардың жиі ауысуы және жаңа жалға берілетін пәтерлерді салу есебінен бұл тетік мұқтаждардың басым бөлігін қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жастарға 5% несиелік тұрғын үй беру бойынша өңірлік бағдарламалар түрінде балама бар. Атап айтқанда, Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарында жастар бағдарламалары іске асырылып жатыр, - деді Премьер-министрдің орынбасары.

Осы бағдарламаларға 2017-2022 жылдар аралығында Отбасы банкіне жергілікті бюджеттерден 65,2 млрд теңге бөлініп, осы қаражат есебінен банк 5 мыңға жуық өтінімді мақұлдады.

Биыл бұл бағдарламалар бойынша шамамен 39 млрд теңге қарастырылған.

Осындай бағдарламалар басқа өңірлерде де (Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында) әзірленіп жатыр.

Осылайша, қолданыстағы тетіктер бойынша жастардың басым көпшілігіне мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында, сондай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінде халықтың әлеуметтік осал топтарының басымдығын ескере отырып, осы кезеңде жастардың жалдамалы пәтерлерін сатып алу құқығын беру ерте деп пайымдаймыз, - деді Роман Скляр депутатқа берген ресми жауабында.

Жалпы, азаматтарды, оның ішінде жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі Үкіметтің бақылауында.

Өзгелердің жаңалығы