Жалақы, еңбек шарты: Еңбек заңнамасы қалай сақталады

8 Қыркүйек 2023, 11:10
5398
Бөлісу:
Жалақы, еңбек шарты: Еңбек заңнамасы қалай сақталады
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Биыл 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Құжатта Кәсіподақтар федерациясы әрдайым түрлі алаңдарда көтеріп жүрген қарапайым еңбек адамына лайықты жағдайды қамтамасыз ету, еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жалпы еңбек ұғымының айналасындағы өзекті мәселелер қамтылды. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі мәселесіне де баса көңіл бөлінді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осыған орай елордадағы еңбеккерлердің жағдайы мен кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі жөнінде Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділовпен әңгімелескен едік.

-Төлеген Нығметжанұлы, биылғы Жолдауда қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету бойынша бірқатар маңызды бастама айтылды. Осыған қатысты өз ойыңызбен бөлісе кетсеңіз...

Шыны керек, соңғы жылдары өндірісте жазатайым оқиғалардың болуы жиілеп кетті. Атап айтсам, Астана қаласында 2023 жылдың 8 айында 20 жазатайым оқиға болып, 10 адам қаза тауып, 10 адам ауыр жарақат алды. Адам қазасына алып келген жазатайым оқиғалардың барлығы құрылыс нысандарында болған. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Үкіметке кәсіпорындардағы технологиялық және экологиялық жағдайды, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырды. Ол үшін ірі өнеркәсіптік өндірістер әр бес жыл сайын технологиялық және экологиялық аудиттен өтуі керектігі және де бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қатысты екені айтылды.

Мемлекет басшысы қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге баса көңіл бөледі. Айта кетерлігі, еліміздің кәсіподақтары Мемлекет басшысының 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдаумен өндірістік жарақаттану саласындағы өзекті проблемаларды шешу жөніндегі бастамаларын толығымен қолдайды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейін Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Тұжырымдаманың негізгі бағыты - өтемақылық тәсілдің ескірген түрінен тәуекелге қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласына бағдарланған үлгіге көшуді қамтамасыз ету. Бұл жобаны іске асырудың әдістемесі мен құралдарын әзірлеу үшін арнайы құрылған жұмыс тобына әлеуметтік әріптестіктің барлық тарап, сарапшы, ғылыми қоғамдастық, Кәсіподақтар федерациясының өкілдері енгізілді.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бүгінде өндірістегі жарақаттану көрсеткішін азайту бағытында әлеуметтік әріптестермен бірлесіп жан-жақты жұмыс жасап жатырмыз.

- Еңбек қатынастарын реттеу бойынша әлеуметтік әріптестермен бірлескен жұмыстарыңызға тоқталып өтсеңіз.

- Жалпы еңбек қатынастары – бұл ең алдымен Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында, еңбек шартында, ұжымдық шартта көзделген құқықтар мен мiндеттердi жүзеге асыру үшiн еңбеккер мен жұмыс берушiнiң арасында туындайтын қатынастар. Әлбетте, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасындағы түсініспеушіліктерді болдырмау мүмкін емес, дегенмен, еңбек дауларының пайызын барынша азайтуға әрқашан тырысамыз. Бүгінде Астана бойынша еңбек дауларының саны және әлеуметтік-еңбек ахуалының шиеленіс деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген. Мәселен, 2022 жылы елордада 4 ұжымдық еңбек дауы тіркелді. Oның басты себебi – жұмыскерлердің айлық жалақысын көтеруді талап етуі. Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының өкілдері әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, еңбек дауларын шешу бойынша барлық келіссөз процестеріне қатысты.

Біздің мақсатымыз – еңбек қатынастарын реттейтін заңнамалық актілерді қатаң орындауды қамтамасыз ету, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында өзара түсіністік пен диалогқа қол жеткізу. Бұл жерде еңбек дауларының басым бөлігі негізінен кәсіподақтар жоқ кәсіпорындарда болғанын атап өткім келеді. Дегенмен біздің бірлестік әрқашан Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу бойынша ұстанымын жеткізіп, еңбек дауларын шешудің заңнамалық нормалары және осы қызметті заңнамалық негізде жүргізу қажеттілігі туралы түсіндірмелер береді. Себебі еңбек дауларына қатысты маңызды келіссөздерге кәсіподақтардың қатысуы ереуілдердің ұзақтығын қысқартуға және келісімге тез арада қол жеткізуге ықпал етеді. Күн сайын еңбек тәуекелдерін бақылау және талдау бойынша әрбір нақты кәсіпорын деңгейінде бастауыш ұйымдармен тұрақты байланыс жүргізіліп отырады. Бұл мониторинг әлеуметтік шиеленіс ошақтарының алдын алуға, ереуіл түріндегі наразылық акцияларын болдырмауға және еңбек ұжымдарының проблемалық мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

- Еңбек дауларын реттеуде еңбек шартының маңызы бар ма?

- Еліміздегі заңнама бойынша еңбек шарты – еңбеккер мен жұмыс берушінің өзара келісімінің жазбаша құжаты. Бұл шарт екі тараптың міндеттері мен құқықтарын айқындайды. Кез келген үй іргетастан басталса, ал еңбек дауының алдын алу еңбек шартынан басталады. Көп жағдайда жұмыс берушілер еңбек заңнамасында белгіленген мерзімдерге, еңбек шартында және қызметкердің қызметіне қатысты басқа да құжаттардағы деректер мен тұжырымдарға мән бермей, жиі қателеседі. Осы арада түсініспеушілік пайда болады. Соның негізінде жеке немесе ұжымдық еңбек дауы туындайды. Сондықтан жұмыскер мен жұмыс беруші арасында жасалатын, екі тараптардың негізгі міндеттері, құқықтары мен жауапкершілігі белгіленген еңбек шарты – маңызды құжат. Оның шарттарын қос тарап та толыққанды сақтап, ұстануы тиіс. Кәсіподақтар бұл мәселені жіті қадағалайды. Сондай-ақ еңбек шартының маңыздылығы мен оны сақтаудың өзектілігін әрқашан түсіндіріп, көрсетуге тырысамыз.

- Бүгінде жасөспірімдер кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыс істейтіні белгілі. Көп жағдайда кәсіпкерлер оларды сынақ мерзімімен жұмысқа алып, алайда жалақы төлейтін кезде жұмыстан шығарып, тиісті еңбекақысын төлемей жатады. Мұндай жағдайда жасөспірімдерді қалай қорғауға болады?

- Иә, осындай жағдайлардың жиі болатыны өкінішті. Айта кетерлігі, жасөспірімдерден бұрын ересек адамдардың өзі құқықтарын білмей жатады. Осыған орай кәсіподақтар кәсіпорын және мекемелерге барып, ондағы еңбек ұжымдарымен кездесу барысында еңбек құқығы туралы ақпарат жеткізіп, түсіндіру жұмыстарын өзектендірген. Сондай-ақ ірі сауда орындарындағы жас сатушылар мен тұрғындарға ақпараттық парақшалар таратамыз. Жастардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі және құқығын қорғай алуы маңызды. Сондықтан осы бастан болашақ ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беру, қорғау секілді жұмыстар – біздің назарымызда. Бұл мектеп оқушысы, жас түлек, студент әрі қарай жас маман атанатын әр балаға жан-жақты қолдау білдірумен тығыз байланысты. Айта кетерлігі, Астана қаласының білім қызметкерлері кәсіподағының өкілдері жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағдар беру сабағын жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырды. Оларға жұмыс беруші мен жұмыскердің құқықтары мен міндеттері, кәсіподақтың еңбек қатынастарын реттеудегі қызметі және т.б. түсіндіріледі. Бүгінде кәсіптік бағдар беру сабағына оқушылар белсенділік танытып, қызығушылықтары артып келеді.

- Төлеген Нығметжанұлы, сөз басында мәселелер жиі кездесетін сала құрылыс саласы екенін айтып өттіңіз. Бүгінде елордамызда құрылыс қарқын алып жатыр. Осы орайда кәсіподақтар орталығы қандай жұмыс жасап жатыр?

- Биыл құрылыстағы еңбек қауiпсiздiгi және еңбек жағдайларын бақылау, жазатайым оқиғалар мен өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету, жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге еңбек қатынастары тараптарының құқықтары мен міндеттерін түсіндіру мақсатында әлеуметтік әріптестермен бірлесіп құрылған жұмыс тобы құрылыс нысандарына мониторинг жүргізді. Сондай-ақ жұмыс тобы құрамына құрылыс саласындағы проблемалық мәселелерді көтеріп жүрген бірқатар белсенді құрылысшы да кірді.

Мониторинг барысында бірнеше заң бұзушылық анықталды. Бас мердігер құрылыс жұмыстарының әр түріне (монолит, тас қалау, әрлеу жұмыстары және т.б.) мердігерлік шарттар жасай отырып, құрылыс жұмыстарын орындау үшін қосалқы құрылыс ұйымдарын тартады және сонымен бірге нысанда ешқандай жұмысты орындамайды. Осылайша, бас мердігер жазатайым оқиғалар туындаған кезде жауапкершіліктен бас тартады, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешуден жалтарады. Оның орнына қосалқы мердігерді қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғаудың сақталуына барлық бақылауды жүзеге асыруға міндеттейді. Көп жағдайда құрылысшылар жеке қорғаныш киімдері мен қажетті құралдарын өз қаражаттарына сатып алуға мүдделі болып отыр. Жұмысшылармен еңбек келісімшартынсыз жалдамалы жұмысшыларды жұмыс істеуге алған жайттар да бар.

Айта кетерлігі, бірқатар құрылыс компаниясының жұмысшылары еңбек шартын жасауға өздері ыңғай білдірмей отырған фактілер де кездесті. Олардың айтуынша, қазіргі уақытта отбасын асырауға, күнкөріске жетпейді, сондықтан оларға жалақыны қолма-қол алу тиімді. Біз өз тарапымыздан еңбек шартынсыз жалақыны сот арқылы өндіріп алу қиын болатындығын, жұмыс істеген уақыт еңбек өтілі ретінде есептелмейтіндігін, зейнетақы аударымдары жүргізілмейтіндігін түсіндіреміз. Осы ретте еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесін жұмыс берушілер белсенді қолдануы тиістігін түсіну маңызды. Себебі оның арқасында жұмысқа орналастыру жеңілдейді және ашықтық жоғарылайды, азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізіледі. Еңбек дауларының көбісі жалақыға, әлеуметтік мәселелерге байланысты туындайды.

Мониторинг нәтижесі бойынша Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы мен Еркін тас қалаушылар одағы атынан қала әкімі мен қала прокурорына ұсыныс хат жолданды. Сондай-ақ құрылыс саласындағы қалыптасқан жағдайды ескере отырып, елорданың құрылыс салушыларына барлық жинақталған проблемалық мәселені бірлесіп талқылап, шешу жөнінде үндеу жолданды. Еңбек заңнамасының сақталуы бойынша бақылау жұмыстары жалғасады.

- Кәсіподақ көшбасшысы ретінде бүгіндегі еліміздегі кәсіподақтар қозғалысы жайлы өз ойыңызды айтып кетсеңіз.

- Бүгінгі таңда әрбір еңбеккер кәсіподақтардың еңбекке қабілетті адамның мүддесін қорғайтындығын, жұмыскерлердің құқықтарын жүзеге асыруға, олардың еңбек жағдайларын жақсартуға және лайықты жалақымен қамтамасыз етуге ықпал ететіндігін түсіне бастады. Жалпы, жұмыскерлердің құқықтарын сақтауға кәсіподақтар көмектесуге дайын екендігін айта кеткен жөн.

Кәсіподақтар федерациясы қарапайым еңбек адамдарының мүдделерін қорғауды, жалпы еңбек ұғымының айналасындағы мәселелерді бұған дейін де түрлі алаңдарда көтеріп жүрген және көтере береді. Себебі біздің ұстанымдар Мемлекет басшысының тарапынан қолдауға ие болуда. Мәселен, ел Президенті өз Жолдауында зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген жұмыскерлерге әлеуметтік қолдау тетіктерін, атап айтқанда, осы саладағы адамдарға зейнет жасына толғанға дейін 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төлеуді үкіметке қарауды ұсынды.

Сондай-ақ Президент халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге өсіруді тапсырды. Қазіргі уақытта ең төменгі жалақы мөлшері 16 елде заңмен белгіленбейді, 75 елде бірыңғай ЕТЖ енгізіліп жатыр. Ал дамыған елдерде ЕТЖ 35-тен 60 пайызға дейін белгіленеді. Біздің еліміз халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, заңнамалық түзетулер енгізуді қарастырып жатыр. Бұл да кәсіподақтардың көптен бері көтеріп келе жатқан мәселелерінің бірі.

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы еліміздің жаңа экономикалық бағдарының қағидаттары ретінде атап өткен әділдік, инклюзивтілік, прагматизм кәсіподақ қауымдастығының басымдықтарымен үндеседі. Бұл туралы Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Жолдауға қатысты пікірінде айтып өтті. Жалпы кәсіподақтардың ұстанымы Жолдауда қолдау тауып отырғаны көңіл қуантады.

- Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы