Жалақы дауы: Министр Мырзабосынов Шайдоровқа қатысты мәселені бақылауына алды

Министр спортшыға жалақы неге төленбегенін түсіндірді.

 ©️ ҰОК/Сали Сабиров Бүгiн 2026, 17:33
Бүгiн 2026, 17:33
242
Фото: ©️ ҰОК/Сали Сабиров

Олимпиада чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров отандық подкастардың бірінде жалақының уақытылы төленбей жатқанын айтып, қазіргі жағдайға алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, жеңістен кейінгі кезеңде қаржылай қолдау тоқтап қалған. Бұл жағдайға қатысты Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов zakon.kz редакциясына пікір білдірген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

– Соңғы күндері Михаил Шайдоровқа қатысты жағдай қызу талқыланып жатыр. Спортшы бес ай бойы жалақы алмағанын айтты. Бұл жағдай неге туындады?

– Ең алдымен мынаны айтқым келеді: Михаил Шайдоров – ерекше спортшы, Олимпиада чемпионы және бүкіл ел мақтан тұтатын тұлға. Оның жеңісі қазақстандық мәнерлеп сырғанау мен отандық спорт тарихындағы айтулы оқиға болды. Мұнда бір жайтты нақтылап алу керек: мәселе бес ай бойы жалақы төленбеді дегенге келмейді. Михаил 2026 жылдың ақпанына дейін алдыңғы Олимпиада циклі аясындағы келісімшарт бойынша жалақы алып келді. 2026 жылғы Олимпиада ойындарынан кейін, ақпан айында ол келісімшарт мерзімі аяқталды. Наурыздан бастап келесі Олимпиада цикліне арналған жаңа келісімшарт жасалуы керек еді. Мұндай тәртіп ұлттық құраманың барлық спортшыларына бірдей қолданылады. Дайындықтың бір кезеңі аяқталған соң, келесі циклге жаңа келісімшарт рәсімделеді. Бұл – қалыпты тәжірибе. Қазір спортшымен жаңа келісімшартқа әлі қол қойылған жоқ, сондықтан жаңа кезең үшін төлем есептеуге құқықтық негіз жоқ.

– Жаңа келісімшартқа қол қоюға нақты не кедергі болып отыр? Спортшыға қандай шарттар ұсынылды?

– Алдыңғы Олимпиада циклі аяқталған соң Михаилге де, ұлттық құраманың басқа спортшылары секілді, келесі кезеңге арналған жаңа келісімшарт ұсынылды. Олимпиада алтынын алғаннан кейін спортшының мәртебесі өзгеретіні анық. Сондықтан Михаилге Олимпиада чемпионы ретіндегі деңгейіне сай, бұрынғыдан да тиімді шарттар ұсынылды. Мұнда қаржыландыруды қысқарту, жағдайын нашарлату немесе құрамдағы мәртебесін төмендету туралы әңгіме мүлде жоқ. Керісінше, жаңа келісімшарт оның жетістіктері мен Олимпиада чемпионы атағын ескеріп жасалған. Қазіргі уақытта келісімшартқа қол қойылмаған, себебі спортшы «Міндеттемелер» бөлімімен келіспеді. Тараптар әзірге ортақ құқықтық шешімге келе алмай отыр. Біз спортшының ұстанымына құрметпен қараймыз және конструктивті диалог жүргізіп жатырмыз.

Ұлттық құрама спортшысы болу – әуесқойлық емес, кәсіби жұмыс. Спортшы жалақы алады, оқу-жаттығу жиындарымен қамтамасыз етіледі, медициналық сүйемелдеу көрсетіледі, халықаралық жарыстарға қатысады және мемлекеттен өзге де қолдау шараларын алады. Кез келген еңбек шарты сияқты, спортшы келісімшартында да жұмыс берушінің ғана емес, спортшының да міндеттері болады. Бұл барлық салада бар қалыпты тәжірибе. Бұл Михаил Шайдоров үшін арнайы жасалған жеке келісімшарт емес екенін түсіну керек. Бұл – елдің барлық ұлттық құрама мүшелеріне қолданылатын типтік келісімшарт. Осындай құжатпен бүгінде Олимпиада чемпиондары, жүлдегерлер, әлем чемпиондары мен өзге де жетекші спортшылар жұмыс істейді. Министрлік пен Спортты дамыту дирекциясы бір спортшы үшін шарттарды жеке өзгерте алмайды. Біз заң аясында жұмыс істейміз, ал заң бәріне ортақ.

– Бұл жағдайды қалай және қашан реттеуді жоспарлап отырсыздар?

– Шешім өте қарапайым. Жаңа келісімшартқа қол қою рәсімін аяқтау қажет. Осыдан кейін жалақыға және спортшының дайындық процесін әрі қарай қамтамасыз етуге қатысты мәселелер шешіледі. Қол қойылғаннан кейін Михаил соңғы үш айдағы барлық төлемін толық көлемде алады. Мемлекет Олимпиада чемпионы алдындағы міндеттемелерінен бас тартпайды.

– Михаил сұхбатында өзін адал ұстанымы үшін жазалап жатыр деген пікір айтты. Спортшы мен мемлекеттік органдар арасында жанжал бар ма?

– Мүлде жоқ. Мұны барлық жанкүйер естісе деймін. Михаил Шайдоров – біздің мақтанышымыз, қазіргі Қазақстан спортындағы ең жарқын тұлғалардың бірі. Оның жеңісі еліміз үшін тарихи жетістік болды. Мемлекеттің мұндай спортшыны жазалау немесе кедергі жасау деген мақсаты жоқ және болуы да мүмкін емес. Керісінше, оның Қазақстан намысын қорғап, келесі маусым мен маңызды жарыстарға сәтті дайындалғанын қалаймыз. Сондықтан қысым көрсету немесе әдейі теріс көзқарас бар деу дұрыс емес. Қазір талқыланып жатқан мәселелер тек ұйымдастыру және құқықтық сипатта.

– Михаил Олимпиададан кейін өзіне көрсетілетін қолдаудың бір бөлігі, соның ішінде дәрігерлік көмек қысқарғанын айтты.

– Жекелеген спортшыларға немесе командаларға дәрігерлер мен массажистер тек оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстар кезінде бекітіледі. Осылайша тәулік бойына жуық медициналық қолдау көрсетіледі. Михаилдің бас бапкерінен оқу-жаттығу жиынына немесе жарысқа шығу туралы өтінім түскен бойда, Олимпиада кезіндегідей, оған арнайы дәрігер бекітіледі. Сонымен қатар спортшының бапкерлер штабы жұмысын жалғастырып жатыр. Бас бапкер Әсем Қасанова, Михаилдің жеке бапкері Алексей Урманов және құрамамен жұмыс істейтін өзге мамандар жаңа келісімшартқа қол қойған.

– Михаил Олимпиада алтыны үшін берілетін сыйақыны қашан алады?

– 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарындағы алтын медаль үшін сыйақы барлық міндетті рәсімдер аяқталған соң, биыл маусым–шілде айларында төленеді деп жоспарланып отыр.

– Михаилге еңбек сіңірген спорт шебері атағын беру мәселесі де көтерілді. Бұл процесс неге созылып кетті?

– Михаилге бұл атақты беруге ешқандай кедергі жоқ. Ол мұндай мәртебеге өз нәтижесімен толық лайық. Тиісті бұйрық әлдеқашан қол қойылған. Белгі мен куәлікті Астанада жеке кездесуде, салтанатты жағдайда табыстаймыз.

– Михаил Шайдоровтың жанкүйерлеріне не айтасыз?

– Баршаңызды бұл жағдайға сабырмен әрі объективті қарауға шақырамын. Михаил өз есімін Қазақстан спорты тарихына мәңгі жазып кетті. Біз оның үлесін жоғары бағалаймыз және жетістіктерін мақтан тұтамыз.

Қолданыстағы заң талаптарын сақтай отырып және спортшының мүддесіне құрметпен қарап, барлық мәселе конструктивті түрде шешіледі деп сенемін. Мемлекет халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғайтын спортшылар алдындағы міндеттемелерін орындап келді және орындай береді.

Еске салайық, бұған дейін Михаил Шайдоров бірнеше айдан бері жалақы алмай жүргенін айтқан болатын. Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы жалақы толық төленгенін мәлімдеді.
 
Артынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев та бұл жайтқа қатысты пікір білдірді
Наверх