Жалақы 180 мың теңге: Грантта оқығандардың көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді

Қазақстанда бұл мамандыққа сұраныс артқанымен, түлектердің тек 46%-ы ғана өз саласында жұмыс істейді.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 16 Сәуір 2026, 11:55
16 Сәуір 2026, 11:55
303
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов
Мемлекет арнайы педагогтерді грантпен оқытып жатыр, алайда түлектердің жартысынан көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл туралы Мәжілісте өткен тақырыптық отырыста Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
 
Оның айтуынша, мемлекет тарапынан бұл бағытқа тұрақты түрде гранттар бөлініп, олар толық игеріліп келеді.
Педагог мәртебесі туралы заң қабылданғаннан кейін бұл мамандыққа түсетін жастар саны артты. Қазір бір грант орнына 3 адамға дейін үміткер қатысады, – деді вице-министр.
Алайда оқуға түскендердің бәрі мамандық бойынша жұмыс істей бермейді.
 
Соңғы бес жылдағы дерекке сәйкес, 1500 түлектің тек 46%-ы ғана өз мамандығы бойынша еңбек етеді. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін бірден жұмысқа орналасатындардың үлесі 35% шамасында.
 
Үш жыл ішінде бұл көрсеткіш 63%-ға дейін өседі. Дегенмен:
•16% магистратурада оқуын жалғастырады;
•15% декреттік демалысқа шығады;
•23% басқа салаға кетеді.
 
Гүлзат Көбенованың айтуынша, түлектердің салада тұрақтамауына ең басты факторлардың бірі – жалақы деңгейі.
 
Мемлекеттік ұйымдарда арнайы педагогтердің еңбекақысы шамамен 180 мың теңгеден басталады. Ал жекеменшік секторда бұл көрсеткіш орта есеппен 250 мың теңгеге дейін жетеді.
Сондықтан кейбір мамандар жеке секторға ауысады немесе мүлде басқа бағытты таңдайды, – деді ол.
Вице-министр бұл мамандықтың психологиялық тұрғыдан күрделі екенін де атап өтті. Оның айтуынша, арнайы педагогтер жоғары стрессқа төзімді болуы тиіс.
Наверх