Жақсылықтың жақсылығын жалғастырғым келеді – «Парыз» сыйлығының иегері

7 Желтоқсан 2021, 12:01
1617
Бөлісу:
Жақсылықтың жақсылығын жалғастырғым келеді – «Парыз» сыйлығының иегері
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауылда мектеп салып, тұрмысы төмен отбасыларға көмектесіп жүрген кәсіпкер ҚР Президентінің «Парыз» сыйлығын иеленді. 

Бүгін елордада ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын марапаттау салтанаты барысында жыл сайынғы «Ұлы дала елі» сыйлығының жеңімпаздары анықталды. 

«Парыз» сыйлығының иегері, Ақтөбе облысы, Хромтау ауданындағы Қарлау ауылында мал шаруашылығымен айналысатын Жұмабай Бекмағамбетов ауылын құлатпау үшін мектеп салып, адамдарға көмек көрсетіп жүрген шағын кәсіп иесі.  Кәсіпкер ауылда үй салып, тұрмысы төмен отбасыларға көмек бергісі келетінін айтты. 
Қазақтың ақ бас сиыры, Еділбай қойы, Мұғалжар жылқысын өсірумен айналысамын. Туған жерім Кеңшар ауылында өз қаражатыма 40 орындық мектеп салдым. Келер жылы ауылда тағы 10 үй салуды жоспарлап отырмын. Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың жақсылығын жалғастырғым келеді. 700 бас ірі қара, 2 мыңға жуық қой, 300-ге жуық жылқым бар. Шаруашылықты жүргізуге 15 шақты қызметкер көмектеседі.  Ауылға көшіп келгісі келетін адамдарға, көпбалалы отбасыларға, тұрмысы төмен жандарға үй беремін. Бастауыш сыныпта оқитын баласы бар отбасы ауылға көшіп келгісі келсе, 1 сиыр, 10 қой тегін беріп, көмектесемін, - дейді ол. 

Жеңімпаздар үш кезеңде анықталды. Бірінші кезең – өтінімдерді қарау, екінші – комиссия мүшелерінің өндіріске баруы қорытындысы бойынша бағалауы. Үшінші – қоғамдық онлайн-дауыс беру. 

Дауыс беру нәтижесінде 3 компания «Ұлы дала елі» ортақ брендін иелену құқығына ие болды:  

 - «Mega Smart» ЖШС (Шымкент қ.);

- «Имени Амангельды» ЖШС (Атырау облысы);

- «Антинген» ғылыми-өндірістік кәсіпорын» ЖШС (Алматы облысы).

Байқаудың негізгі мақсаты – отандық тауар өндірушілер мен  экспортқа шығарылатын жоғары сапалы отандық өнімдерді «Ұлы дала елі» ортақ бренді арқылы насихаттай отырып,  шетелде  еліміздің танымалдығын  барынша арттыру.  «Ұлы дала елі» ортақ бренді  – халықаралық нарықтарда елімізді танытып жүрген үздік отандық тауар өндіруші компанияларға беріледі.

Өзгелердің жаңалығы