Жәбір көрген әйелдер полицияның қолынан ештеңе келмейді деп ойлайды – подполковник

29 Маусым 2021, 13:37
9299
Бөлісу:
Жәбір көрген әйелдер полицияның қолынан ештеңе келмейді деп ойлайды – подполковник

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілішісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімнің аға инспекторы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова «Желмая» жобасы барысында айтты.

Оның айтуынша, отбасында жәбір көрген әйелдердің көбі полицияға арызданбайды. Оның басты себебі ұят қана емес, полицияның қолынан ештеңе келмейді деп санау.

 Алайда арыз түскеннен кейін бұл отбасыға полиция қызметкерлері ғана емес, психолог, заңгер мамандары да көмек көрсетеді. Мақсат - екеуін ажырастыру емес, керісінше қатарға қосу. Ол қалай жүзеге асырылады? Зорлық-зомбылық фактісі туралы полицияға қоңырау келіп түскен соң, учаскелік полиция инспекторы келеді. Егер күш көрсету фактісі расталса, әйелге қатысты Қорғау нұсқамасы шығарылады. Қорғау нұсқамасы Қазақстан Республикасының Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының 20-бабына сәйкес 1 ай мерзімге шығарылады. Яғни агрессорға жәбірленушінің еркінен тыс оны қудалауға, аңдуға, ауызша, телефон арқылы байланысуға тыйым салынады. Одан кейін бір ай мерзімге учаскелік инспектор жәбір көрсетушіні есепке алып, сол мерзімде отбасындағы жағдай бақылауда болады, - дейді ол.
Гүлмира Шрахметованың айтуынша, әрбір ауданда әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау топтары жұмыс істейді. Қорғау нұсқамасы шығарылғаннан кейін олардың тарапынан да көмек көрсетіледі.  
Ол отбасында бала бар болса, бұл жерге ювиналдық полиция қызметкерлері қосылады. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы, меморандум аясында үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істейміз, олардың заңгер, психолог, медиатор мамандары да осы іске тартылады. Әйелге де, балаға да психологиялық көмек көрсетіледі. Аталған мамандардың барлығы осы отбасымен толыққанды жұмыс жасап, көмек көрсетіп, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынастың жақсаруына күш салады, - деп атап өтті ол.

Өзгелердің жаңалығы