Жаңа Зеландияда коронавируспен ауырған соңғы адам емделіп шықты

8 Маусым 2020, 10:12
1056
Бөлісу:
Жаңа Зеландияда коронавируспен ауырған соңғы адам емделіп шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл елде екі аптадан артық уақыттан бері COVID-19 инфекциясымен ауырғандар тіркелмеген.

Жаңа Зеландияда дәрігерлері коронавируспен ауырған соңғы емделушіні емдеп шығарды. Екі аптадан артық уақыттан бері COVID-19 инфекциясымен ауырғандар тіркелмеген. Бұл туралы 8 маусымда елдің Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады, деп жазады korrespondent.net.

Ведомство мәліметтеріне сәйкес, өткен демалыс күндері Оклендтегі дәрігерлердің бақылауында болған коронавирусы бар соңғы науқас толығымен сауығып шыққан.

Жаңа Зеландияның бас санитарлық дәрігері атап өткендей, 28 ақпаннан бастап алғаш рет ел аумағында диагнозы расталған адам қалған жоқ.

Елде вирус жұқтырғандардың жалпы саны 1504 адамды құраған болатын, оның 1482-і сауығып, 22-сі қайтыс болды. Коронавируске қарсы тесттен 295 мың адам өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Жаңа Зеландия билігі эпидемиологиялық жағдай тұрақталғаннан кейін карантиндік шектеулердің басым бөлігін алып тастады.

8 маусымда министрлер кабинеті қауіп-қатер деңгейінің төмендегенін хабарлап, шекаралардан басқа жердегі барлық шектеулерді алып тастайды деп күтілуде.

Айта кету керек, 2 маусымда Черногория Еуропа елдері бойынша коронавирус індетінің тоқтатылғаны туралы алғаш ресми түрде жариялаған ел болатын.

Өзгелердің жаңалығы