Жәнібек Кәрменовтің жанға жақын әндері жадыға оралды

29 Наурыз 2019, 22:49
3466
Бөлісу:
Жәнібек Кәрменовтің жанға жақын әндері жадыға оралды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының есімдері ел есінен көмескілене бастаған аптал азаматтардың аттарын қайта жаңғыртып, жадыға оралтуда түрткі болғаны рас. Күні кеше, «қазақтың анасы» саналған белгілі актриса, құрметті жерлесіміз Әминә Өмірзақованың 100 жылдығы тойланса, бүгін танымал дәстүрлі әнші, жазушы, ҚазақКСР-нің еңбек сіңірген әртісі, ұлттық өнердің дамуына зор үлес қосқан дарын иесі Жәнібек Кәрменовтың 70 жылдығы атап өтілді.

Әншінің мерейтойына арналған «Үнің кетпес құлақтан...» атты әдеби-сазды кеші Пушкин атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылды. Әдеби-сазды кеш барысында қатысушыларға әншінің кенжесі, журналист Шаһ-Керім Жәнібекұлының әкесі туралы сыр шерткен бейнежазбасы мен «Жәнібек Кәрменов», «Жәнібек ән салады» кітаптарының авторы, журналист Дәулет Сейсенұлының естелігінен бейнесюжеттер ұсынылды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменов қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешсе де, дәстүрлі әннің жаңғыруына баға жетпес үлес қосып, Қазақ ұлттық консерваториясында қазақ әндері кафедрасының ашылуына бастама жасады», - деді Анықтамалық-библиографиялық қызмет орталығының басшысы Жанна Сақпанова.

Сонымен қатар кеш барысында Шығыс өңіріне танымал дәстүрлі әншілер Әділ Тұрғанбаев, Қуаныш Оралбекұлы, ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжінің студенті Елдос Мұңғылбек халық есінде бірегей дауысымен мәңгіге сақталған өнер майталманының әндерін орындап, ел есіндегі әнші туралы естеліктерді бір жаңғыртты.

«Әнші 1949 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген. Алғашында Алматы эстрада-цирк өнері студиясының әншілік бөлімін, кейін Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған ол «Өнер» баспасында редактор, Алматы мемлекеттік консерваториясында «Халық әндері» кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Өнер тақырыбына арналған «Ақылбайдың әні», «Ғашықтың тілі», «Махаббат әні» атты кітаптары жарық көрді. 1984 жылы әншіге Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді. Тағдырлы талант 1992 жылы небәрі 43 жасында көлік апатынан қаза болды. 1996 жылы өзінің туған ауылы Қарауылдағы музыка мектебіне оның есімі берілді», - деді кітапхана библиографы Рақия Уалханова.

 

Фото: А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана

Өзгелердің жаңалығы