Пара дзюдода "жұлдызым жанды" – Азия чемпионы Дәулет Теміржан

4 Ақпан 2020, 12:19
2574
Бөлісу:
Пара дзюдода "жұлдызым жанды" – Азия чемпионы Дәулет Теміржан
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Азия чемпионы Дәулет Теміржан көзінен жарақат алғаннан кейін пара спортқа келген.

Атыраулық Дәулет Тұржан бала күнінде күреспен айналысқан. Кезекті жарыстардың бірінде жарақат алып, көзі нашар көретін болып қалған.

Дзюдоға 5-сыныпта келдім. Атырау облысының тумасымын. Кейін жарыс барысында көзден жарақат алып, 2016 жылдан бастап пара дзюдоға қатыса бастадым. Содан бастап жарыстарға шықтым. Арнайы жаттығулардың арқасында физикалық, техникалық формаға келдік. Қазір В3 квалификациясымен жарысқа шығып жүрмін. Қазірге дейінгі жетістіктерім: Қазақстан біріншілігінде бас жүлде, спартакиадада бас жүлде алдым, Атырауда өткен әлем кубогінде үшінші орын алдым. 2017 жылы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында және Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия ойындарында қола жүлдегер атандым. 2019 жылы Азия біріншілігінде бас жүлдеге ие болдым. Содан бері дайындалып жатырмыз. Жаттығуды қалдырмау керек. Паралимпиадаға қатысуды көздеп отырмыз, соған дайындалып жатырмыз. Осы айда Грузияның Тбилиси қаласындағы жарысқа, кейін оқу-жаттығу жиынына барамыз. Содан соң Англиядағы жарысқа қатысамыз деп жоспарлап отырмыз. Әр жарыстың арасында жиындардан қалмаймыз. Пара дзюдоға келмей тұрып, тек облыс чемпионы болған едім. Осы пара дзюдода жұлдызым жанды, бағым ашылды, - деді Дәулет Теміржан бүгінгі елодада өтіп жатқан ел чемпионатында.

Айтуынша, қазір пара дзюдошылар айлық алатын болған. Ел намысын әлемдік ареналарда қорғап жүрген спортшылар үшін бұл – үлкен қолдау.

Қазір жағдайымыз жақсы. Спортшыларға деген көзқарас өзгерді. Бүгінде Ұлттық Паралимпиадалық комитет айлық береді, форма алып береді. Витаминдер береді. Сондықтан, ата-аналарға балаларын пара спортқа әкелуін тілер едім. Себебі ата-аналардың көбі қорқады. Балаларының көзі нашарлап кетеді деп ойлайды. Бірақ жай-жай пара дзюдошылар саны артып жатыр. Дзюдоны тастап кеткен спортшылар қайтып келіп жатыр. Олармен қатар  мектеп оқушыларының арасында пара дзюдошылар көбейсе деген үміт бар, - Азия чемпионы Дәулет Теміржан.

Қазір елодада өтіп жатқан пара дзюдодан ел чемпионатына 58 спортшы қатысып жатыр.

ҚР пара дзюдодан бас жаттықтырушы Жандос Қиянов пара дзюдомен айналысатын қыздардың аз екенін айтты. Бүгінгі жарысқа бар-жоғы 5 қыз қатысып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы