- Мұқаба
- Жаңалықтар
- 2027 жылдан атаулы әлеуметтік көмек кімдерге берілмеуі мүмкін? Жаңа талаптар бекітілді
2027 жылдан атаулы әлеуметтік көмек кімдерге берілмеуі мүмкін? Жаңа талаптар бекітілді
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
21 Қазан 2026, 19:06
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау тәртібі өзгереді. Енді көмекке мұқтаждықты бағалау кезінде отбасының табысымен қатар, баспанасы, көлігі, банк шотындағы шығындары, депозиттері мен алған несиелері де ескерілуі мүмкін. Бұл туралы тиісті қаулыда көрсетілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкіметтің қаулысын Премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылғы 19 қазанда бекітті. Құжат 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
АӘК мөлшері қалай есептеледі?
Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен белгіленген кедейлік шегінің айырмасы бойынша есептеледі.
Кедейлік шегі халықтың медианалық табысы мен мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып айқындалады. Ал өңірлердегі кедейлік шегінің көрсеткіштерін жергілікті атқарушы органдар әр тоқсан сайын есептейді.
Көмек алуға өтініш берген азамат пен оның отбасы мүшелері жеке деректерін жинауға, өңдеуге, тексеруге және беруге келісім беруі керек. Бұған банк құпиясы мен заңмен қорғалатын өзге де мәліметтер, сондай-ақ кредиттік міндеттемелер, ай сайынғы төлемдер мен берешек туралы ақпарат кіруі мүмкін.
Қандай жағдайда АӘК қажет емес деп танылуы мүмкін?
Учаскелік комиссия төмендегі бір немесе бірнеше өлшемге сәйкес келген жағдайда отбасыға АӘК берудің қажеті жоқ деген қорытынды шығаруы мүмкін.
1. Отбасының бірнеше баспанасы болса
Меншігінде бірден көп тұрғын үй нысанының болуы ескеріледі. Бұл көмекке өтініш берерден бұрынғы бес жыл ішінде тұруға жарамды баспанасын иеліктен шығарған жағдайларға да қатысты.
Алайда барлық тұрғын үйдің жалпы пайдалы ауданы отбасының әр мүшесіне шаққанда 18 шаршы метрден аспаса немесе баспана заңда белгіленген тәртіппен апатты деп танылса, ерекшелік қарастырылған.
2. Табыс әкелетін мүлкі немесе жері болса
Пайда табу үшін пайдаланылатын жеке үй-жайдың немесе меншігінде тұрғын үйі бола тұра жеке тұрғын үй салуға арналған жер учаскесінің болуы да есепке алынады.
3. Бірнеше жеңіл автокөлігі болса
Техникалық жарамды бірден көп жеңіл автокөліктің болуы көмекке мұқтаждықты бағалау кезінде ескеріледі.
Бірақ көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға және I немесе II топтағы мүгедектігі бар адам тұратын отбасыларға ерекшелік қарастырылған. Олардың меншігінде бір немесе екі жеңіл автокөлік болуы осы өлшем бойынша кедергі болмайды.
Сонымен қатар техникалық жарамды ауыл шаруашылығы техникасы, автобус, шағын автобус, жүк және арнайы көлік, сондай-ақ кейбір су және әуе көліктерінің болуы да ескеріледі.
4. Банк шотындағы шығындар белгіленген шектен асса
АӘК алуға өтініш берер алдындағы тоқсандағы банк шоттары бойынша шығыс операциялары қаралады.
Бұл ретте салықтар мен бюджетке төленетін міндетті төлемдер, сақтандыру төлемдері және отбасы мүшелерінің өз шоттары арасындағы аударымдар есепке алынбайды.
Қалған шығындардың жиынтық мөлшері әр отбасы мүшесіне шаққандағы айлық кедейлік шегінен асып кетсе, комиссия көмек қажет емес деген қорытынды шығаруы мүмкін.
5. Жаңа несие немесе микрокредит алса
Өтініш берілгенге дейінгі тоқсанда ипотекалық қарыздан басқа банк несиелері мен микрокредиттердің сомасы отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық күнкөріс минимумының екі еселенген мөлшерінен асса, бұл да ескеріледі.
6. Банк салымының көлемі жоғары болса
Отбасының банк салымы 200 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асқан жағдайда да көмекке мұқтаждық бағаланады. Бірақ тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіндегі салымдар бұл өлшемге кірмейді.
Маңыздысы: аталған өлшемдердің біріне сәйкес келу АӘК-тен автоматты түрде бас тартылатынын білдірмейді. Учаскелік комиссия белгіленген талаптар негізінде көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады.
АӘК-тің қандай түрлері бар?
Қаулыда атаулы әлеуметтік көмектің екі түрі қарастырылған: шартсыз және шартты ақшалай көмек.
Шартсыз ақшалай көмек жұмыспен қамту шараларына қатысу мүмкіндігі шектеулі аз қамтылған азаматтарға беріледі. Олардың қатарына, атап айтқанда:
- зейнет жасындағы адамдар;
- I немесе II топтағы мүгедектігі бар азаматтар;
- уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімі екі айдан асуы мүмкін аурулары бар адамдар;
- еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасылар;
- отбасындағы жалғыз еңбекке қабілетті адам үш жасқа дейінгі балаға, мүгедектігі бар балаға немесе күтімді қажет ететін басқа адамға қарайтын отбасылар жатады.
Шартты ақшалай көмек жұмыспен қамту шараларына және қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына қатысу шартымен аз қамтылған еңбекке қабілетті азаматтар мен отбасыларға беріледі. Оны тағайындау үшін әлеуметтік келісімшарт жасалуы қажет.
Алайда жұмыспен қамту шараларына қатысу талабы азаматтардың бірқатар санатына міндетті емес. Олардың ішінде I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, белгілі бір аурулары бар азаматтар, кішкентай балалар мен күтімді қажет ететін туыстарына қарайтын адамдар, сондай-ақ тұрақты жұмысы бар азаматтар бар.
Жаңа қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда республикалық бюджеттен төленетін 36 түрлі мемлекеттік жәрдемақының 14 түрін тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі мен мұқтаждығы ескеріледі. Отбасылар А, В, С, D және Е санаттарына бөлінеді. А және В санатындағы отбасылар үшін осы төлемдердің кейбірін алу мүмкіндігі шектеледі, ал С, D және Е санатындағы отбасылардың төлем алу құқығы сақталады. Қалған 22 түрлі жәрдемақы бұрынғы тәртіппен тағайындала береді.
Отбасының әл-ауқатын бағалау кезінде тек табыс қана емес, мүлік, жұмыспен қамтылу, кредиттік жүктеме және отбасы құрамы да ескеріледі. Мәліметтер «Отбасының цифрлық картасы» арқылы талданып, отбасының санаты ай сайын қайта бағаланады.
BAQ.kz бұған дейін 2027 жылдан бастап кімнің жәрдемақысы өзгеріссіз қалатынын және бала тууы мен бала күтіміне байланысты төлемдерге жаңа талаптардың қалай қолданылатынын жазған болатын.
Ең оқылған:
- Қазақстанда биыл қыс қандай болады? Синоптиктер болжам жасады
- Каспий жағалауынан 170-тен астам бекіре балығының өлексесі табылды
- Қазақстанда ұсталған ресейлік рэпер Navai-ге қатысты іс тоқтатылды: Полиция тың мәліметті жариялады
- Президент Жолдауын қашан жариялайтынын жеткізді
- Астанада мешітке кіріп, ұрлық жасаған күдікті ұсталды