Зейнетақы қорындағы қаражат азайып кетті деуге негіз жоқ - БЖЗҚ

30 Сәуір 2020, 14:42
1712
Бөлісу:
Зейнетақы қорындағы қаражат азайып кетті деуге негіз жоқ - БЖЗҚ

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Зейнетақы қорындағы қаражат азайып кетеді деуге негіз жоқ. Өйткені мұнай бағасының түсуі, доллар курсының өсуіне қарамастан зейнетақы жинақтары тұрақты әрі оң инвестициялық әрекетке ие.

Бұл туралы "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, 2020 жылдың І-тоқсанында зейнетақы қорының инвестициялық табысы 662 млрд теңге болған. 

2020 жылдың 1 сәуірінде зейнетақы активтері 11,7 трлн теңгені құрап, 8 пайызға өсті. Жалпы 2013 жылдан бастап осы күнге дейін Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс  30% немесе 3,9 трлн теңгеден асты. Осылайша зейнетақы салымдарының үлесі тұрақты түрде өсіп келеді, ол жайында бұған дейін де бірнеше рет айтылды, - деді ол. 

Сонымен қатар, ол доллар курсы БЖЗҚ-ның инвестициялық табысына қалай әсер етті деген мәселеге тоқталып өтті. 

Қаржылық инструменттермен инвестицияланатын зейнетақы активтері бірнеше валютада сақталады. Мәселен үштен екісі теңгеде инвестицияланса, қалғандары шетелдік валютада, оның басым көпшілігі АҚШ долларымен. Наурыз кезінде доллар курсы нығайды, бұл шетелдік валютадағы активтерге оң әсер етіп, зейнетақы активтерінің үлесін наурыз айында 522 млрд теңгеге дейін өсіруге жағдай жасады. Сәуір айының бірінші жартысында керісінше теңге нығайды. Бұл аралықта инвестициялық табыстылық төмендеді. Алайда сәуірдің екінші жартысында таза табыс қайта өсті, қазіргі жағдай бойынша доллар курсы қайта төмендеді. Бұл шетелдік валютадағы инвестициялық табысқа әсер етеді, - дейді Жанат Құрманов.

Оның айтуынша, инвестициялық табыс мамыр айының басында оң көрсеткішке ие болып, 0,5 трлн теңгені құрайды. Сондықтан салымшылар наурыз бен сәуір айындағы валюта курсының құбылуына алаңдамаса болады. Оның үстіне зейнетақы активтері ұзақ мерзімге инвестицияланады.

Қазақстан Ұлттық банкі БЗЖҚ-ның активтерін сенімді басқарушы ретінде елімізде және шетелде әртүрлі валютаға, экономиканың түрлі секторларына, түрлі қаржы құралдарына инвестиция жасайды. Сондықтан бұл жинақтардың сақталуын және табыстылығын қамтамасыз етеді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы