- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Ресей мен Украина арасындағы келісім әлем нарығына қандай өзгеріс әкеледі?
Ресей мен Украина арасындағы келісім әлем нарығына қандай өзгеріс әкеледі?
Соғыстың дипломатиялық жолмен аяқталуы Ресей мен Украина экономикасын ғана емес, әлемдік экономикалық ахуалды да жақсартуы мүмкін.
Бүгiн 2026, 18:04
Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ресей президенті Владимир Путинге соғысты тоқтату жөнінде келіссөз бастау туралы хат жолдауы халықаралық қауымдастықтың назарын аударды. R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғановтың пікірінше, егер келіссөздер нақты нәтиже беріп, әскери қимылдар тоқтаса, бұл Ресей мен Украинаға ғана емес, бүкіл әлем экономикасына оң әсер етуі мүмкін.
Соғыстың аяқталуы Ресей мен Украина экономикасына қалай әсер етеді?
Экономист Арман Байғанов әскери іс-қимылдардың келіссөздер арқылы аяқталуы ең алдымен Ресей үшін тиімді болатынын айтады.
Оның пікірінше, егер соғыстың аяқталуы санкциялардың біртіндеп немесе толықтай алынуымен қатар жүрсе, Ресей экономикасы айтарлықтай жеңілдік сезінеді.
Әскери іс-қимылдар келіссөздер нәтижесінде тоқтаса, салдары оң болады. Бұл Ресей мен Украина үшін маңызды. Әсіресе Ресей үшін тиімді, егер соғыстың аяқталуы санкциялардың біртіндеп немесе толық алынуына алып келсе, - дейді сарапшы BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, соғысқа дейін Ресей мен Украина арасында тығыз сауда-экономикалық байланыс болған.
Соғыс басталғаннан кейін екі ел арасындағы сауда қатынастары іс жүзінде тоқтады. Бұған дейін олар экономикалық және логистикалық тұрғыдан бір-бірімен тығыз байланыста болды, - деді ол.
Экономистің мәліметінше, соғысқа дейін Ресей Украина үшін негізгі сауда серіктестерінің бірі болған. Украина Ресейге шамамен 5 млрд доллар көлемінде тауар экспорттаған. Ал Ресей Украинаға шамамен 7 млрд доллар көлемінде өнім жеткізген. Жалпы тауар айналымы 12 млрд долларға жуықтаған.
Қандай салалар қайта жанданады?
Арман Байғановтың айтуынша, бейбіт келісімге қол жеткізілсе, бұрынғы бірлескен жобалар қайта жандануы мүмкін.
Екі елдің ортақ технологиялық стандарттары болды. Құрылыс саласында ортақ жобалар жүзеге асырылды. Сондай-ақ бірыңғай энергетикалық жүйе, теміржол желілері және газ құбырлары екі мемлекетті байланыстырып тұрды, - дейді ол.
Сарапшының сөзінше, Украина аумағы арқылы Ресей газының Еуропаға тасымалдануы да қайта жандануы ықтимал.
Мұнай мен азық-түлік бағасы арзандауы мүмкін
Экономистің пікірінше, санкциялар жеңілдетілсе немесе алынса, бұл әлемдік нарықтарға тікелей әсер етеді.
Ресей - Сауд Арабиясымен қатар әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушылардың бірі. Сонымен қатар басқа да шикізат ресурстарының ірі жеткізушісі. Сондықтан санкциялардың алынуы мұнай бағасының төмендеуіне ықпал етуі мүмкін, - дейді Байғанов.
Оның айтуынша, мұнай бағасының арзандауы жаһандық инфляцияның төмендеуіне де әсер етеді.
Мұнай барлық салаларға ықпал етеді. Бағаның төмендеуі әлемдегі инфляция деңгейін де төмендетуі мүмкін, - деді сарапшы.
Сонымен қатар, Ресей мен Украина әлемдік азық-түлік нарығындағы маңызды ойыншылар саналады.
Ресей бидай мен астық экспортынан әлемде алдыңғы орындардың бірінде тұр. Украина да ауыл шаруашылығы өнімдерінің ірі экспорттаушысы. Сондықтан бұл бағыттағы тұрақтылық азық-түлік бағасының төмендеуіне ықпал етуі мүмкін, - деді ол.
Экономист мұның әсіресе кедей мемлекеттер үшін маңызды екенін атап өтті.
Көптеген кедей елде халық шығындарының жартысынан астамы азық-түлікке жұмсалады. Сондықтан азық-түлік бағасының арзандауы кедейлік деңгейін төмендетуге ықпал етеді, - деді ол.
Украина экономикасы қанша уақытта қалпына келуі мүмкін?
Арман Байғанов Украина экономикасын қалпына келтіру процесі халықаралық қолдауға тәуелді болатынын айтады.
Украинаны қалпына келтіруге мүдделі мемлекеттер мен компаниялар көп болады деп ойлаймын. Соғыстан кейін инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін орасан зор қаржы қажет, - деді сарапшы.
Ол Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропаны мысалға келтірді.
Соғыстан кейін АҚШ жүзеге асырған Маршалл жоспары Еуропаның тез қалпына келуіне мүмкіндік берді. Сауда несиелері мен инвестициялар экономиканың қайта жандануына жол ашты. Осындай қолдау болса, Украина экономикасы бірнеше жылдың ішінде елеулі өзгеріске ұшырауы мүмкін, - дейді Байғанов.
Санкциялар мен инвестициялар тағдыры не болады?
Сарапшы Ресей келіссөздер барысында санкцияларды алып тастауды негізгі талаптардың бірі ретінде қоюы мүмкін деп есептейді.
Соғыстың аяқталуы жаңа инвестицияларға жол ашады. Ресей үшін де бұл маңызды. Алайда соғыстан кейін батыстық инвесторлардың сенімі бірден қалпына келмейді. Сенімді қайта қалыптастыру үшін уақыт қажет, - деді ол.
Соған қарамастан, қазіргі жағдаймен салыстырғанда инвестициялық ахуалдың айтарлықтай жақсаратынын атап өтті.
Қазақстанға әсері
Арман Байғановтың пікірінше, соғыстың аяқталуы Қазақстан үшін әрі мүмкіндік, әрі тәуекел әкелуі мүмкін.
Қазақстан үшін артықшылықтары да, кемшіліктері де бар. Еуропалық одақ - Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Экспорттың едәуір бөлігі Еуропаға бағытталған, - деді ол.
Сарапшының айтуынша, Ресей арқылы өтетін логистикалық бағыттардың қалыпқа келуі тауар тасымалын арзандатып, инфляциялық қысымды азайтуы мүмкін. Алайда санкциялардың алынуы мұнай бағасының төмендеуіне әсер етуі мүмкін.
Қазақстан бюджетінің едәуір бөлігі мұнай кірістеріне тәуелді. Сондықтан шикізат бағасының төмендеуі белгілі бір тәуекелдер туғызады. Дегенмен шикізат бағасы саяси факторларға емес, нарықтық заңдарға сүйеніп қалыптасуы керек, - дейді экономист.
Зеленскийдің хаты нарықтарға қандай белгі беріп отыр?
Арман Байғанов Зеленскийдің бастамасын оң қадам деп бағалайды.
Бір тараптың президенті келіссөзге шақырып, алғашқы қадам жасап отыр. Соғыста түпкілікті жеңімпаз болмайды. Ұзаққа созылған қақтығыстан ең алдымен халық зардап шегеді, - деді ол.
Сарапшының пікірінше, бұл бастама болашақ келіссөздерге серпін беріп, әскери іс-қимылдардың тоқтауына негіз болуы мүмкін.
Қаржы нарықтары қаншалықты тез әрекет етеді?
Экономистің айтуынша, қаржы нарықтары тек мәлімдемелерге емес, нақты нәтижелерге сүйенеді.
Бұған дейін де келіссөздер бірнеше рет өтті, бірақ нақты нәтиже болмады. Сондықтан нарықтар барлық қадамды мұқият бағалайды, - деді ол.
Арман Байғановтың сөзінше, егер тараптар нақты келісімге келіп, соғыстың аяқталуы жөнінде сенімді белгілер пайда болса, халықаралық қаржы нарықтары мен инвесторлар бұл жаңалықты оң қабылдайды.
Санкциялар салдарынан шығынға ұшыраған компаниялар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашылады. Жалпы алғанда, келісімге қол жеткізілсе, әлем экономикасы ұтады, - деп түйіндеді сарапшы.
Ең оқылған:
Сымбат Сатыбалдина