Ғазиз Байтасов атындағы алғашқы медаль батырдың жұбайына табысталды

Президент тапсырмасымен тағайындалған медаль қызметтік міндетін атқару кезінде ерлік көрсеткен полиция қызметкерлеріне беріледі. Алғашқы медаль батырдың жары Гүлжамал Тәжиеваға табысталды.

 ҚР ІІМ 24 Қазан 2026, 15:22
24 Қазан 2026, 15:22
225
Фото: ҚР ІІМ

Ішкі істер министрлігінің ведомстволық «Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов» медалінің алғашқы данасы батырдың жары Гүлжамал Тәжиеваға құрмет пен алғыс белгісі ретінде табысталды. Бұл туралы ҚР ІІМ хабарлады.

Президенттің тапсырмасымен тағайындалған медаль қызметтік міндетін атқару кезінде батылдық пен ерлік көрсеткен ішкі істер органдарының қызметкерлеріне беріледі.

Полиция капитаны Ғазиз Байтасов өз өмірін құрбан етіп, бейбіт тұрғындарды қорғады. Ол ерекше батылдық, жанқиярлық және қызметтік борышына адалдық танытты. Оның ерлігі Қазақстан тарихында мәңгі сақталып, Отанға адал қызмет етудің үлгісі болып қала береді, – деп атап өтті ІІМ.

Ғазиз Әбдібекұлы Байтасов Жамбыл облысының Түймекент ауылында дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1992 жылы бастап, осы салада 20 жылға жуық еңбек еткен.

2011 жылғы 12 қарашада ол Тараз қаласында қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, көлік ұрлаған және күштік құрылымдардың бірнеше қызметкерін өлтірген террористі ұстау операциясына қатысты.

Ғазиз Байтасов өз өмірін қатерге тігіп, гранатаны денесімен жауып, адамдарды террористен қорғады. Батыр полицейдің артында жұбайы мен екі ұлы қалды.

Наверх