Зайытов құқық қорғау органдарына сауал жолдады

13 Наурыз 2024, 11:48
2392
Бөлісу:
Зайытов құқық қорғау органдарына сауал жолдады
Фото: BAQ.KZ -архив

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов өзекті мәселені көтеріп, құқық қорғау органдарынан "Әділетті Қазақстанды"қашан құратындарын сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Азамат Несіпбайұлы, біз осы заңның аясында 429-бапқа қатысты ұсыныс беріп отырмыз. 429-бапта өзіңіз білетіндей, “қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекемесінің қызметкеріне және оның жақындарына, сондай-ақ сотталған адамға қатысты күш қолдану қатерін төндіру немесе олардың денсаулығына немесе өміріне қол сұғу” дейді. Бұл қалай? Біз Қылмыстық кодекстің бір бабымен адамды соттап отырмыз, ал екінші бабымен қорғап отырмыз... Бұл неге жол ашып отыр? Мекеме әкімшілігімен келісімге барып алып, басқа сотталушыларға зорлық-зомбылық көрсетіп отырған фактілер жетерлік, - деді Зайытов.

Депутат “сондай-ақ сотталған адамға қатысты” деген жерін алып тастауды ұсынып отырғандарын айтты. Зайытов Әділет министрінен осы мәселе жайлы пікірін сұрады.

Екінші сұрағым бүгінгі заңға қатысты болмаса да, айтатын басқа жерім жоқ... Сондықтан айтуға мәжбүрмін. Ішкі істер министрлігі, Бас Прокуратура, Жоғарғы соттың өкілдеріне: Біздің Президенттің халыққа үміт берген бір сөзі “Әділетті Қазақстан” деген сөз еді. Қазір Қазақстанда кез келген адамды көшеден алып кете салып, қамай алатын ІІМ бар, оған жоқ жерден айып тағатын Прокуратура бар, оған шешім шығара салатын Сот бар. Осы орайда “Әділетті Қазақстан” орнатуды қашанға жоспарлап отырсыздар? – деп сұрады Ринат Зайытов меморган өкілдерінен.

Әділет министрі Азамат Есқараев мәселе орынды екенін айтып, оны жұмыс тобында мемлекеттік органдармен пысықтап, сұраққа қосымша жауап беретінін жеткізді.

“Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатқанын еске сала кетейік.

Өзгелердің жаңалығы