"Қарапайым заттар экономикасы" бойынша жобаларды несиелендіру көлемі ұлғайды - Мәдиев

3 Сәуір 2020, 11:34
1218
Бөлісу:
"Қарапайым заттар экономикасы" бойынша жобаларды несиелендіру көлемі ұлғайды - Мәдиев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің вице-министрі Жасұлан Мәдиев бүгінгі онлайн брифинг барысында  айтты.

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша жобаларды қаржыландыру үшін 1 трлн теңгеге дейінгі несиелендірудің жалпы көлемі 400 млрд теңгеге ұлғайды. Осы соманың 700 млрд теңгесі АӨК-нің өңдеу және өндіріс жұмыстарына, 300 млрд теңге өңдеу өнеркәсібі мен қызметтерге бағытталады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 100 млрд теңге көлеміндегі қаражат көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға бағытталатын болады. АӨК-де өндірісті және қайта өңдеуді несиелендірудің жаңа операторы ЕДБ-мен қатар, Аграрлық несие корпорациясы қосылады.

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында 5 млрд теңгеге дейінгі несиелер бойынша кепілдік мөлшері 30%-ды құрайды. Егер қаржыландыру қажеттілігі 3 млрд. теңгеден аспаса, кепілдік беру қарыз сомасының 50%-ын құрайды. Екінші деңгейлі банктерден қаржыландыру алу үшін құжаттар пакетін дайындауға "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры қолдау көрсетеді. "Даму" филиалдары барлық өңірде және ірі қалаларда жұмыс істейді,-деді Жасұлан Мәдиев.

Вице-министр сондай-ақ, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 1408 қысқа нөмірі бойынша бірыңғай Call-қолдау орталығы іске қосылғанын жеткізді. 

"Даму" тарапынан несиелерді субсидиялау онлайн режимде электрондық үкімет (E-gov) және Online Damu платформалары арқылы көрсетіледі. Әр аймақ бойынша менеджерлердің телефон нөмірлері Қордың ресми сайты мен әлеуметтік желілерінде қолжетімді,-деді вице-министр.

Жасұлан Мәдиев Мемлекет басшысының тапсырмасына орай қаржылық реттеушілерді қолдау шаралары қабылданғанын айтты.

Мәселен, Ұлттық банк төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен ШОБ-ті жеңілдікпен несиелендірудің жаңа бағдарламасын іске асыруға кірісті. Бұл мақсатқа 600 млрд теңге бөлінді. Несие айналым қаражатын толықтыру үшін 8% мөлшерлемемен 1 жылға беріледі. Қаржы нарығын реттеу мен дамыту жөніндегі агенттік шешімімен, банктер, микроқаржы ұйымдары және өзге де қаржы институттары кредиттер мен микрокредиттерге қатысты негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдердің мерзімін өткізіп алған жағдайда айыппұлдар мен өсімдерді есептемеуге, қаржылық жағдайы төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде нашарлаған ШОБ субъектілеріне күнтізбелік 90 күнге дейінгі мерзімге төлемдер бойынша мерзімін ұзартуға міндетті, - деді Жасұлан Мәдиев. 

Ол Үкімет пен қаржы реттеушілері ШОБ қолдау мақсатында бірлесіп қабылдаған шаралар кәсіпорындардың ағымдағы операциялық қызметін қолдауға және одан әрі экономикалық дамуына мүмкіндік беретінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы