Зарина Дияс Мадридтегі іріктеу сайысын сәтті бастады

27 Сәуір 2021, 17:46
1347
Бөлісу:
Зарина Дияс Мадридтегі іріктеу сайысын сәтті бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық Зарина Дияс Мадрид WTA турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлады ҚазАқпарат.


Әлемнің 89-ракеткасы Зарина Дияс дүниежүзілік рейтингте 100-орында тұрған италиялық Мартина Тревизанмен кездесті. Теннисшілердің екеуі де 27 жаста. 

М.Тревизан да осал  емес. Ол өткен жылы Ролан Гаррос турнирінде ширек финалға дейін жетті. 

Бірінші партияда екі брейк жасаған Зарина басымдылықты уысынан шығарған жоқ – 6:2. Қазақстандық теннисші екінші сетте де қос брейкпен алға кетті – 3:0. Бұдан кейін италиялық спортшы қайыра брейк жасап, есепті қысқарта алды – 2:3. Дегенмен Зарина матчқа доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4. Бәсеке 1 сағат 25 минутқа созылды. 

З.Дияс іріктеу сайыстарының финалында рейтингте 137-сатыдағы украиналық Катерина Козловамен шеберлік байқасады. Ол әлемнің 66-ракеткасы, эстониялық Кайя Канепиді 6:1, 6:4 есебімен жеңіп кетті. Зарина К.Козлованы ұтса, негізгі жарысқа жолдама алады. З.Дияс жуырда Ыстанбұл турнирінің алғашқы айналымында К.Канепиден 4:6, 4:6 есебімен жеңіліп қалған болатын.

Өзгелердің жаңалығы